Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Казиноға кіруге, бәс тігуге тыйым салынады": Қазақстанда шенеуніктердің құмар ойынына қарсы қандай шаралар жүргізіледі

Елімізде мемлекеттік қызметкерлер жыл сайын құмар ойнындарына миллиардтаған қаражат тігіп, айырылып қалады. Статистика бұлыңғыр болғанымен осы қатердің алдын алу үшін қоғам белсенділері, халықпен бірлесіп петиция да ұйымдастырды. Енді түзетілген заң бойынша шенділерге казиноға кіріп, бәс тігуге тыйым салынады. Олар ережені бұзған жағдайда қызметтен босатылады. Лауазымды тұлғалардың құмар ойнына баруының алдын алатын тағы қандай шаралар жүргізіліп жатқанын Stan.kz тілшісі мамандардан сұрап білді. 

Фото pixabay

Елімізде әр азамат мемлекеттік қызметке тұрарда әдеп кодексімен танысып, оны сақтауға міндеттеледі. Мұнда лауазымдағы тұлғаларға әділдік, ашықтық, пен адалдық талап етілген. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Ниет Арыстанбековтың айтуынша егер мемлекеттік қызметкерлер құмар ойнына барса, осы кодексті бұзады. 

“Әдеп кодексі, қызметтік міндеттерін орындаудан бөлек, түрлі казино ойын мекемесіне бармау туралы стандартпен де толықтырылған. Сол себепті мемлекеттік қызметкерлер мұндай жерлерге барса, әдеп стандарттарын бұзғаны болып саналады. Сәйкесінше, егер лауазымды тұлғаның мұндай әрекеттері анықталса, ол тәртіптік жауапқа тартылады”, – деп қосты маман. 

АҚШ-та, Португалияда, Бельгияда, Сингапурде мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарына араласуына тыйым салынған. Деректерге сүйенсек, тіпті кей елдерде лауазымды тұлғалардың арнайы базасы жинақталып, олардың тізімін казиноларға беріп, кіруге шектейді екен. Ал кей мемлекеттерде қызметтегі адамдар казиноға өзінің табысы туралы құжатты көрсетіп қана өте алады. 

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер арасында құмар ойынының алдын алу шаралары қандай

Ниет Арыстанбековтың айтуынша бүгінде елімізде лауазымдағы тұлғаларға құмар ойындарының алдын алу бойынша түрлі шаралар өткізілуде. 

“Алдын алу жұмысы кешенді жоспарымыздың аясында жүргізіледі. Бұл ретте, мемлекеттік қызметкерлердің арасында дәрістер мен құқықтық оқытулар өткізіледі. Ойын мекемелеріне барып, құмар ойындарға қатысумен байланысты бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру  жұмыстары болады. Мұнымен қатар, мемлекеттік органдардың тиісті жоспарлары да қызметтік әдепті бұзудың профилактикасына бағдарланған түрлі сипаттағы шараларды, оның ішінде құмар ойындарына тәуелділіктің алдын алу жұмыстарын қамтиды”, – деді Ниет Арыстанбеков. 

Маманың айтуынша бүгінде елімізде шенеуніктердің құмар ойнына бармауын әр министрліктегі уәкілдер қадағалайды. Олар өз ведомстволарында алдын алу шараларына байланысты жылдық жоспар құрады. Сол арқылы қол астындағы қызметкерлермен тікелей жұмыс істейді. 

“Бұл мәселе әр министрлікте өз талаптары бойынша қаралады. Яғни уәкілдер сол талапқа сай шектеулер мен ережелерді баршаға түсіндіреді. Алайда қазір жолданған петицияға байланысты заңда да қосымша түзетулер енгізілмек”, – деп қосты ол. 

Осыған дейін еліміздің түрлі аймағында мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойнына қомақты қаражат салғаны туралы түрлі ақпарат тараған болатын. Мәселен Алматы облысының прокуратурасы 2022 жылы тексеру жасады. Сол кезде 300-ге жуық мемлекеттік және әскери қызметкер казинода 507 миллион теңгеден айырылғаны анықталған. Алайда елімізде лудомания туралы қазіргі статистика әлі күнге дейін бұлыңғыр. Мәжілісмендердің мәліметінше, елімізде 350 мыңға жуық адам құмар ойындарға тәуелді. Сол себепті бұл сауал депуттарттар мен халық арасында көтеріліп, көпшілік петиция жариялады. Ол 50 мың қол жинап, талқылауға жіберілді. 

“Лудомания мәселесі қазір баршамызды алаңдатып отыр. Себебі бұл ел мен қоғам қауіпсіздігіне әсер етеді. Осыған байланысты мемлекет басшысы да қауіпсіздік кеңесінің отырысында бұл мәселені шешуді тапсырды. Жақында ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік бақылауды қатаңдататын заңға түзетулер енгізілді. 

Енді бұл түзетулер бойынша әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне казиноға баруға бәс тігуге тыйым салынады. Заң бұзылған жағдайда қызметкер жұмыстан шығарылады”, деді Туризм индустриясы комитеті Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік қызметтер басқармасының бас сарапшысы Мақсат Шуанов. 

50 мың қол жинаған петиция қалай қаралды?

Петициядан кейін талқыланған заң жобасын Спорт және туризм министрлігі жариялады. Министрлік 50 мың қол мен 2 мыңнан аса пікірдің қаралып, талданғанын жеткізді. Бұл пікірлерде көпшілік петицияны қолдап, шенеуніктер, әскери қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың құмар ойынына баруына қарсылық танытқан. 

Осылайша заң тармақтарының мына бөліктеріне:

  • "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы";
  • "Құқық қорғау қызметі туралы";
  • "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" заңдардың тармақтары қаралып, өзгеріс енгізілді.

Бұл заң бойынша тыйымдар тек мемлекеттік лауазымды тұлғаларға ғана қолданылады. Мұнда шенеуніктерде не құмар ойындарына салынып, қызметтен кету немесе халыққа адал болу таңдауы тұрғаны айтылған. Түйінге келгенде енді елімізде шенді адамдар казиноға барып, ақша тіксе жұмыс орнынан болсатылады. 

Петициядағы деректерге сүйенсек, елімізде 350 мыңға жуық адам түрлі ойындар мен казинода бәс тіккен. 2023 жылдың қорытындысы бойынша заңды букмекерлік нарық көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткен. Бейресми деректерде мыңдаған азаматтардың жеке ақылы түрдегі орталықтарда жасырын түрде ем алып жатқаны айтылады. 

Мамандар лудоманиямен ауыратын қарапайым азаматтар қарызға кіріп, дүние-мүлкін сатып, отбасынан айырылып жатса, мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарына баруы екі есе қауіпті екенін айтады. Себебі олар осы арқылы жемқорлыққа барып, ел алдындағы мінндетін жасамай, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан петициядан кейінгі енгізілген жаңа заң қолданысқа еніп, тыйымдар күшеймек.

Еске салсақ, сенат депутаттары елдегі ойынға тәуелділікпен күрес, лотерея қызметіне қатысты заңды мақұлдаған еді

Талқылау