Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арандатушылардың көбі бейресми марказдарда оқыған": ҚМДБ маманы шетелде діни білім алудың қаупі туралы айтты

Қазақстан тәуелсіздік алып, басқа мемлекеттермен мәдени, саяси, экономикалық ынтмақтастық орната бастағалы бері қазақстандықтар үшін шетелде діни білім алуға мүмкіндік пайда болды. Шетелдік діни оқу орындарын екіге бөліп қарастырған дұрыс. Бірінші – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде меморандумға отырған шетелдегі танымал жоғары оқу орындары. Атап айтқанда, Түркия, Араб Әмірлігі және Египет. Екіншілері– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы меморандумға отырмаған шетелдік діни оқу орындар. Яғни, теріс діни идеологияны насихаттайтын, сенімсіз, күмәнді білім ордалары болуы мүмкін. Отандастарымыздың шетелде діни білім алу мен оның салдары туралы Stan.kz тілшісіне ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов оңалту орталығының маманы Ислам Маратұлы айтып берді.

Фото: pixabay.com/Египеттегі Әл-Азһар университеті

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен әзірленген “Дін мен дақпырт” деректі фильмінде еліміздің дін өкілдері қазақстандық жастардың шетелде шариғи білім алуының қаншалықты қауіпті екенен айтты. Олар жастарды албырттықпен шетел аспай, діни білімнің негізі Қазақстанда қаланғанын баса айтып отырады.

Ақ параққа қалай жазсаңыз ол солай сіңіп қалады. Сол себепті жастар шетелде оқығысы келсе, әуелі еліміздзе білім алуы керек. Бұған қоса біздің елімізде араб тілінен, хадис ілімдерінен, фиқһ ілімдерінен, лұғат тілінен, қай пәнді алсаңыз да соның белгілі магистрлік, тіпті академиялық деңгейге жеткен ғалымдар жеткілікті. “Нұр-Мүбарак” университетінің өзіне әлем мойындаған ғалымдар сабақ береді. Егер біздің деңгейіміз оған жетпегенде ол ғалымдар бізге жоламас та еді. Сондықтан жастарымыз еліктегенді қойып, “арғы жақтан оқып келдім дегенде жолдың бәрі ашылады” деген қате түсінік қалыптастырмау керек”, – дейді Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы.

Жастарды шариғи білім алу үшін шетелге жібермес бұрын оның жат елдің білімін ғана емес, тұрмысы мен болмысын да сіңіруі мүмкін екенін ескеру қажет. Әлі оң-солын танымай жатып, діни білім аламын деп алыс елге аттанып кетіп жатқан жастар аз емес. Әлі қалыптаса қоймаған олар шетелде жүріп айтылған ақпараттарды сүзгісіз сіңіріп алады. Сөйтіп ұлты қазақ болғанымен, түсінігі мен санасы қазақылықтан ада біреу болып шығады. Тамырынан ажырап кеткен оның сол алған ілім-білімімен елге қайтып, мұндағы қоғаммен қабыспай, түрлі қайшылықтарға тап болады.

Хасан Аманқұлов Қазақстанда әр ұлттың өз тілін, өз днін үйренуге жағдай жасалған. Сол себепті ол Алматыда ислам дінін үйренемін деушілер, исламтану, теология, дінтану мамандығы бойынша университеттерде оқып, білім алуға болатынын айтады. Сондай-ақ ҚМДБ-ға қарасты 9 медресе жұмыс істейді. Бұл медресені бітіргендер мемлекеттік үлгіде диплом алып, елімізде дін саласында қызмет ете алады. Мешіттерде сауат ашу курстары жұмыс істейді. Мешітке келетін адамдар діни сауат аша алады. Құран, намаз оқып үйренеді. Бірақ соған қарамастан кей азаматтар шетелге барып тіл үйренгісі келеді немесе сол жақтағы ислам діні бағыты бойынша оқу орындарына түсіп, білім алғысы келетіндер де жоқ емес.

““Дінді өз еліңде үйрену мен шетеледе діни білім алудың айырмашылығы бар. Егер қазақстандық азамат діни сауатын өз елінде ашып, осында білім алатын болса ол талапкерге өзіміздің тілге, салт-дәстүрге сәйкес ислам дінін түсіндіреді. Жақындары, туған туыстарымен байланысын үзбейді. Қазақстанда олардың жат ағымның жетегінде кетуіне еқшандай қауіп жоқ. Өйткені елімізде ұстаздарымыз, діни білімі бар мамандар көп. Барлық мешіттер ҚМДБ-на қарайды. Мешіттердегі дәрістер де, уағыздар да бір жүйеде, Ханафи мазхабымен, өз салт-дәстүрімізге сәйкес жүргізіледі. Сол себепті өз елімізде оқығанға жетпейді. Отандық мешіт медреселерде оқыған азамат осы елге, халыққа, қоғамға бейімделіп кетеді”, – дейді ҚМДБ өкілі.

