Украинаның Курск облысының кейбір аймақтарына бақылау орнатуы, Газадағы мектепке шабуыл, Маймыл шешегінің өршуі: Әлемде не болып жатыр
Осы аптада Израиль Газа секторындағы мектепке соққы жасады. Салдарынан 100-ден аса адам қаза тапқан. Ал Зеленский Ресейдің Курск облысына басып кіргенін мойындады. Сонымен қатар Германия Ресеймен арадағы соғысқа дайын болуға шақырды. Оған қоса әлемді маймыл шешегі алаңдатып отыр. Stan.kz тілшісі әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады.
Коллаж: Stan.kz
Израиль Газа секторындағы мектепке соққы жасады: 100-ден аса адам қаза тапқан
Израиль әскері Газа секторындағы Аль-Табаин мектебіне соққы бергенін хабарлады. Олар мектеп ғимаратында палестиналық ХАМАС қозғалысының басқару орталығы орналасқан деп мәлімдеді.
Израиль әскерінің хабарлауынша, мектептегі ХАМАС басқару орталығында әскерилер мен Израиль мемлекетіне қарсы шабуылдар жоспарланған.
Фото: Associated Press
"Шабуылға дейін бейбіт тұрғындарға зиян келтіру қаупін азайту үшін көптеген шаралар қабылданды. Оқ-дәрілер, әуе бақылауы және барлау жасалды", – делінген ресми хабарламада.
Палестиналық WAFA агенттігінің хабарлауынша, шабуыл салдарынан 100 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.
ХАМАС өкілі шабуылдың мектептегі адамдар таң намазын оқып жатқан кезде орын алып, көптеген бейбіт тұрғынның қаза тапқанын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта 93-тен астам адам қаза болды, оның ішінде 11 бала мен алты әйел бар. Кейбір адамдардың денелерін анықтау мүмкін болмай жатыр", – деді Махмуд Бассал.
ХАМАС-тың бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі AP агенттігіне Израильдің соққысынан 60 адам қаза тауып, 47 адам жараланғанын хабарлады.
Еске салсақ, осыған дейін Израиль қорғаныс күштері Ливанға шабуыл жасаған еді. Бұл жолы осы елдің оңтүстігіндегі Жуая, Айтарун аймақтарындағы шиит қозғалысының әскери нысандарына шабуыл жасалды.
Зеленский Ресейдің Курск облысында басып кіргенін мойындады
Фото: Reuters
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Курск облысында “арнайы әскери операция" жүргізіп жатқанын мойындады. Зеленский Жоғарғы Бас қолбасшы штабының отырысын өткізгенін, онда Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийдің баяндамасын тыңдағанын айтты.
"Жоғарғы бас қолбасшы Александр Сырскийдің біздің майдандағы қорғаныс іс-қимылдары мен Курск облысындағы операция туралы баяндама жасады", – деді Украина президенті.
Сонымен қатар, Зеленский Украинаның ішкі істер министрі мен қауіпсіздік қызметіне "операция аумағына арналған гуманитарлық жоспар" дайындауды тапсырған.
12 тамыз күні Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров Франция қорғаныс министрлігінің басшысы Себастьян Лекорнумен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Ресей аумағына француз қаруымен шабуыл жасауға қойылған шектеу алып тастау мәселесі көтерілді.
Лекорну өз кезегінде X әлеуметтік желісінде Францияның Украинаға қолдау көрсетуі туралы мәселе талқыланғанын жазды. Бірақ Париждің Киевтің өтінішіне қандай жауап бергені нақтыланбады.
12 тамызда, Курск облысында ұрыс басталғаннан кейін бір апта өткен соң, Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский алғаш рет Украина Курск аймағына қарсы операция бастағанын мойындады. Оның айтуынша, операция барысында Украина қарулы күштері Ресейдің 1000 шаршы шақырымға жуық аумағын басып алған.
Украинаның DeepState зерттеу порталы қазіргі уақытта Украина қарулы күштері шамамен 800 шаршы метр аумақты бақылап отырғанын жазады.
Қазір Курск аймағындағы жағдай қандай?
Украин әскерлері Курск облысындағы жаңа елді мекендерге бақылау орнатуда. Американдық соғысты зерттеу институты ұрыс барған сайын шиеленісіп барады, екі жақ та резервтерді жасақтауда деген мәлімдеме жасады.
Украин әскерлері Курск облысының батысында - Слободка-Ивановка ауылының , Теткино, Гордеевка, Успеновка және Викторовка ауылдарына жаңа шабуылдар сериясын бастаған.
Слободка-Ивановка, Успеновка және Викторовка, ресейлік дереккөздер бойынша, Украина қарулы күштері басып алды, ал Снагост және Кремяное ауылдары ауданында ұрыс жүріп жатыр.
