Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оңалту шаралары тегін": Маман елімізде құмар ойынға тәуелділікпен күрес шаралары туралы айтты

2023 жылғы дерек бойынша елімізде әрбір бесінші адам құмар ойындарға тәуелді екен. Соңғы жылдары Қазақстанда лудомания мәселесі ушығып барады. Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығы директоры Сапар Рахменшеев Қазақстанда құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқанын және лудомандар қайда жүгіне алатынын айтып берді.

Фото: IStock

Сапар Рахменшеевтің айтуынша, Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының 37656 сенім телефоны бар. Онда құмар ойынға тәуелділігі бар немесе жақындарынан тәуелділікті байқаған адамдар сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес ала алады. Сөзінше, сенім телефонына жүгінетіндер саны жылдан жылға көбейіп жатыр. 

Ал құмар ойынға тәуелділік немесе лудомания диагнозын мамандар қояды. Патологиялық құмар ойынға тәуелді диагнозын қою үшін кем дегенде 12 ай адам бойынша ауытқушылық яғни тәуелділік байқалуы керек. Лудомания асқынған кезде адам ашушаң бола бастайды, үйден жиі қашып, қонбайтын әдет шығарады. Одан бөлек ұйқысы мен тәбеті бұзылады. 

"Егер науқаста шынымен де зиянды әдеттер қалыптасып, оның ішінде құмар ойындарға патологиялық құштарлығы байқаса, онда ол адамды динамикалық бақылауға алу денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығымен бекітілген психикалық, мінез-құлық ауытқуы бар адамдарға бақылау жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады", – деп мәлімдеді маман.

Cарапшының пікірінше, лудоманияға қарсы күресу үшін еліміздің барлық аймағында оңалту орталықтары бар. Онда әр адамның жағдайына байланысты жеке емдеу жоспары жасалады. Еліміздің орталықтарында лудомандарды емдеу протоколы бар. Олардың тәуелділік деңгейіне байланысты белгілі бір стандарттар қолданылады екен.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекске сәйкес психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар адамдарға тегін көмек көрсетіледі. Құмар ойындарға тәуелділерге арналған 17 облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында облыстық психикалық денсаулық орталықтары бар. Олар стационарлық деңгейде де, амбулаториялық деңгейде де жұмыс істейді. Ал  медициналық әлеуметтік оңалту аясында Павлодар қаласында Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бар", – деді Рахменшеев. 

Емдеу ақысыз негізде 2 айдан 12 айға дейінгі мерзімде жүзеге асырылады. Ал одан кейін ақылы жүруі мүмкін.

Сапар Рахменшеевтің тәжірибесі бойынша лудомандар өзінің тәуелді екенін немесе лудоман екенін мойындамайды.

"Құмар ойындарға тәуелді адамдар өз өмірлерін бақылауды жоғалтудан қорқады және оны мойындағысы келмейді. Себебі олар өз проблемалармен бетпе-бет келу қорқыныш тудырады. Сол үшін өз еріктерімен оңалту шараларына жүгінбейді. Ал өз жақынының лудоман екенін сезген жан оны мамандармен жүздестіргені абзал. Сол жерде психолог, психотерапевттер оны емге көндіреді, оның көмекке мұқтаж екенін ұғындырады", – деді ол.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 176-бабына сәйкес психикалық және мінез-құлық ауытқуы, тәуелділігі бар тұлғаларды оның ырқынан тыс, келісімінсіз мәжбүрлі түрде емдеуге болады. Психиатрлар комиссиясы адамның жағдайы қауырт екенін байқаған сәтте оны мәжбүрлеп ауруханаға жатқыза алады. 

2024 жылдың наурызында адамдар құмар ойынға бәс тігуге өз-өзіне тыйым сала алатыны айтылды. Енді Қазақстан азаматтары, тіпті Қазақстанда жүрген шетелдіктер 6 айдан 12 айға дейін бәс тігуге қатысуды ерікті түрде шектеу туралы өтінішті eGov мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Өтінім электронды қолтаңбамен өтінімге қол қою арқылы онлайн режимінде беріледі. Әр тыйымды қайтадан алып тастай алмайды. Бүгінде бұл шараны 75 мың адам жасаған.

Алматы психикалық денсаулық орталығы директоры жарнамаға тыйым салу шарасының маңыздылығын да атап өтті.

“Жарнамаға тосқауыл қойылғаны өте дұрыс. Өйткені оңалту шарасынан кейін де оған қолдау қажет. Құмар ойындар есіне түспеуі керек. Ол желіде түрлі видео көріп, назарын аударғысы келіп, өз ойымен күресіп жүрген сәтте мұндай жарнамалар қайтадан оны еліктіріп, құмарлығын ашуы мүмкін”, – деді Рахменшеев.

Ойын бизнесі туралы заң енді букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, видео және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салады.

Оқу-ағарту министрлігі кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына алты ай сайын құмар ойынға тәуелділік салдары туралы сабақтар мен курстар өткізіп, жылына бір рет оқушылар арасында құмар ойынға тәуелділік белгілеріне диагностика жүргізуге міндетті болады. Ата-ананың рұқсатымен бала сынақ тапсырады.  

Сондай-ақ тамыздан бастап құмар ойынға бәсті тек 25 жастан бастап тігуге болады. Әрі құмар ойындарға шектеуді 10 жылға дейін ұлғайту қарастыралы екен. Сонымен қатар байланыс операторлары арқылы букмекерлік кеңселер мен лотереялар үшін жарнаманы SMS арқылы жіберуге тыйым салу енгізіледі.

Сарапшының пайымынша, қазаннан бастап құмар ойындарға тәуелділер үшін жыл сайын 5 анонимдік клуб ашылады. Ол мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асады.

Күзде денсаулық сақтау министрлігі мен туризм министрлігі бірлесіп, лудомандарға психологиялық көмек көрсету үшін республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының 111 байланыс орталығын қолжетімді етеді.

Ал желтоқсанда мәдениет министрлігі YouTube, Facebook, Instagram, TikTok-та онлайн-казино жарнамасының таралуына жол бермеу туралы келіссөздер жүргізуге міндетті. 

“Бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қадамдар. Біріншіден, жарнаманы алып тастау шаралары болса, екіншіден, жақындардың қолдауы керек. Ата-ана баламен тығыз жұмыс істегені жөн. Әрі оның лудоман екенін бетіне басып, кінәлау беру мәнсіз. Қазір Алматыда әрбір емханада жастар орталығы бар. Негізінен жастар психикалық денсаулық орталығына келуге қорқады, ұялады, ал мұндай орталыққа келуге қымсынбауы мүмкін”, – деді маман.

Талқылау