"400 миллион теңге жұмсадым": Құмар ойынға салынып қолындағысының бәрінен айырылған қазақстандық оқиғасын бөлісті
Құмар ойындарына ұтыс тіккен адам неге өзін тоқтата алмай қалады? Мамандардың айтуынша бұл ауру дендегенде адам бәріне баруға дайын болады. Мәселен 33 жастағы атыраулық тұрғын Асқар Ізбасаровтың айтуынша, ойынға салынған кезде оны анасының ауырғаны, қарыздары мүлдем алаңдатпаған. Отбасына айтпай тіптен үйін сатып жіберген азамат 10 жылда ойынға шамамен 300-400 миллион теңгедей қаражат жұмсаған. Осы тұста Stan.kz тілшісі кейіпкердің оқиғасын тыңдап, психолог маманнан лудоманияны емдеу тәсілін сұрап білді.
Фото: Асқар Ізбасаров
Асқар букмерекерлік кеңсеге ақша тігуді 2013 жылы бастаған. Айтуынша басында жұмыстасының ойнайтынын көріп қызыққан.
“Өзім толыққанды отбасыдан шыққанмын. Қазір төрт балам бар. Басында досыммен бірге ойынға аз ғана ақша салып көріп жүрдім. Алайда кәдімгідей қосымша қаражат ұта бастадым. Ақша түскесін жақындарыма беріп, киім алып, керегіме жұмсадым. Бастапқы үш-төрт айда ұтыс шығып, бәрі жақсы болды. Содан кейін тәуелділік пен құрдымдар басталды. Көлікке жинаған ақшамды тігіп, несие алып бәрін салып жібердім”, – деді ол.
“Екі айдай отбасыма үйді сатқанымды айтпадым...”
Асқардың айтуынша басында қарыздары болмағандықтан несиені де қиындықсыз алған екен. Алайда кейін қарыздары өсе бастаған. Ол құмар ойындарына 10 жылда 300-400 миллион теңге қаражат жұмсаған.
“Менде “стоп” деген болмады. Ұтылып қалдым ба біреуден қарыз сұрап аламын. Ол ақшаны да салып жіберсем, екінші адамнан кейін тағы үшіншісінен… сонымен онға дейін кете береді. Бір жыл жарым уақыттан кейін жан-жақтан хабарласып қарыз сұраулар басталды. Тұтқаны көтермесем анама, әйеліме шығатын. Үйде айқай-шу басталып, берекеміз кетті. Алайда ата-анам маған сенді. Ешкім баласын жамандыққа қимайды ғой. “Қандай несие”, деп сұрайтын еді. Біршама уақыт айтпай жүрдім. “Біреуге алып бердім, шаруаларға қажет болды” деп алдадым. Қарыз қысқанда анам мен әйеліме несие алғыздым. Анама бизнес жоспарларым бар екенін айтып өтірік айттым. Ақшаны алып болған соң кейін кәсібімде жолым болмады дей салатынмын. Ол кезде “үйде не болып жатыр, кім жылап жатыр, анам ауырып жатыр ма”, маған бәрібір болды. Мен үшін маңыздысы ойын еді”, – деп қосты ол.
Асқар бұл кезде өзінің адам танымастай өзгергенін жасырмады. Ол адамдармен араласпай, тіпті отбасынан оқшауланып, ашуланшақ бола бастаған. 24/7 телефонға телмірген азамат тіпті ойынның жетегінде жүріп отбасына айтпай үйін сатқан екен.
“Барлығын ойланып жасаппын. Үйді үйленбеген інімнің атына жаздырғанмын. Сосын ешкім жоқ кезде баға беретін мамандарды алып келіп, құжаттарын жасатып, бәрін өзім ұйымдастырып, арзан бағаға сатып жібердім. Үйді сатқан ақшаға қарыздарымды төлеймін деп ойладым. Алайда кейін қарыздан құтылмастан, бәрін ойынға салып жібердім. Екі айдай уақыт отбасыма үйді сатқанымды айтпадым. Себебі сатып алған адаммен екі айдан кейін босатамын деп келіскен болатынмын. Ал ойымда оған дейін ұтып ақша табамын деген ниет болды. Сөйтіп уақыт өтіп, үйдің иесі келіп тағы шу басталды. Сол кезде отбасым бәрін түсінді”, – деп қосты ол.
Асқар осы жағдайдан кейін тіпті суицид жасағысы келгенін де жасырмады. Себебі бұл кезде жұбайының шаңырақтарының сатылып кеткенінен хабары болмаған.
“Үйге келмей таңда шығып кетіп өз-өзімді жазғырып, өкініп жүрдім. Кейін шешімге келдім де әйеліме барып, бар шындықты айттым. “Менімен бірге тұра алмайсың, бақытты бола алмайсың, жолың ашық. Осыған дейін шыдадың, рахмет саған. Бақытыңды тап, менімен болашақ жоқ”, дедім. Алайда әйелім жылап құшақтап тұрып, “Соңына дейін жаныңда боламын, мәселені бірге шешеміз, кетпеймін ешқайда”, деп соңғы нүктесін қойды.