Ресейлік үгіт-насихатшы Семен Пегов Украина қарулы күштерінің Суджаның солтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызды Мартыновка ауылының ауданындағы шабуылдары туралы да хабарлайды.
"Жау шабуылдау әрекеттерін жалғастыруда. Украина қарулы күштері Мартыновка ауылында бақылау орнатуға тырысуда. Олар Рыльск бағытына қарай жылжып, Суджаның солтүстігіне қарай ұмтылуда”, – деді Семен Пегов.
Басқа майдандардағы жағдай қандай?
Басқа майдандарда Ресей армиясы шабуылдарын жалғастыруда. Дегенмен сарапшылар Ресей тарабының шабуыл қарқыны бәсеңдегенін алға тартады. Украиналық әскери бақылаушы Константин Машовец Ресейдің Пантелеймоновка мен Сухая Балкадағы ілгерілеуін өте баяу деп бағалады.
Оның мәліметінше, қазір Ресей қолбасшылығы Курск облысына қосалқы бағыттар – Харьков, Купянский, Херсон және, болжам бойынша, Запорожьеден әскерлер жіберіп жатыр.
Германия Ресеймен арадағы соғысқа дайын болуға шақырды
Фото: dw.com
Неміс әскери-теңіз күштерінің капитаны және Бундесвер "Гамбург" аймақтық қолбасшылығының қолбасшысы Майкл Гисс Германия билігі мен тұрғындарын Ресейдің ықтимал шабуылының алдын алу үшін соғысқа дайындалуға шақырды.
"Мен іштей қауіптің жақындағанын сеземін, бес жылдан кейін сырттан келетін шабуылға төтеп беруге мәжбүр болуымыз мүкін", – деді ол Welt am Sonntag басылымына берген сұхбатында.
Гисстің айтуынша, географиялық орналасуына байланысты Германия НАТО әскерлері тасымалданатын орынға айналуы мүмкін.
"Бұл саясат, экономика және қоғам үшін үлкен ортақ міндет. Мұның инфрақұрылымға да қатысы бар. Әсіресе Гамбург НАТО-ның функционалдығын қамтамасыз ету үшін пайдаланылуы мүмкін. Біз бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз. Алайда Гермения мен Еуропаға төніп тұрған қауіпті де ескеру қажет ", – деді әскери қызметкер.
Ол Ресейдің НАТО-ға қарсы гибридтік соғыс кезеңінің бір бөлігі ретінде бірнеше жылдан бері кибершабуылдар, жалған ақпарат және диверсиялар жасап келе жатқанын айтты.
Осы жылдың сәуір айында Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус 2029 жылға қарай Ресейден әскери шабуыл болуы мүмкін екенін, елді қорғанысқа дайындау қажеттігін айтқан еді. Атап айтқанда, министр қорғаныс бюджетін ұлғайту қажеттілігіне тоқталып, жалпыға бірдей мерзімді әскери қызметке ішінара қайта оралу түріндегі әскери реформа туралы айтқан.
Әлемде төтенше жағдай: Маймыл шешегі таралып жатыр
Фото: Reuters
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкадағы маймыл шешегін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады. 2022–2023 жылдары әлем бойынша маймылдың шешегі өршіген. Алайда індеттің қазіргі түрі әлдеқайда қауіпті.
Жаңа эпидемия Конго Демократиялық Республикасында басталған. Індет салдарынан 450 адам көз жұмды. Артынша індет орталық және шығыс Африкаға тарады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Адханом Гебрейюс биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдайлардың саны өткен жылдың барлық оқиғаларынан асып кеткенін мәлімдеді және ол ДДСҰ төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің ұсынысы бойынша індетті “қоғамдық эпидемия” деп атады.
"Бұл індетті тоқтату және адамдарды құтқару үшін бізге халықаралық қауымдастықтың ортақ жауабы қажет", – деді Гебрейюс.
Маймыл шешегі дегеніміз не?
Фото: Ашық дереккөз
Маймыл шешегі – өте жұқпалы вирустық ауру. Вирус тері арқылы, жыныстық қатынас кезінде және тыныс алу тамшылары арқылы беріледі.
Індеттің белгілері тұмауға ұқсас. Сонымен қатар адамның денесінде бөртпелер мен көпіршіктер шығады.
2022 жылдың мамыр айында бұл ауру Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америкаға, содан кейін бүкіл әлемге таралған. Салдарына 110 елде 87 мың адам індет жұқтырып, олардың ішінде 112 науқас көз жұмған.
Сонымен қатар, қазір Орталық Африка Республикасында, Бурунди, Кения, Руанда және басқа елдерде жұқтыру жағдайлары анықталды.