"Болашақ ұрпаққа тиесілі 1,6 триллион теңгені алған": Депутат "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингін сынға алды
AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі АҚ қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Айтуынша холдингтің зейнетақы қорынан алған қаражаты қалтаға басылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото депутаттық сауал кезінен
Депутат үкіметтің 2023 жылғы қорытынды есебінде вице-премьер Жұманғариннің "Бәйтерек"қорының қызметіне қатысты айтқан ескертулерді растамағанына назар аударды.
“Осыған байланысты квазимемлекеттік сектор саласындағы әлсіз жұмыс туралы нақты мысалдар келтіргім келеді. Біріншіден республикалық бюджеттен квазимемлекеттік сектор субъектілерін қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2023 жылы ол 1,2 триллион теңге болды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп.
Оның ішінде 403 миллиард теңгеден астам бюджеттік қаржыландыру көлемі "Бәйтерек" қорына тиесілі. Бұл – бюджеттік ақшаның үштен бірі, яғни квазимемлекеттік секторға бөлінген қаражаттың 34%-ы.
Екіншіден мемлекеттік қолдау шаралары кезінде де бірқатар кәсіпорындар тиімсіз болып, жабылды. Көп жағдайда оларда жүктеме аз болып, жобалық қуаты 30%-дан аспады.
Бұл квазимемлекеттік сектордың жауапты қорларында, соның ішінде "Бәйтерек"ҰБХ тарапынан сапасыз және көрінеу жалған талдау мен жоспарлау болғанын көрсетеді”, – деді Ерлан Саиров.
Депутат осы тұста бұл фактілердің үкіметтің тиісті бақылауының жоқтығының нәтижесі екенін алға тартты.
“Үшіншіден аталған сектордың халық ақшасын орынсыз пайдалануы бойынша жоғарыда көрсетілген ашық фактілерге қарамастан, "Бәйтерек" қоры 1,6 триллион теңге болашақ ұрпаққа тиесілі зейнетақы жинақтарынан ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен қарыз алған. Бұл мысалдар жоғары аудиторлық палатаның мәліметтеріне негізделген. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда мемлекеттік қызметтен квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаржыдан шенеуніктері мен топ-менеджменті ғана пайда көреді. Біз ұлттық компаниялар мемлекеттік бюджет пен зейнетақы қорына тәуелді болмауы керек деп санаймыз”, – деп қосты ол.
Премьер-министрдің орынбасары Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен "елдің көптеген өңірлерінде шегірткелердің қаптап жатқанын” айтып, мәселе көтерді. Ол сондай-ақ премьер-министрдің орынбасарына шегірткенің халал екенін айтқанын еске түсірді.
“Үкімет мүшелері философиямен емес, нақты мәселелерді шешумен айналысуы керек. Тағы еске салғым келеді, еліміздің көптеген аймақтарында шегіртке қаптап, өзекті мәселе туындап жатыр. Шегірткелердің көбею ошақтарын уақытылы өңдеу қарапайым фермерлерге миллиондаған шығын әкеледі. Олар үшін шегіртке "халал" тағам емес, нағыз зиянкестер. Сол себепті халқымыздың ауыл шаруашылығы жерлері мен егістіктерін құтқару бойынша шаралар қабылдауыңызды сұраймын”, – дейді ол.