Анам мен жұбайым емделу орталығын тауып, мені онда баруға әрең көндірді. Себебі ойынға салынғандарға өз-өзінің шын келбетін мойындау өте қиын. Мәселен қанша жерде артым былыққа батып жатса да, сол кезде мен өзімдікін дұрыс деп есептедім”, – деп қорытты Асқар.
Фото: freepik
“Ойын құмарларға көбіне ата-аналары жағдай жасап қояды”
“Uyat emes” психологиялық қолдау орталығының психолог, аддиктолог маманы Бекзат Байсафаровтың айтуынша лудоманияны әдет емес ауру деп санау керек.
“Құмар ойыны бұл тәуелділіктің бір түрі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауру деп тіркеген. Жай емес созылмалы, емі жоқ, өлімге апаратын, прогресивті ауру деп танылған. Себебі мұнда адам емделгеннен кейін қайтадан бастап қойса, өзін тоқтата алмай қалады. Бұл ауру психика мен мінез-құлықтың өзгеруінен туындайды. Мәселе ойында емес, мәселе сол ойынның кесірінен адамның өзгеруінде. Яғни ол өтірікші, жалқау, жеңіл жол іздейтін, тұрақтылық жоқ, жабық, тұйық, жауапкершілікгі жоқ, сөйлей алмайтын, тұлғаның психикасы толығымен өзгерген адамға айналады. Бұл дертті емдеу үшін үлкен кешенді шаралар қабылдануы шарт”, – деді маман.
Бекзат Байсафаров бұл дертке шалдығып, тығырыққа тірелгендерге мәселенің шешімі оңалту орталықтарына бару екенін алға тартты.
“Дүниежүзілік денсаулық ұйымы ең дұрыс деп таныған шешім – он екі қадамдық бағдарламамен танылған оңалту орталықтары. Орталық адамның бойынан жойлып кеткен қасиеттерді қайтып қалпына келтіреді. Жауапкершілікті қайтару, тұрақтылықты туындату, орындаушылықты, тәртіпті үйрету арқылы жаңа тұлға қалыптасады. Адамға осындай қасиеттер нақты қалыптасқан жағдайда оларда кері ойнап кету қаупі азаяды”, – деп қосты ол.
Маманның айтуынша құмар ойындарына тәуелді адамға тығырықтан шығу үшін ең бірінші арнайы орталықтарда оқшауланған жөн.
“Не үшін олар оңалту орталығында оқшаулау арқылы емделеді? Себебі біріншіден, егер олар оқшауланбаса көшеден түрлі жарнамаларды көру арқылы ойынға барады. Екіншіден қарыз алған адамдары қысқанда үрейден ақша табудың жолы ойын деп білуі мүмкін. Үшіншісі – ақша. Егер ойын құмардың қолында ақша болса, ол оны бірінші ойынға жұмсауды ойлайды. Ал оңалту орталықтарында осы үш нәрсе жоқ. Мұнда тәртіппен жүріп-тұрады. Телефон ұстау шектетілген”, – деді психолог.
Бекзат Байсафаров ойын құмарларға көбіне ата-аналары жағдай жасап қоятынын жеткізді. Яғни олардың жалқау болуын, ештеңден қиналмауын қамтамасыз етеді.
“Сол себептен орталықта ем арнайы тәртіппен жүргізіледі. Мұнда таңмен оянып, берілген тапсырмаларды орындап, қателік жасаса, қосымша тапсырмамен жазаланады. Одан кейін ішінде жиналып қалған дүниелердің бәрін айналасындағы өзі секілді адамдарға айтады. Кейін жеңілдеп босап қалған соң, сол орынды жақсы қасиеттермен толтыруға тырысамыз. Арт терапия, топтық психодинамика сияқты сабақтар өткізіледі”,- деп қосты ол.
Маман осы тұста елімізде лудоманияның алдын алу үшін мектептерде психологтардың жұмысын көбейту қажет екенін алға тартты. Айтуынша лудоманияның зияны туралы сабақтар өткізу керек. Сонымен қатар көшедегі жарнамалар жою бүгінде өте маңыздылыққа ие.
Еліміздің әр қаласында психикалық денсаулық оңалту орталықтарының емханалық бөлімдері жұмыс істейді. Әр орталықта аймаққа байланысты сенім телефондары бар. Қазақстандықтар хабарласып, өз шағымдарымен жүгініп, кеңес ала алады. Одан бөлек, ойынға тәуелділерге бірінші психологиялық, психотерапиялық көмек көрсетіледі. Одан бөлек, дәрігерлер мектептер мен жоғарғы оқу орындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ата-аналарға алдын алу шараларымен бөліседі.