"Ерте тұр, шәй қой” деген талап жоқ": Түрік ауылына келін боп түскен қазақ қызы ол жақтағы өмірі туралы айтып берді
Желіде Түркияға келін болып түскен қазақ қызының видеолары көпшілікті таңдандыруда. 28 жастағы павлодарлық Батиха Шайхитдинова түріктердің Gökkiriş ауылының келіні атанған. Оқуын бітірген соң Түркияға табыс табамын деп кеткен ару түрікке тұрмысқа шығамын деп ойламағанын жасырмады. Екі ел арасын құдаластырған аруға ол жақта Гизем деген есім берілген екен. Гизем түрік ұлтына келін болудың қандай екенін, ауылдарының тыныс тіршілігін Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Фото Гиземнің жеке архивінен
Батиха Павлодар қаласындағы бизнес колледжді программист мамандығына бітірген. Ал Түркияға бару туралы бұл кездерде мүлде ойламаған екен.
“Колледж бітірген кезде мейрамханада әкімшілік қызметте жұмыс істеп жүрдім. Алайда демалыссыз жұмыстан қатты шаршайтынмын. Кейін желіден Түркияға маусымдық жұмысқа қонақ үйге қызметкерлер іздеп жатқаны туралы хабарландыруды көрдім. “Ұрлап әкете ме, қандай жер болады” деген түрлі қорқыныштар болғанын жасырмаймын. Сонда да жазылып көрдім. Кейін өзім секілді жұмысқа бармақ болған бір топ қазақстандықтарды көргенде көңілім орнына түсті. Бәрімен танысып араласып кеттік”, – деді Батиха.
“Енем “қазақ қызына ауыл ұнамай қалса не істейміз” деп қорыққан”
Батиха маусымдық жұмысқа Түркияның Анталия қаласына келген. Өмірілік жарын да осы қалада жолықтырған екен.
“Түркияға жұмысқа келгенде осында тұрмысқа шығамын деген ой мүлдем болған жоқ. Бар ойым жұмыс істесем, ақша тапсам, Түркияны көріп, қыдырсам деген болатын. Бір жағынан ата-анама көмектесейін дедім. Қазақша мен түрікше ұқсағандықтан үш айда тілді үйреніп алдым. Жұбайыммен осы жақта таныстым. Ол жұмыс бабымен, кейде достарымен демалуға келетін. Мені көріп, ұнатып артымнан қалмай қойды. Оның өзі Түркияның Айдын қаласының Gökkiriş ауылынан. 2021 жылы коронавирус кезінде Еминге тұрмысқа шықтым”, – деді ол.
Қазақ қызы бұл шешімге барарда қандайда бір қорқыныш сезімі болмағанын жеткізді. Айтуынша керісінше күйеу баланың ата-анасы қобалжыған екен.
“Неге екенін білмеймін, қорқыныш болмады. Алайда енем уайымдаған екен. Күйеуім ауылына келіп, қазақстандық қызға үйленемін дегенде ол: "байқа олардың қыздары біздікіндей емес. Ертең ауылымыз, дәстүріміз ұнамай қалса кетіп қалмасын" депті. Бірақ Емин бәрібір маған үйленетінін басып айтқандықтан олар менімен таныспақ болды”, -деп қосты ол.
@gizemkazakkiz #интерес#топчик#топ#рекомендации#рекомендацийтиктока#казахстан#алматы#асмр#павлолар#вайб#деревня#село ♬ оригинальный звук - gizemkazakkiz
Ата-анам "өзің білесің, тек қиналып қалма" деді...
Батиха таныстық сәтіндегі қызықтарымен де бөлісе кетті.
“Танысар кезде отырысқа ата-анасы ғана келеді деп ойлаған едім. Алайда сол күні әпке, ағалары, туыстары, балалры болып бір автобус адам келді. Мұнда ауылдарда әйелдердің бәрі кең шалбарлар киеді екен. Мен ондайды көрмеген, барлығы шұбырып кіріп келгенде сығандар ма деп ойлап қалдым. Танысқан кезімізде олардың арасында қайсысы ата-енем екенін сол күйі түсінбедім. Абысыным мен қайын сіңлім есімде қалыпты. Дегенмен олар мені жақсы қабылдап, ұнатыпты”, – деп есіне алды ару.
