Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіркеуге алынбай, анонимді емделсе болады”: Елімізде алкогольге тәуелді азаматтарға қандай көмек көрсетіледі

Елімізде ішімдікке тәуелді адамдар нелітен емделуден қашады? Мамандардың пікірінше, олардың көбісі тіркеуге алынудан қорқып, намыстанады екен. Алайда бүгінде ел аймақтарында мұндай жағдайда анонимді түрде есепке алмай емдейтін орталықтардың барын білесіз бе? Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы психикалық сауықтыру орталығының бас дәрігері Сапар Құттыбайұлы алкогольге тәуелділердің аурудан құлан таза айыға алатынын жеткізді. Осы тұста Stan.kz тілшісі арнайы орталыққа барып, ондағы емдеу шараларын маманнан сұрап білді.

Фото Stan.kz 

Орталық бүгінде еліміздің 250 емханасымен байланыста. Мұнда әйелдер мен ерлерді емдейтін бөлімдер бөлек орналасқан. Психиатр, нарколог, психотерапевт, психолог, невропотолог, терапевт мамандары жұмыс істейді. Одан бөлек мұнда көлік жүргізушілерінің мастық деңгейін анықтайтын экспертизалық орталық, айықтыру мен сот шешімімен еріксіз түрде емдейтін де бөлім бар екен. 

“Орталық тегін қызмет көрсететін 282 орынға арналған. Қазір бізде 267 науқас ем алуда. Ал саптамалық бөлімге күніне 250-270 өтініш түседі. Соның ішінде жеңіл, орташа, дәрежелі ішімдік немесе есірткіге мастық деңгейі анықталады. Заңды күшейтіп, жазаны қатаңдатса да адамдардың мас күйнде көлікке әлі де отыратындары таңғалдырады. 

Одан бөлек сот шешімімен түскен науқастар арнайы күзет бақылауымен 6 айдан бір жылға дейін ем алады. Егер адамдар өз еркімен келсе, әрине есігіміз әрдайым ашық. Оларға тегін қызмет көрсетіледі. Бізде жатып емделуге немесе келіп-кетіп амбулаториялықта емделуге болады”, – деді дәрігер Сапар Құттыбайұлы.

Фото Stan.kz 

Маманның айтуынша көпшілік өз еркімен келуге қорқады екен. 

“Өйткені диспансерлік бақылауға алса, олардың жұмысқа тұруы қиындап, жүргізуші куәлігінен айырылады. Мұндай жағдайда да шешім ретінде ақылы бөлім қарастырылған. Ақылы бөлімде кез келген адам анонимді түрде емделе алады. 15 төсекке есептелген ақылы бөлімге жүгінетіндер де көп. Тіпті кейде орын болмай қалады. Көбіне жаз уақыттарында адам саны азайып, қысқа қарай көбейеді”, – деп қосты маман.

Фото Stan.kz 

“Дауыстар естіп, көзіне түрлі нәрселер елестейді”: Ішімдікке тәуелді науқастар неден қиналады?

Маманның айтуынша ішімдікке тәуелді болып кейін қоюға ниеттенген жандарда алғашында алкогольді психоз болады екен. 

“Мұндай кезде науқас түнімен ұйықтамайды, әртүрлі дауыстар естиді, көзіне түрлі нәрселер елестейді, тіпті көшеге шығып кетіп, қоршаған ортағы зиянын тигізуі мүмкін. Осындай жайттардан қорыққан туысқандары біздің көмегімізге жүгініп жатады. Мамандар алғашқы екі аптада науқасытың қан қысымын реттейтін, жүрек ауруын басатнын, мидың қан айналымын жақсартатын дәрілер мен дәрумендер беру арқылы физикалық тәуелділігін кетіреді. Содан кейін барып психологиялық көмек көрсетеміз. Емделіп шыққаннан кейін олардың араққа деген тәбеті қайта ашылуы мүмкін. Немесе тіпті ұйқысыздық пен елестер көріп, түрлі белгілер қайта оралады. Сол кезде дәрігерге қайта келіп, ұйқыны жақсартатын, сіркесуды кетіретін дәрілер алып, жүгінсе болады”, – деп қосты ол.

