Ойынға бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі – Заңгер құмар ойынға қатысты жаңа заңның маңызын түсіндірді
Биыл 29 наурызда парламент мәжілісі жанындағы қоғамдық палатаның отырысында депутаттар мен сарапшылар ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді талқылаған еді. Мәжіліс депутаты, заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелеріне қатысты заң жобасын түсіндірді. Сондай-ақ заңгер Альбина Бахтиярқызы Stan.kz тілшісіне құмар ойынға қатысты заңды бұзған жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға қандай жаза қолданылатынын айтты.
Фото: pixabay.com
Мәжіліс депутаттары "Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенат қарауына жіберді. Депутат Елнұр Бейсенбаев құмар ойынның қоғамға келтіретін зардаптары туралы айтты. Халық қалаулысы елімізде ерлі-зайыптылардың 40%-ы құмар ойынның кесірінен ажырасатынын айтып, статистика келтірді.
“Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға тәуелді адамдар. Мысалы, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Бұрын сарбаздар арасында әлімжеттік бар болғанымен, суицид өте сирек кездесетін. Қазір әлімжеттік азайғанымен, сарбаздардың өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, осындай жантүршігерлік қадамға барып жатыр. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен”, – дейді Елнұр Бейсенбаев.
“Құмар ойынды жарнамалауға мүлдем тыйым салынады”
Депутат құмар ойынды ауыздықтау үшін қабылданған заң жобасының жан-жақты қамтылғанын алға тартты.
“Біріншіден, заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде жарнамаға толық тыйым салынады. Екіншіден, ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады”, – дейді мәжіліс депутаты.
“Шектеулерге қарсы шыққан адамдар әкімшілік жауапқа тартылады”
ҚМА мәліметтері бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар үнемі құмар ойындар ойнайды екен. Осыған байланысты өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу құқығы шектеледі. Яғни, борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар 25 жасқа дейінгі жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.
“Заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады. Ойынға бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Белгіленген жасқа жетпей ойынға бәс тіккен тұлғаларға әкішмілік құқықбұзушылықтар жөніндегі кодекске сәйкес 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заңды тұлғалардың 25 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге жібергені үшін және орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдарға әкімшілік жауаптылығы белгіленеді. Бұл ретте, бір жыл ішінде қайталанатын болса, бұл заң бұзушылық лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соғады. Балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады”, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізуге және банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу.
Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.
“Бұрынғы заң құмар ойынға қарсы күресудің құқықтық тетігі бола алмады”
Заңгер Альбина Бахтиярқызы құмар ойынға қатысты жаңа заңның артықшылықтары туралы айтты.
“Елімізде құмар ойынға қарсы заң 2007 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Алайда ол құмар ойынға қарсы тұрудың құқықтық тетігі бола алмады. Құмар ойын ойнайтындардың саны артты. Тіпті мектеп оқушылары интернет желісі арқылы ойын ойнап, онлайн бәс тігіп келді. Уақыт өте студент шақта олар тәжірибелі құмаройыншыға айналады. Бұрынғы заң бойынша Қазақстанда 21 жастан бастап құмар ойын ойнауға рұқсат етілген еді. Ал қазір президенттің қарауында жатқан заңға сәйкес 25 жасқа толмағандарға құмар ойын ойнауға тыйым салынбақ”, – дейді заңгер.
Ол құмар ойынды тек заңмен рұқсат етілген жерде ғана ұйымдастыруға болатынын атап өтті. Олай болмаған жағдайда тәртіп бұзған жеке тұлғалар әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі заңмен жазаланады. Ал оны ұйымдастырған заңды тұлғаларға айыппұл салынады. Онлайн ойынхана ұйымдастырғандар қылмыстық кодекстің 307-бабына сәйкес, яғни "Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру" бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
“Жаңа заң бойынша берешегі, қарызы бар адамдарға құмаройын ойнауға мүлдем тыйым салынады. Қазіргі кезде бізде берешегі бар адамдардың қарыздары қалай өтелетіні туралы норма жоқ. Бірақ ол жаңа заңда пайда болмақ. Яғни, құмар ойын ойнайтындардың құжаттары бойынша тексеріледі. Букмекерлік конторалар мен Әділет министрлігі және Ұлттық банктің дерекқоры біріктіріледі. Осылайша букмекерлік кеңселер дерекқордан өз клиенттері жайлы ақпарат (жұмыс орны, қарызы) алып, оларды тексере алады. Борышкерлерін қарызын өтемейінше құмар ойын ойнай алмайды”, – дейді Альбина Бахтиярқызы.
Заң өкілінің айтуынша, негізі жазалануы тиіс тұлғалар – құмар ойынды ұйымдастырушылар. Танымал тұлғалар мен ел алдында жүрген блогерлер құмар ойынды жарнамалаған жағдайда оларға 60 АЕК көлемінде, яғни 200 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Сондай-ақ құмар ойынды жарнамалаған БАҚ беттері мен сайттар әкішмілік құқықбұзушылықтар жөніндегі кодекске сәйкес 200 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Еске салайық, мәжіліс депутаттары "Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенат қарауына жіберген еді.
Бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге құмар ойын ойнауға тыйым салатын жаңа заң қабылданған еді.