Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кез келген адам киіп шекарадан өте алады": Желіде қазақстандық кәсіпкер Кеден қызметкерлерінің формасын қырғызстандық цех тігетініне наразы болды

Желіде Нұрхан Жұмабеков есімді отандық кәсіпкер Қазақстанның кеден қызметі арнайы формасын қырғыз цехына тіккізетінін айтып шағымданды. Азамат қырғызстандық блогердің күртешелерді жымия жарнамалағанына намыстанып, ұялғанын жасырмады. Айтуынша министрлік отандық өнімдерді бұдан да арзан бағада еліміздегі цехтардан ала алатын еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото желі кадрларынан

Берді Бегменов – Қырғызстанда миллиондаған жазылушылары бар танымал блогер, кәсіпкер. Ол өз блогын киім цехтерімен бизнесімен байланыстырып жүргізеді. Желіде оның қазақстандық кеден қызметкерлеріне арнайы күрте тігетін қырғызстандық цехты жарнамалаған видеосы пайда болды.

“Арнайы киімдерді тігетін ең үлкен цехке қош келдіңіздер! Менің үстімде Қазақстанның Кеден қызметкерлерінің күртесі тұр. Қазақ бауырлар, міне сіздердің қызметкерлердің күртесі қайда тігіледі. Бауырлар біздің жүк көлігін өткізіп жіберіңіздер! Ал мен сіздерге күртелерді жеңілдікпен алуға келісіп беремін. Қазақстанның Кеден органдары сіздерді жақсы көремін”, – делінген қырғызстандық блогердің видеосында. 

Осыдан соң отандық кәсіпкер Нұрхан Жұмабеков осы видеоны бөлісіп, еліміздегі жоғарыда отырған басшылардың бұл әрекетіне наразы болғанын Facebook желісінде жеткізді.

“Бұл цехтан Қорғаныс министрлігі мен ішкі істер министрлігінің формасын кез келген адам сатып ала алады. Осы тұста біздің қауіпсіздігіміздің мәселесі тұр. Себебі бұл киімді кез келген адам киіп шекарадан өте алады. Қырғыз блогері мұндай күртешені 3990 қырғыз сомына сатып алуға болатынын айтқан. Бұл 20 мың теңге. Біріншіден өз еліміздегі Абай тігін фабрикасы мұндай күртешені арзанырақ тігетін еді. Екіншіден кеден қызметі бұл күртелерді 60 мың теңгеге сатып алды”, – деді Нұрхан Жұмабеков.

Азаматтың айтуынша отандық Абай тігін фабрикасы өз тарихында ешқашан әскери қызметкерлерден ұсыныс алмаған.

“Қарап тұрсам мен алаңдайтын мәселе емес. Бірақ ішімнен қатты ұялып тұрмын. Өзбекстанда өзбек әріптестерімен шай басында оларға біздің Қорғаныс министрлігінен кезекті тапсырысты дайындау туралы WhatsApp-қа хабарлама келді. Сол кезде олар менің жүзіме күлімсіреп тұрып, хабарламаны оқытты. Сол сәт әлі есімде, жұдырығымды қысып отырдым.

Енді міне Қырғызстанның блогері екі миллион аудитория алдында дәл осылай күлімсіреп тұр. Мен үшін бұл өзіміздің Қаржы, Қорғаныс министрлігі, премьер-министр, Aqorda әкімшілігінің бетіме түкіргенімен бірдей. Әрине, қырғыз немесе өзбек әріптестердің кінәсі емес”, – деп қосты ол.

Желіде азаматтар осы мәселені көтергеннен кейін депутат Ермұрат Бәпи оларды сынап, Қорғаныс министрлігін қолдап, жазба жариялаған. 

“Қорғаныс министрлігінің басты міндеті жеңіл өнеркәсіптің дамуына көмектесу емес, отанды қорғау”, – делінген депутат жазбасында. 

Stan.kz тілшісі осы мәселеге байланысты Кедендік органдар қарайтын Кірістер комитетінен пікрі сұрады. Комитет бұл формаларды Қазақстанның кедендік одағы тапсырыспен тіктіргені туралы ақпаратты жоққа шығарды. 

“Мемлекеттік кіріс органдарының нысанды киімдерінің үлгілері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2018 жылғы 12 ақпандағы №168 және 2019 жылғы 28 маусымдағы №655 бұйрығымен бекітілген. Берд Бигменов (berdi_begmenov) (жарнамадағы қырғызстандық блогер) әлеуметтік желілерде таратқан бейнеде ұсынылған нысан жоғарыда көрсетілген бұйрықтармен бекітілгенге сәйкес келмейді. Бұған Қазақстан Республикасының кеден органдары мен мемлекеттік кіріс органдарына ешқандай қатысы жоқ. Бейнеде басқа органға қатысты Дема-маусымдық куртка көрсетілген”, – деді ведомство. 

Комитет сонымен қатар, жыл басынан бері осы бағыттағы мемлекеттік сатып алуға отандық кәсіпкерлерден ешкімнен өтініш түспегенін қоса кетті. 

“2023-2024 жылдары Мемлекеттік кірістер комитеті бейнеде ұсынылған Дема-маусымдық курткаларды сатып алған жоқ. 2023 жылғы желтоқсанда Комитет мемлекеттік сатып алулар өткізіп, бірлігіне 59 024 теңге бағамен қысқы Үлбір күртешелерді қабылдады. Жыл басынан бері қысқы аң терісін сатып алу үшін ашық конкурс тәсілімен бес мемлекеттік сатып алу өткізілді. Алайда өтінімдердің болмауы және өнім берушілердің "Мемлекеттік сатып алу туралы" ҚР Заңының (бұдан әрі – заң) талаптарына сәйкес келмеуі салдарынан шарт жасалмаған. Сатып алуды қайта өткізу кезінде алтыншы рет бір ғана өтінім келіп түсті. Осыған байланысты заңға сәйкес "Sabtex" ЖШС-мен шарт жасалды”, – деді ведомство.

Кірістер комитеті бұл формалардың басқа ведомствоға арнайы тігілген болуы мүмкін екенін болжады. Олардың заңдылығы немесе заңсыздығы жайлы әзірге нақты дерек жоқ. 

Талқылау