“Отандасымыз шетелге оқуға түскен жағдайда оған шетелдік мамандар сабақ береді. Бір Ханафи мазхабы бойынша оқытса да, олардың кейбір ұстанымдары, әдет-ғұрпы біздікіне сәйкес келмеуі мүмкін. Әр елдің діни басқармалары бар. Онда әр мәселе бойынша пәтуә әр түрлі қабылданады. Өйткені пәтуә жергілікті елдің, жердің, халықтың менталитетіне, ұстанымына, дәстүріне сәйкес шешілуі мүмкін. Осы мәселелерде шетелде оқып келген азаматтардың ойында сонда айтылған дүниелер ұстаным ретінде қалыптасып кетеді. Білім алып, елге келгеннен кейін мұндағылармен түсініспеушілік, талас-тартысқа осы мәселе себеп болады”, – дейді Хасан Аманқұлов.

Көп қазақ жастары шетелдегі араб тілін оқытатын күмәнді, белгісіз орталықтарда оқып, деструктивті сипаттағы ағымның шырмауында қалатын көрінді.

“Оқудан бөлек, шетелде тұрғаннан кейін көшеге шығады, жергілікті халықпен араласады. Ол жерде түрлі теріс ағым идеологиясына кіріптар болып қалу қаупі жоғары. Әсіресе, діни ұстанымы, ақидасы қалыптаспаған, тәжірибесі жоқ жастардың шетелде оқуы қауіпті”, – дейді ҚМДБ өкілі.

Хасан Аманқұлов ұстанымы бекем, дін мен дәстүрді білетін, тәжірибесі бар, білікті, азаматтарды ғана білімін оқуын жетілдіру үшін шетелде діни білім алуға жіберу керек деп санайды.

Оның айтуынша, Қазақстанда араб тілін де, діни білімді де оқып, үйренуге толық мүмкіндік бар. Елімізде араб тілін жетік меңгерген, ойын еркін жеткізе алатын білімді азаматтарымыз жетерлік. Олар шетелде оқымаған. Қазақстанда жүріп осындай деңгейге жеткен.

Бұл жөнінде "Нұр-Мүбарак" Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрмабаев тіл үйренемін деген жастарға елімізде де жағдай жасалғанын айтады. Ол үшін шетел асудың қажеті жоқ деген пікірде.

“Университетте кітапхана бар, тілдік тәжірибе керек десе 20-ның үстінде араб жүр. Бұл да жетпей жатса, әлеуметтік желіде, қосымшалар, бағдарламалар арқылы арабтармен онлайн тілдесуге болады. Бізде арнайы тіл үйрететін лингофонный смарт-сыныптар бар. Одан кейін араб тілін жетік меңгерген отандық ұстаздарымыз бар. Оларда да үйренуге мүмкіндік көп. 
1,2 курс студенттеріне араб тілінің тегін кешкі курстарын ашып қойдық. Бұл шетелде оқуға болмайды деген сөз емес. Барсын, оқысын. Тек Қазақстанда да сондай ғылыми, діни білім ордасы барын және мамандардың жеткілікті екенін түсінсе дейміз. Одан бөлек артықшылығымыз, мемлекеттен қолдау ретінде грант бөлінеді. Қаншама студент қазір тілді, дінді мемлекеттің қаржысына оқып жатыр”, – дейді Қайрат Құрманбаев.

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы Ислам Маратұлы кез-келген діни білімнің адам баласының құндылықтар жүйесіне, болмысына қатысты әсері болатынын айтады. Оның сөзінше, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары шет елдерге, соның ішінде араб мемлекеттерінде бейресми оқу орындарында діни білім алған адамдардың танымына қарасаңыз, олардың әлі күнге дейін дінді ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізудің байыбына бара алмайтынын, дін мен шариғат, конституция мен шариғат, зайырлылық пен дін, діни тәжірибе мен діни сана арасын танымайтынын байқауға болады.

“Олар өзімен ғана шектеліп қана қоймай, ең дұрыс жол осы деп, өзге азаматтарды да шатастырады. Сирия және өзге де қақтығыс болып жатқан аймақтарға баруға үгіттеген арандатушылар басым бөлігі шетелде жоғарыда айтып өткендей, бейресми "хұжралар" мен "марказдарда" діни білім алған. Шет елдерге дін үйренемін деген мақсатпен кетіп, жергілікті халықтың діни танымын ғана емес, тәжірибесін, тіпті діни санасын өз бойына сіңіріп жатқандар бар”, – дейді Ислам Маратұлы шетелде шариғи білім алудың қаупін ескертіп.

Талқылау