Фото Stan.kz 

Сапар Құттыбайұлының айтуынша көбіне ішімдікке тәуелді адамдар өздерін ақтап алуға сылтау іздейді. Жұмыстағы мәселе, отбасындағы түсініспеушілік сияқты жайттарды себеп қылады екен.

“Ішетін адамға сылтау көп. Олар өзін емес, қоршаған ортаны кінәлайды. Алайда мұның бәрі соңында тек тәуелділікке алып келеді. Халықтың арасында мынадай қызық түсінік бар: “Қымбат арақ ішсем тәуелділік болмайды арзанын ішетіндер ғана салынып кетеді” деген. Шын мәнінде айырмашылық жоқ. Әрине арзанынан уланып мерт болу қаупі болуы мүмкін. Ал тәуелділік екеуінде де бірдей пайда болады”, – деп түсіндірді дәрігер. 

“Шын қалауы болса, ішкіліктен құлан таза айығуға болады”

Маман ішімдікті қоюға ниетті адамдардың біржола емделе алатынын алға тартты. Алайда ол үшін ең бастысы ішкі қалау болуы керек екен. Айтуынша көп адам тек ауызбен “тастағым келеді” деп шын мәнінде өмірде оған ұмтылыс жасамайды.

Фото Stan.kz 

“Көбіне науқастар орталыққа өзі үшін емес, ата-анасы, отбасының итермелеуімен амал жоқтан келеді. Көп ерлерге әйелдері “арақты қоймасаң ажырасамыз” дейді. Сондықтан күйеуі емделуге көнуге мәжбүр болады. Ал шындығында ішкі қалауы өзінікі емес. 

Тәжірибемде бір жағдай болды. Әйел ұлы мен қызымен бірігіп орталығымызға үнемі күйеуін көтеріп алып келетін. Бұл адам тіпті үйінен қашып кетіп жүріп ішетін. Үйіндегілер оны көшеден, үйсіздердің арасынан он шақты рет орталығымызға әкелген жағдайлары да болды. Соңғы рет әкелгенінде мен әдейілеп, ер адамның көзінше оның есін жидыру үшін отбасына “бұл енді адам болмайтын шығар” деген сөзді айттым. Бір күні базардың жанынан өтіп бара жатсам, түрі таныс бір кісі келіп менімен амандасты. “Сен мені адам болмайды” деп едің ғой, енді қара мына базар менікі”, деді. Сол кезде барып есіме түсті. Арақты қойғанына төрт жыл болған екен. Маған сәл өкпелегені көрініп тұрды. Мен өзімнің бұл сөзді оның жүрегін ояту үшін әдейі айтқанымды жеткіздім. Менің де мақсатым сол еді, оның санасы мен жүрегін ояту болатын. Өте қуанышты екенімді жеткіздім. Міне, мұнымен айтқым келгені ішімдікті қойғысы келген адам қояды. Кез келген адамның күш жігері бар. Тек соны оятып, итермелеу керек”, – деді Сапар Құттыбайұлы. 

Фото Stan.kz 

Маманның айтуынша өз әрекетінен шын ұялып, тіпті бала-шағасына әйеліне айтпай, жасырын түрде келіп, емделіп жататын азаматтар тәжірибесінде кездескен.

Сапар Құттыбайұлы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ішімдікке қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін алға тартты.

“Қазіргі таңда қала әкімдігінің орынбасарымен бекітілген жоспарымыз бар. Сол жоспар бойынша жұмыс істейміз. Емхананың психиатр дәрігерлері өздерінің аудандарында орналасқан мектеп, училище, жоғары оқу орындарына барып, алу шараларын өткізеді. Сонымен қатар біз ішімдікке, есірткіге қарсы қала деңгейіндегі әртүрлі акциялар ұйымдастырамыз.

Фото Stan.kz 

Қуантарлығы қазргі заманның жастары ішімдікке тәуелді емес. Өте сирек кездеседі. Осыған көңілім толады. Қазіргі жастардың ойлау қабілеті мен санасы да ерекше. Олар өздерінің кемшіліктерін мойындайды және соның алдын алуға ұмтылады”, – деп қорытты маман. 

Талқылау