Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында мектеп-интернат оқушылары білім ордасына түнеп жүр

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернат оқушылары білім ордасына қонып жүр. Себебі  мектеп жанындағы жатақхана күрделі жөндеуге жабылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

мектеп

Фото: Видеодан скрин

Мектепке түнеп жүрген балаларының келешегіне алаңдаған ата-ана ұл-қыздарымыз оқу жылын жаңа ғимаратта бастаса екен деген тілегін жеткізді. Жөндеу екі жыл бұрын басталған ғимаратта құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Ал, осы уақыт аралығында оқушылар сыныптарды жеке жатын бөлмелеріне айналдырып, бір сыныпта он-он бес баладан топтасып жатады екен.

"Қарасай ауданына өтініш, Қонаев қаласына өтініш. Ата-ана ретінде, көпбалалы ана ретінде сіздерден өтініп сұраймын. 1 қыркүйекке мына жатақханамызды бітіріп беруіңізді сұраймыз. Балаларымыз қазір мектептің ішінде жатыр. Мектептің ішінде жатады, мектептің ішінде тамақ ішеді. Өйткені бізде басқа мүмкіндік жоқ", – деді ата-ана Данышпан Дәуітқызы. 

Білім ордасының ауласында орналасқан жатақхананың жөндеу жұмыcын "ГрадСтройСервис" жүргізуге тиіс болған. Алайда құрылысты бастаған компания жұмысты жарты жолда қалдырған екен. 

"Жатақхана 1960 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Конкурсқа тапсырушы Қарасай білім басқармасы болды. Солар өздері тендер ойнатып, сол 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап біз мына жатақхананы босатып бердік. Күрделі жөндеу жұмыстары тоқтап қалды. Мердігерлер қаңтарда кетіп қалды, ал жұмыс бітпеді", – деді И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатының басшысы Ләззат Қасымбекова. 

Ал Алматы облысы Қарасай ауданы білім бөлімі мамандарының айтуынша, осыған дейін Алматы облысы мәслихатынан қаржы бөлінген. Алайда жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс компания межелі уақытта құрылысты аяқтай алмаған. Ал шенеуніктер мектепті паналаған балалардың мәселесі жақын уақытта шешіледі дейді. 

"Алматы облысының білім басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Білім бөлімінің мәліметі бойынша, биыл мамырда қаражат бөлініп, байқау жарияланады. Ұтқан өтінім беруші Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатында күрделі жөндеуді  жалғастырады", – деді Алматы облысы Қарасай ауданы бойынша білім бөлімінің маманы Айдар Серғазыұлы. 

Ал мектеп ұжымының да, ата-аналардың да жалғыз талабы – жаңа оқу жылы басталғанша білім ордасының жатақханасына кіру.

Талқылау