Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран президентіне үміткерлер аталды, Трамп үшінші дүниежүзілік соғыс басталатынын мәлімдеді: Әлем жаңалықтарына шолу

Осы аптада Грузияның парламет спикері шетелік агенттер туралы заңға қол қойды. Артынша АҚШ шетелдік агенттер туралы заңға байланысты Грузияның бірқатар азаматтарына визалық санкциялар салды. Ал Трамп “үшінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр” деген мәлімдеме жасады. Бұл оқиғалармен қатар Израиль ХАМАС кепілге алған 4 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Осы аптада әлемдегі саяси аренада қандай жаңалықтар болды? Stan.kz тілшісі айтып береді.

Коллаж: Stan.kz

Грузияның парламент спикері шетелдік агенттер туралы заңға қол қойды

Осыған дейін Грузия президенті Саломе Зурабишвили заң жобасына вето қойған. Мемлекет басшысы, заң күшіне енген күннің ертеңіне дереу күшін жоюды талап етті.

Алайда осы аптада Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвили "шетелдік агенттер туралы заңға" қол қойғанын, заң күшіне енгенін мәлімдеді.

"Бүгін мен "Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" заңға қол қойдым. Бұл заңның мақсаты Грузияның сыртқы араласуға қатысты саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерін нығайту болып табылады", – деді Папуашвили брифингте.

Бұған дейін Грузия парламенті даулы "Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" заңды үшінші және соңғы оқылымда қабылдаған болатын.

Заң жобасы шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ-тарды арнайы тізілімге тіркеліп, жыл сайынғы декларация толтыруды міндеттейді.

Биліктегі "Грузин арманы" партиясы бастамашы болған заң жобасы елде жаппай наразылық тудырған.

Фото: Фото: x.com/shpapuashvili

АҚШ шетелдік агенттер туралы заңға байланысты Грузияның бірқатар азаматтарына санкциялар салады

"Америка Құрама Штаттары Грузиядағы шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы заңның бекітілуіне байланысты бірқатар грузин азаматтарына визалық шектеулер енгізу туралы шешім қабылдады. Біз ондаған Грузия азаматтарына визалық шектеулер енгізу шараларын жүргізудеміз", – деп хабарлады АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Мэтью Миллер.

Санкциялық шектеулер заң шығаруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ олардың жақын туыстарына әсер етеді.

"Визалық шектеулердің бірінші кезеңі "Грузин арманы" партиясының мүшелеріне, парламент мүшелеріне, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және жеке тұлғаларға әсер етеді", –деп түсіндірді Миллер.

АҚШ тағы Грузияны шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы заңның күшін жоюға шақырды.

"Біз Грузия басшылары өз іс-әрекеттерін қайта қарап, елінің бұрыннан мәлімдеген демократиялық және еуроатлантикалық ұмтылыстарын жүзеге асыру үшін қадамдар жасайды деп үміттенеміз", – деді Миллер.

"Үшінші дүниежүзілік соғысқа келе жатырмыз". Трамп Украина туралы мәлімдеме жасады

Фото: Reuters

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Украина қарулы күштерінің Ресейге қарсы шабуылдары және ядролық қаруды қолдану туралы әңгіме үшінші дүниежүзілік соғыстың жақындауының белгісі екенін айтты.

"Біз үшінші дүниежүзілік соғысқа жақындап қалдық. Соңғы бірнеше күнде не болып жатқанына қараңыздаршы. Украина қазір Ресейге қарсы соққы жасайтынын айтып отыр, Ресей президенті Владимир Путин ядролық қару туралы сөз қозғауда. Мұның бәрі ақырында үшінші дүниежүзілік соғысқа әкеледі. Украина төңірегіндегі жағдайды реттеп, тез арада шешкім келеді. Мен билікте болғанда мұндай жағдай болмас еді", – деп сендірді Трамп.