Бұл таныстықтан кейін Батиха түркиялық жігітін Қазақстандағы ата-анасымен таныстыру үшін Қазақстанға жол тартқан.
“Өз ата-анам тұрмысқа шығатынымды естігенде қарсы болған жоқ. "Өзің білесің, тек қиналып қалма" деді. Күйеуім де танысуға Қазақстанға келді. Солай ауылда кішігірім туыстарымыздың басын қосып, той жасадық. Ол кезде коронавирус басталып кеткендіктен құдлалық пен үлкен ұзату тойы болмады. Барлығын кішігірім өз арамызда атап өттік. Ата-анам Түркиядағы тойға карантинге байланысты келе алмады”, – деп қосты ол.
Батиха Түркияға келген соң оған бәрі Гизем деген ат қойыпты. Гизем бұл жақта да тойларының кішігірім аталып өткенін алға тартты.
“Түркиядағы есімім Гизем. Негізінде дәстүрлеріміздің сәл ұқсас тұстары бар. Оларда да қызға құда түседі. Алайда карантиндік шектеулер болғаннан кейін бізде құдалық болмады. Бір қызығы Түркияда той ұл жақта да, қыз жақта да бір уақытта өтеді. Тек мұнда біздегідей жас-жұбайлар бірге отырмайды. Яғни қыз да, жігіт те өз жағындағы тойда болады. Тек кешке ұл қыз жаққа келіп, би кеші жасалады. Мұнда той үш күн болады. Жұма, сенбі, жексенбіде. Бірінші күні қына жағу кеші. Ол кезде жігіт қыз жақта болады. Сенбі күні ақ көйлек пен костюм шалбар киіп қыз бен жігіт өз жақтарында той өткізіп, кешке би кешінде ұл қызға келеді. Үшінші күні күйеу жігіт қызды үйінен барабанмен әуенмен алып кетеді. Ал біздің тойымыз екі күн болды”, – деп есіне алды Гизем атанған ару.
@gizemkazakkiz Инста:gizem.kazashka
♬ оригинальный звук - gizemkazakkiz
“Ерте тұр шәй қой” деген талап жоқ...
Гизем түрік отбасына келін болу қандай екенін айтып берді. Сөзінше біздегідей келіндік қызметке бұл жақта аса қатал қарамайды екен.
“Ата-енем өте жақсы адамдар. Тіпті бірге тұрып бастағанымызда да қыздарындай қарады. Білмеймін неге екенін олардың жанында өзімді жат сезінген жоқпын. Бірден өзімнің ата-анам сияқты болып кетті. Тіпті ата-енемді ата-анама қатты ұқсатамын. Жат сезінбедім, жақсы қабылдады. Мен мұнда шынымен келін емес, қыздары сияқты сезінемін. Өзім ұйқым қанғанда сағат 10-11 де тұрамын. “Ерте тұр шәй қой” деген талап жоқ. Кейде енем таңертең тұрып бауырсақ пісірген кезде иісінен оянамын. Бірге шәй ішіп, кино қараймыз. Бәрін бірге жасаймыз, үй тірлігін істеуге енем көмектеседі. Сен келінсің істе деген мұнда жоқ. Көбінесе бәрін енемнің өзі жасап береді”, – деп қосты ол.
Гизем түрік отбасының тағы бір ерекше ұстанымын алға тартты. Айтуынша мұнда тіпті отбасындағы жалғыз ұл болса да, үйленгеннен соң ата-анасы міндетті түрде бөлек шығарады екен.
“Біз Айдын қаласында бөлек тұрамыз. Мұнда жас отбасы үйленгеннен кейін міндетті түрде бөлек шығады. Ата-енемен тұру деген жоқ. Тіпті кіші баласы болса да бөлек шығарады. Тек анасы немесе әкесі жалғыз болған, қиын жағдайларда ғана бірге тұрып қалуы мүмкін. Тіпті бір ауылда тұрса да бөлек шығарады. Ата-енесі күнде келіп көмектесуді сұраса ғана келіндері барып көмектесіп жатады. Мен ауылға барғанда демалысқа келгендей болып жүремін. Дегенмен барынша көмектесуге де тырысамын”, – деді Гизем.
