Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалай өмір сүретінімізді білмейміз": Құлсары тұрғындары тасқыннан кейінгі жағдай туралы айтып берді

Ақтөбедегі Мұғалжар тауынан еріген судың көп болуына байланысты Жылыой ауданы Құлсары қаласында төтенше жағдай жарияланғанына 15 күн болды. Табиғи апат салдарынан төрт адам қаза тапты. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың мұңы мен ашуы басылмай тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: azh.kz

Қала басшылығының сөзінше, Жем өзенінің арнасын Бақашыдағы бөгетпен жауып тастағаннан кейін қалаға үздіксіз ағып жатқан су тоқтатылады.

Қазір суды сору үшін "Теңізшевройл" ЖШС, "Арктик" ЖШС-нің арнайы су сору техникасы, сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы және Шымкент қалаларынан қайта жіберілген апатты жою техникалары жұмылдырылды.

Барлаушы және Атырау шағын аудандарында судың басым бөлігін тазарту жұмыстары күндіз-түні үздіксіз жалғасып жатыр. Бір миллион текше метр суды айдағанымен, кейбір учаскелер әлі де су астында қалды.



Құлсарыда тоз-тозы шығып, судан зардап шеккен адамдардың саны артып келеді. Көбі қазір жалдау ақысының қымбаттығынан іс жүзінде күнкөріссіз қалғанын және үстіндегі киімінен басқа ештеңе қалмағанын айтты.

"Менің үйім де суда, заттарымыз судың астында қалды. Анамның үйі құлап, өмір бойы жинаған дүниесі үйінді астына кетті. Біздің отбасымыз бен туыстарымыз да көшеде қалды. Жалдауға пәтер таппай жүрміз. Несиені қалай өтейтінімізді, үйлеріміздің қалай бағаланатынын білмейміз. Осы үмітсіздіктің кесірінен зардап шегіп отырмыз. Үйімізге жақын маңайда орналасқан зираттардан, кейде мәйіттердің судың бетіне қалқып шыққанын көреміз. Мұның бәрі лас су, сасық иіс, кәріз үйлердің ішіне кіріп, қабырғаларды жеп жатыр. Үйлер кеуіп, ол жақа оралсақ та, осы антисанитариялық жағдайдан ауырып қалмайтынымызға кім кепіл? Бұл үшін жауапкершілікті кім алады?” – деп сұрақ қойды Құлсары тұрғыны Күләш Мәшенова.

Еске салайық, бұған дейін вице-премьер Тамара Дүйсенова су тасқыны болған алты аймақтағы түлектер үшін ҰБТ бөлек кестемен өткізілетінін айтқан еді.

Талқылау