"Тұрғындардың орманға кіруін шектегісі келеді": Бурабай тұрғыны ұлттық саябақ аумағының қоршалып жатқанына шағымын білдірді (видео)
Ақмола облысы Бурабай ауданының тұрғыны ұлттық саябақ аумағы қоршалып жатқанына шағымданып, мемлекет басшысына үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: видеодан скрин
Болат Башжанов есімді тұрғынның сөзінше, ұлттық саябақ аумағына бірнеше шақырым болатын 2 метрлік қоршау орнатылып жатыр.
"Олар осылайша, тұрғындардың орманға кіруін шектегісі келеді. Қазақстанның конституциясы бойынша жануарлар дүниесі мен табиғат ресурстары халықтың меншігі саналады. Осындай қоршау орнатып, кіруге шектеу қою арқылы олар тұрғындардың құқығын шекдеп жатыр деп ойлаймыз. Мемлекет басшысынан, министрлер мен депутаттардан, прокуратурадан осы жағдайларды қарастырып, түсініктеме алуыңызды сұраймыз. Бұл қоршау қандай мақсатта салынды? Қандай ақшаға қоршалды? Бәрін анықтауыңызды сұраймыз", – деді тұрғын.
Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы өкілдері тұрғынның шағымына жауап берді. Ұлттық саябақтың хабарлауынша, табиғатқа кері антропогендік әсерді барынша азайту үшін Бурабай ауданы, Қымызынай, Мәдениет және Жаңаталап ауылдары маңындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақты қоршау туралы шешім қабылданды.
Қазір Мирный орман шаруашылығының және жартылай Золотобор орман шаруашылығының аумағында өртке қарсы қорғанның бойында қоршау жұмысы жүргізіліп жатыр.
"Ұлттық саябақпен шектесетін Қымызынай, Мәдениет және Жаңаталап ауылдарының аумақтарында малдың бақылаусыз жайылуы өсімдіктердің тапталуына, жас ағаштардың жойылуына, топырақтың деградациясына әкеп соғып жатыр. Үй жануарлары қорғалатын орман аумағына кіріп кетеді. Ал өз жануарларын іздеп аумаққа басып кірген жергілікті тұрғындар қорықтың тыныштығын бұзып, жануарларға қорқыныш ұялатады. Мұның бәрі флора мен фаунаның табиғи жаңаруына қауіп төндіреді және ұлттық саябақтағы жабайы жануарлар популяциясының азаюына әсер етеді", – делінген хабарламада.
Ұлттық саябақ инспекторлары жыл сайын тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Әкімдік қызметкерлерінің, жергілікті полиция қызметінің, фермерлік топтардың және тұрғындардың қатысуымен өтетін жиындарда саябаққа бару ережелері, қолданыстағы шектеулер мен тыйымдар (соның ішінде ұлттық саябақ аумағында мал жаюға заңды тыйым салу) және тәртіп бұзушыларға ықпал ету шаралары белгіленіп, түсіндіріледі. Алайда тіркелген заң бұзушылықтар санының азайғаны байқалмаған.
"Ұлттық саябақтың табиғатына жағымсыз антропогендік әсерді барынша азайту, орман шаруашылығы учаскелерінің аумағына азаматтардың, үй жануарларының, қаңғыбас иттердің бақылаусыз өтуіне жол бермеу, орман өрттерінің шығу қаупін азайту мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қоршау орнату туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Қымызынай ауылынан жүз метр жерде, Жаңаталап ауылы мен Ақ қайың кордонына жақын орналасқан Красный Яр кордоны аймағындағы аумақты қоршау кезінде саябақ аумағына арнайы санитарлық өткелдер қарастырылған. Қабылданған шаралар Бурабай ұлттық саябағының қайталанбас табиғатын болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуға бағытталған", – делінген ұлттық саябақ хабарламасында.
Алайда тұрғын ұлттық саябақ білдірген пікірді жоққа шығарды. Сөзінше, үй жануарларының бәрі басқа аумақта жайылады, тіпті орманға жануарлар түгілі, адамдар да кірмейді дейді.
"Шынымды айтсам, біздің ауылда бір ғана көше және 70-ке жуық үй бар. Олар да егіншілікпен айналысады. Ал үй жануарлары басқа аумақта жайылады. Орманға ешкім кірмейді. Бұл жерде мәселе тендерде. Конкурсты кім жеңіп алды? Қоршауды салуға қанша ақша бөлінді? Осы мәселелерді анықтау керек", – деді тұрғын.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Бурабай әкімі Сабыр Жалмұқановқа әдеп кодексін бұзғаны үшін қатаң сөгіс жарияланғаны туралы жазған едік. Әкім қызметкерлерге құжатта жоқ нәрсені жасатқан. Осылайша ол кәсіпкерлік субъектісіне 400 мың теңге материалдық шығын келтірген.