"Жақында түрмеден шыққан": Таразда ер адам әйеліне бензин шашып, өртеп жіберген (видео)
Таразда ер адам әйеліне жанар-жағармай шашып, өртеп жіберген. Қылмыс 30 шілдеде сағат 22:59 шамасында Дальняя Қарасу көшесінде орналасқан тұрғын алабында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті
Желіде тараған ақпаратқа сай, отбасылық жанжал кезінде ер адам 1980 жылы туған әйелге бензин шашып, өртеп жіберген. Әйелдің денесін күйік шалып, қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның 54 жастағы күйеуі іздестіріліп жатыр.
Көршілерінің айтуынша, ер адам бұрын сотты болып, түрмеден жақында шыққан. Оқиға кезінде үйде балалар да болған.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 30 шілде күні сағат 22:59-да Тараз қаласында Дальняя Қарасу сілемінде 100 шаршы метр аумақта өрт шықты.
"Өрт сөндіру қызметі жалынды сағат 23:32-де сөндірді. Өрт орнынан бір газ баллоны шығарылды. 1980 жылы туған әйел ауыр халде термиялық күйікпен жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Осы өртке қатысты жиналған құжаттар өрт сөндірушілер мекемесіне берілді. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды", – делінген хабарламада.