Осыған дейін Батыс саясаткерлері Украина қарулы күштеріне Батыс қаруларымен Ресей аумағына шабуыл жасауға рұқсат беру қажеттігін мәлімдеген. Сонымен қатар, Эммануэль Макрон Ресей әскерлері серпіліс жасаған жағдайда Бесінші республиканың қарулы күштерін Украинаға орналастыру мүмкін екенін айтты.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков НАТО елдері өкілдерінің мұндай мәлімдемелеріне Мәскеу тиісті түрде жауап беретінін хабарлады. Оның айтуынша, Ресейдің мамыр айында жариялаған ядролық жаттығулары Солтүстік Атлантикалық альянстың бірқатар өкілдерінің құрлықтағы соңғы қоқан-лоққы, арандатушылық және шиеленісті ұлғайту мәлімдемелеріне тікелей қатысты.

Байден Украинаға америкалық қаруды Мәскеуге соққы жасау үшін қолдануға тыйым салды

Фото: Chip Somodevilla/Getty Images

Америка президенті Джо Байден Вашингтон Киевке АҚШ Украинаға беріп жатқан қаруды Ресей аумағына терең соққы беру үшін пайдалануға рұқсат бермейтінін айтты.

"Біз Ресейдің тереңдігінен 200 миль қашықтықта соққы беруге жол бермейміз. Мәскеуге, Кремльге шабуыл жасалмауы керек", – деді Байден.

Оның айтуынша, украин тарабына америкалық қару-жарақпен Ресей аумағына "тек шекара маңында, Украинадағы бірқатар нақты нысандарға шабуыл жасаған күштерге қарсы" соққы беруге рұқсат етілген.

Бұған дейін АҚШ билігі Киевке Вашингтоннан тасымалданған қару-жарақпен Ресей Федерациясының шекаралық аумағында Харьковке жақын жерде соққылар жасауға рұқсат бергені хабарланған болатын.

Пентагонға Украинаға Ресей аумағында қандай нысанаға және қандай соққылар бере алатыны туралы нақты нұсқаулар беру тапсырылған. Тиісті нұсқауларды НАТО-ның Еуропадағы біріккен қарулы күштерінің қолбасшысы генерал Кристофер Каволи арқылы қорғаныс министрі Ллойд Остин дайындап, Киевке жіберді.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг бұған дейін Украинаға Ресей территориясына шабуыл жасау үшін қару қолдануға рұқсат беру туралы шешімді әрбір ел ұлттық деңгейде қабылдайтынын мәлімдеген болатын.

Израиль ХАМАС кепілге алған 4 адамның қаза тапқанын мәлімдеді

Фото: Reuters

Дүйсенбі күні Израиль әскерилері ХАМАС ұйымы кепілге алған тағы төрт адамның қаза тапқанын растады.

Қаза тапқандар 80 жастағы Йорам Мецгер, 80 жастағы Амирам Купер, 79 жастағы Чаим Пери және 51 жастағы Надав Попплевел.

"Кепілге алынған төрт адамды өлді деп жариялау туралы шешім барлау деректеріне негізделген. Ақпарат дін істері министрлігімен және Израильдің бас раввинімен келісе отырып, денсаулық сақтау министрлігінің сараптама комиссиясымен расталды", – делінген хабарламада.

Әскерилердің айтуынша, қаза тапқандардың денелері Газа секторында ХАМАС қолында. Армия олардың өлімінің мән-жайы әлі анықталмағанын және әлі де тергеуде екенін қосты.

Израиль армиясының баспасөз хатшысы контр-адмирал Даниел Хагари төртеуі Газа секторының оңтүстігіндегі Хан Юнис қаласында Израиль операция жүргізіп жатқан кезде бірге қаза тапқанын айтты.

"Біз барлық ықтимал нұсқаларды тексеріп жатырмыз", – деді Хагари.

Мамыр айында Хамас ұйымы Попплуэллдің Израильдің әуе шабуылынан жараланғаннан кейін қайтыс болғанын айтты, бірақ ешқандай дәлел келтірмеді.

Күні кеше Израиль басшылығы Джо Байденнің соғысты тоқтатып, палестиналық тұтқындарға кезекті кепілді ауыстыруды бастау туралы ұсынысын қабылдамады. Израиль басшылығы ХАМАС тобын толығымен жоюға бел байлағанын хабарлаған. Ол Рафахтағы әскери операцияны жалғастыратынын мәлімдейді.

