Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"40 күн дұғасы да, намазы да қабыл болмайды": Имам көріпкелге барып, болашақты болжаудың қаншалықты ауыр күнә екенін айтты

Әлеуметтік желіде блогер, қаржылық сарапшы Олжас Құдайберген өзінің парақшасында билік басындағы адамдардың көріпкелдерге бару мәселесін көтеріп, Ислам дінінде мұсылман адамның балгерлерге жүгінуінің салдары туралы жазды. Жазбада мұсылман адам бақсы, балгерлерге сенсе оның діннен шығып кету қаупі жайы айтылған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған қатысты пікір білдіріп, шариғатта көріпкелдер мен жұлдызнамаға сенудің қаншалықты ауыр күнә екенін айтты.

Фото: Ашық дереккөзден

ҚМДБ басқармасы болашаққа болжам жасайтын көріпкелдерге сену Ислам дінінде тыйым салынғанын кесіп айтты. Сәйкесінше, осы жолмен келген ақша да арам деп саналады. 

“Көріпкел, балгер, құмалақшы, жұлдызшы және тәуіп. Бұлардың атаулары әртүрлі болғанымен тірлігі бір. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен айналысады. Адамның өткен шағы мен болашағы жайлы айтқысы келеді. Олар карта, кофе, тас немесе құмалақ пайдалануы мүмкін. Ғайып тек Аллаға аян. Шын мәнінде, ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді. Адамның іс-әрекеттеріне қатысты діни үкімдерді зерттейтін фиқһ ғалымдарының  пікірінше, көріпкелдікпен айналысу, яғни ғайыпты білемін деп жариялау және сол ісін кәсіп етіп тапқан табысы – харам. Бұл шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша. Сонымен бірге, "тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам" деп пәтуа берген”, – деп мәлімдеді басқарма.

Сюцай – пал ашудың бір түрі

Сюцай – раджа-йога философиясына негізделген нумерологияның бір түрі. Бұл жүйенің сенімінде адам өміріндегі белгілі сандар (туған күні, неке қиған кезі т.б.) бір планета энергиясымен тығыз байланыста болады. Сандарда адамның мінезі, қабілеті, өмірге келген мақсаты, болашақта орын алатын оқиғалары қамтылған. Егер сандар энергияға сәйкес келсе, өмірі жақсы, ал сәйкес келмесе, келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Сюцай адамдардың тағдырын өзгертеді деп сенеді.

Адамның туған күні, айы, жылына қарап сандармен сөйлейтін Сюцай ілімі де шариғатқа қайшы. Бұл да Исламда Алланың құдіретіне шек келтіру болып саналады екен.

“Бұл адамның тағдырын сандарға байлап, оның жағымды немесе кері әсері бар деп сендіру. Мұндай нанымның нәтижесінде адамның Аллаға емес, сандарға сенімі артады. Бұл – үлкен күнә. Ислам сенімі бойынша әлемдегі барлық құбылыстар, өзгерістер Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады. Сонымен қатар, тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді. Сюцай – пал ашудың бір түрі. Шариғатымызда пал аштыру, жұлдызнамаға сену, сюцай жүйесінде сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне шек келтіру және адамның тағдырын болжау – харам. Мұсылман адам тағдырға иман келтіріп, жақсылық пен жамандықты бір Алладан деп сеніп, болашақты болжайтын түрлі наным-сенімдерден аулақ болуы тиіс”, – деп үкім айтты діни басқармадағылар.

“Балшыға барған адамның 40 күн намазы қабыл болмайды”

Алматы қаласы бойынша пәтуа маманы, Орталық мешіттің наиб имамы Тимур Алиев бақсы-балгерге баргерге барғанның жазасы қандай болатынын айтты.  

“Бал ашушы өзін ғайыпты білемін деп жатса, ал адам одан ғайыпты сұрау үшін барып жатса, Алладан түскен хақ сөзге анық қарсылық жасағаны. Олар ғайыпты тек Алланың білетінін теріске шығарып, Құран аятына қарсы шығады. Бұл – ұлы күнә! Бұл жайында хадисте былай делінген:

"Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед келтірген дінге қарсы шықты". (Ахмад, 2/429 бет).

Балшыға барудың зияны онымен бітпейді. Бал ашқан адам ғайыпты айтамын деп Алланың әміріне қарсы шығып, тіпті діннен шығып кетуі де мүмкін. Оған қоса, балшыға бару адамның ғибадатқа барлық жолын жабады. Имам осы сөзіне дәлел болатын келесі хадистерді мысалға келтірді:

"Кімде-кім балгерге келіп бір нәрсе сұраса, оның намазы қырық күн бойы қабыл етілмейді" (Муслим, 2230)

"Кімде-кім балгерге барып, одан бірдеңе жайлы сұраса және сол естігеніне сенетін болса, оның дұғасы, қырық күн бойы намазы қабыл етілмейді". (Муслим және Ахмад риуаят етті)

Дін өкілі намаздың ең үлкен ғибадат екенін еске салады.

“Ғибадаттың ең үлкені қабыл болмаса, кішісі де қабыл етілмейді. Яғни, ол адамның намазы, құлшылығы, тілегі қабыл болмайды деген сөз. Ол адамның Алла Тағалаға жақындайтын есіктердің бәрі жабылады. Демек, балшыға барып жолымды аштырамын деген адам, керісінше өз жолын жаптырып жатқанын білмейді. Көріп отырғаныңыздай балшыға бару, біріншіден, харам, екіншіден, ғибадаттың барлық түріне жол жабады”, – дейді Тимур Алиев.

Талқылау