@gizemkazakkiz Инста: turkeygizem #топ#интерес#рекомендации#тренд ♬ оригинальный звук - gizemkazakkiz
“Түрік ауылы шаруашылықпен айналысады. Зәйтүн теріп, май жасаймыз”
Батиханың Түркияда тұрғанына 5 жыл, келін болып түскеніне 3 жыл болған. Айтуынша тойдан кейін жұбайымен Анкарада бір жыл тұрған.
“Ол жақта таныс жоқ, өзімді жалғыз сезіндім. Жұбайыма ол қаламаса да сенің туыстарыңа жақын болайық дедім. Себебі іссапарлармен кеткен кезінде жалғыз болғым келмеді. Сөйтіп ауылға қарай жақындадық. Бұл жақтағы ауылдың өмірі өзіме де өте қызық болып көрінді. Сол себепті желіге бөлісіп көрейін деп салып жүретінмін. Бұл кішігірім аудиториямның қызығушылығын арттырды. Сөйтіп TikTok желісіне видеолар сала бастадым. Алғашында қаралым жиналмады. Кейін енеммен түсірген видеоларым кенет көптің көңілінен шыға бастады. Содан соң күнделікті түрік ауылының тіршілігімен бөлісетін болдым. Қазір жарнама арқылы табыс табамын”, – деді ол.
Келіншек түрік ауылының ерекшеліктерін де қоса кетті. Айтуынша мұндағы халық өте еңбекқор әрі бауырмал.
“Жалпы Түркия ауылдарының ерекшелігі мұнда жер құнарлы. Халық інжір, анар, зәйтүн тағы басқа да жеміс-жидектерді өсіреді. Сол шаруашылық арқылы табыс табады. Мәселен ауылдағы үйде біз жеміс-жидек, май өнімдерін дүкеннен сатып алмаймыз. Зәйтүнді жинап, зауытқа апарып май жастып аламыз. Бәрі табиғи. Мұнда адамдардың да бауырмалдығы мені таңғалдырды. Туысқандар бір-біріне күнде барып көрісіп тұрады. Өте тығыз байланыста. Қандай жағдайда да жиі жиналып тұрады. Ал бізде Қазақстанда қазір туысқандар арасы сәл ажырап кеткен сияқты. Себебі бізде туыстар бір-бірін тек той-томалақта көріп жатады ғой”, – деп қосты ол.
@gizemkazakkiz #рекомендации#топчик#тикток#топ#казахстан#алматы#астана#павлодар#интересное#интерес#деревня ♬ оригинальный звук - gizemkazakkiz
Гизем сонымен қатар Түркияда тойлардың, жиындардың аса шығынсыз қарапайым түрде өтетінін тілге тиек етті.
“Бізде той әрине керемет өтеді. Бірақ өте ысырап пен қарызға кіргізеді. Ал мұнда керісінше, той иелері той жасаса плюста қалады. Құдалар бір-біріне алтын беріп, қоржын әкелу деген артық шығын жоқ. Мұнда той таңнан кешке дейін жалғасады. Күндіз қонақтарға тамақ берілуі мүмкін. Алайда кешке мүлде тамақ болмайды. Тек би кеші өтеді.
Мұнда тек ата-енесі келін қанша алтын қаласа сонша алып береді. Келін мен күйеу бала қай жақта тұрамыз десе, күйеу бала жақ баспана алып береді. Кейін ол үйдің ішкі қажеттіліктерін жиһаздарды екі жақ теңдей бөліп алады”, – деп қосты ол.
Гизем елді сағынатынын да жасырмадй. Айтуынша бұл жақ жұбайына да ұнайды екен.
“Елімді сағынамын әрине! Жылына екі рет келіп тұрамын. Еминге Қазақстан ұнайды. Әсіресе біздің ет өнімдерінің ерекше дәмді екенін жиі айтады. Алайда достары, ортасының бәрі осында болған соң көшіп келу, тұру туралы әзірге жұбайымның ойы жоқ”, – деп қорытты ол.

"Омыртқасы сынып, мүгедек болып қалды": Қытайда жүк тасушы компания қазақстандықтың биіктен құлауына себепкер болған
