Мемлекеттік Дума Ресей заңнамасына бағынбайтын мигранттарды елден шығару туралы заң қабылдады
Мемлекеттік Дума көші-қон саясатына өзгерістер енгізіп, мигранттарды депортациялаудың жаңа режимін қолдайтын заң қабылдады. Аталған заң жобасы екінші және үшінші оқылымда қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі RBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: 9111.ru
Депутат Константин Затулин заң жобасын іске асыру шетел азаматтарын Ресей заңдарын қатаң сақтауға және “өз мәртебесін жалған заңдастыруға жол бермеуге” көмектесетінін айтты.
“Заңда Ресей заңнамасын орындағысы келмейтін шетелдік азаматтарды елден шығару көзделген. Мұның заңға қарсы емес екенін атап өткім келеді. Кейбірі мұны "иммиграцияға қарсы заңнама" деп атап жатыр. Бұл Ресейдегі тәртіпті қалпына келтіруге арналған заң", – деді депутат.
Депутат Михаил Матвеев те әріптесінің сөзін қолдады. Дегенмен заңның ішінде ескерілмеген кей дүниелер бар екенін айтты.
“Алайда заң "адамдар арасында ең үлкен наразылықты тудыратын" нәрселерді ескермеген. Атап айтқанда, орыстармен тұрмыстық қақтығыстарды болдырмау, қарттарға, әйелдерге, балаларға құрмет көрсету және қоғамдық орындарда балағат сөздер айтпау”, – деді депутат.
Матвеев бұл толықтыруларды екінші оқылымға түзетулер түрінде енгізді. Алайда комитет оларды қабылдамауды ұсынды.
Думаға екі заң жобасын сәуір айының соңында барлық бес фракцияның бір топ депутаты ұсынған еді. Заң жобасының біріншісі Ресейдегі шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың құқықтық жағдайына, екіншісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді қолдайды.
Заң жобалары мигранттарды елден шығарудың жаңа құқықтық режимін белгілейді. Ол Ресейде заңсыз жүрген шетелдіктерге және құқық бұзғандарға қолданылады. Оларға жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алуға, көлік жүргізуге, Ресей бойынша еркін жүруге, некеге тұруға және жаңа банк шоттарын ашуға тыйым салынуы мүмкін.
Екінші оқылымға міндетті төлемдерді төлеу үшін ақша аударымдарын қоспағанда, "басқа банк операцияларын жүзеге асыруға" да тыйым салатын түзету енгізілді.
Сонымен қатар, депортация режиміне жататын мигрант айына 30 мың рубльге дейін қолма-қол ақша ала алады.
Депортация режиміне жататындар туралы мәліметтер бақылаудағы адамдардың арнайы тізілімінде болады. Мигрант туралы ақпарат ресми сайтта жалпыға қолжетімді болады. Тізілімді Ішкі істер министрлігі жүргізеді. Мәліметтер тізілімге енгізілген күннен бастап шетелдіктер бұдан хабардар болады.
Заң жобасында мигранттың депортациялау режимінен шығу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін мигрант туралы мәліметтер тізілімнен шығарылуы керек. Бұл бірнеше жағдайда жүзеге асырылады:
- Ресейден кеткеннен кейін;
- елдегі құқықтық жағдайды реттеу;
- шығару режимін енгізуге негіз болған шешімнің күшін жою;
- шетелдіктің өлімі.
Екінші оқылымға тағы бір негіз қосылды – сот депортациялау режимін енгізуге негіз болған шешімді заңсыз деп таныды.
Шетелдік азамат Ресейден мерзімі өткен төлқұжатпен немесе "техникалық ақаулары" бар, бірақ тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін төлқұжатпен кете алады. Бұл норма да заң жобасының екінші оқылымына қосылды.
Сонымен қатар, заң жобасы Ресейден шығарылған шетелдіктерді 48 сағатқа дейін арнайы мекемеге орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл норма екінші оқылымдағы түзетулерде қамтылған. Мигрант арнайы мекемеге Федералдық қауіпсіздік қызметі директорының, Ішкі істер министрлігі бастығының, департаменттің аумақтық органдарының, шекаралық органдардың басшыларының және олардың орынбасарларының шешімімен кіре алады. Бұл ретте мигранттар сот шешімімен 90 күннен аспайтын мерзімге арнайы мекемеге орналастырылады.
Жаңа заң жобасына сәйкес, енді мигранттардың Ресейде уақытша болу мерзімі қысқартылады. Енді олар елде 90 күннен артық жүре алмайды. Заң жобаларының бірінші оқылымы 18 маусымда өтті.
Сәуір айыда Ішкі істер министрлігі Ресейдің көші-қон саясатына өзгерістер енгізетін заң жобасын ұсынды. Ішкі істер министрлігінің заң жобасы әлі Думаға түскен жоқ және толық форматта жария етілмеген.