Иранда 28 маусымда өтетін президенттік сайлауда негізгі үміткерлер кімдер

Коллаж: Stan.kz

28 маусымда өтетін дауыс беруге байланысты Иран Ислам Республикасының президенттігіне үміткерлерді тіркеу осы аптада аяқталды.

Президенттікке үміткерлер тізімінде 80-ге жуық саясаткер бар. Үміткерлер тізімін Жоғарғы Көшбасшы Аятолла тағайындаған алты теологтан тұратын “сақшылар кеңесі" тексереді.

Әли Хаменеидің және парламент бекіткен алты адвокат лайықты деп танылған кандидаттарды алдағы бірнеше күнде жариялайды.

Негізгі үміткерлер қатарында парламенттің қазіргі төрағасы Мохаммад Багер Галибаф, әкімшіліктің бұрынғы вице-президенті Хасан Рохани, жол және қала құрылысы министрі Мехрдад Базрпаш, кооперация министрі Совлат Мортазави Эшак Джангири бар.

Сонымен қатар, президенттің бас келіссөзшісі болған консервативті саясаткер Саид Джалили де тізмге енген. Махмуд Ахмадинежад пен бұрынғы парламент спикері Али Лариджани, бұрынғы президент Хасан Роханидің саяси одақтасы. Тіпті 2005-2013 жылдар аралығында билікте болған Ахмадинежадтың өзі де өзінің кандидатурасын жариялады, алайда ол сайлаудан шеттетілуі мүмкін дейді сарапшылар.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, негізгі үміткер Ислам революциясы сақшылар корпусының құрамында болған және Тегеранның бұрынғы мэрі болған Мохаммад Багер Галибаф болуы мүмкін.

Тағы бір кандидат – Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Саид Джалили. Джалили 2021 жылғы сайлауға қатысқан, алайда жеңіске жете алмаған.

Үміткерлер арасында парламенттің бұрынғы төрағасы да бар. Әли Лариджани 2015 жылы Иранның ядролық келісімін қолдағандардың қатарында болған.

Қамқоршылық кеңесі келесі аптада қабылданған кандидаттар тізімін жариялайды деп күтілуде, содан кейін үміткерлерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге екі апта уақыт беріледі.

Өзбекстанда енді имамдарға әлеуметтік желіде уағыз айтуға болмайды

Фото: pixabay.com

Өзбекстан мұсылмандары басқармасы имамдардың әлеуметтік желіде уағыз айтуына шектеу қойды. Бұл шешім соңғы уақытта желідегі имамдардың жасаған мәлімдемелеріне қатысты шығарылған.

27 мамырда Өзбекстандағы барлық мешіт имамдарына әлеуметтік желілерге кірмеу және әлеуметтік желілердегі жазбаларға "лайк" баспау туралы ескерту берілген.

Ташкент қаласы бас имамының көмекшісі Эргаш Рустамовтың Telegram арқылы аудандардың бас имамдарына жолдаған аудиохабарламасында әлеуметтік желіде айтатын сөздері қатаң бақыланатыны туралы айтылған.

"Сәлеметсіздер ме, құрметті облыстың бас имамдары. Ендігі міндетіміз – әлеуметтік желіге кірмеу. Біз мұны қатаң бақылауға аламыз. Бұл қажылық парызын өтейтіндерге де қатысты. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі кез келген жазбаға лайк басуға болмайды", – деді Рустамов.

Имамдар діни басқарманың шешімін олардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту деп түсінді.

Бұған дейін Өзбекстанда мешіт имамдары мен наиб имамдарынан шетелдік төлқұжаттарын елдегі мұсылмандар діни басқармасының жергілікті өкілдеріне тапсыру сұралған. Осылайшы имамдардың шетелге шығуына да шектеу қойылмақ.

Өзбекстан Республикасының Конституциясына сәйкес дін мемлекеттен бөлінген. Діни ұйымдар мен конфессиялардың қызметі Өзбекстан Республикасының "Ар-ождан бостандығы және діни ұйымдар туралы" Заңымен реттеледі.

Талқылау