Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Салтанат үйден бөтен шаш қыстырғыш көріп ашуланды": Бишімбаевтың үй қызметшісі олардың ұрыстары туралы айтты

Бишімбаевқа қатысты сот отырысында үй қызметшісі болған Гүлнұр Сейітовадан жауап алынып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Куәгерден де жауап онлайн алынып жатыр. Ол Бишімбаевтың Алматыдағы пәтерінде жұмыс істеген. Алматы қаласында тұрады. Нүкеновтер немесе Бишімбаевтар отбасымен туыстық қарым-қатынасы жоқ. 

- Байжановты жұмыс бойынша танимын. Мен үй қызметшісі болып жұмыс істедім. Байжановқа сурет жібергенім есімде жоқ. 

- Сот ісіне байланысты тергеу кезінде Байжановтың телефоны зерттеліп, сіздің кілемдегі қызыл дақтың фотосын жібергеніңіз анықталды.

- Мен ондай жіберген жоқпын. 

- Сынған есіктің фотосын жібердіңіз бе?

-Иә, Байжанов жібер деді, шілде айы тәрізді. 

- Есікке не болғанын білесіз бе?

- Жұмысқа келдім, есік сондай боп тұр екен. Содан соң Байжанов фотоға түсіріп, жіберуді сұрады. 

- Байжановтан есікке қалай зақым келгенін сұрадыңыз ба?

- Сұраған жоқпын.

“Мен 2021 жылы қарашада жұмысқа тұрдым. Бір жылдан кейін Қуандық үйленді. Олар келіп тұратын, бірақ көп уақытын Астанада өткізетін. Үйде екеуінен басқа ешкім тұрмаған. Олар болмаған кезде арасында келіп тексеріп, газондарға су құйып жүрдім. От жағылатын болғаннан кейін пешін тексеретінмін”, – дейді ол. 

Қызметші Салтанаттың да, Қуандықтың да денесінен еш жарақат байқамаған. 

“Олар кейде ғана келіп, 2-3 күн ғана болатын. Ең көп болғаны – уақыты шілде мен тамыздың соңында. Мен жұмысқа келген кезде есік сондай болып тұрды. Кейін Бақытжан жұмысшыларды шақырып, есікті жөндеді”, – дейді үй қызметшісі. 

Сөзінше, екеуі үйленгеннен кейін бірге келген.

“Қаңтарда Алматыға балаларымен бірге келді. Нақты айта алмаймын, бірақ көп болған жоқ, шамамен 4-5 күн ғана”, – деді ол. 

Назым Құсайынова олардың балалармен қарым-қатынасы қандай болғанын сұрады. 

Куәгер “өте жақсы болды” деп жауап берді ол.

Айтуынша, одан кейін шілденің ортасында олар Шымкенттен келген. Көп ұзамай Салтанат кетіп қалған. 

Салтанат айнаның алдында тұрған шаш қыстырғышты көріп, “кімдікі” деп сұрады. Куәгер ол “Қуандықтың анасынікі” деп жауап берген. 

“Бірақ Салтанат сенбеді. Содан кейін олар сыртқа шығып, баспалдақта сөйлесіп тұрды, Салтанат оған ренжіп тұрды. Содан кейін олар төменге түсті, бір кезде Салтанат айқайлап, ұрсысып жатқанын естідім. Қуандық та айқайлап жатты. Бірақ ұзақ ұрсысқан жоқ. Салтанат ас үйге кірген кезде “Салтанат, ол шынында анасының шаш қыстырғышы” деп айттым. Оның мұнда заттары жеткілікті дедім. Содан соң Салтанат “иә, жақсы” деді. Оның неше күннен кейін кетіп қалғаны есімде жоқ. Қуандық Салтанаттың қалған заттарын жинап қойған екен, беріп жіберіңіз” деді”, – дейді ол. 

Бұдан соң үй қызметшісі Салтанаттың ас үйдің терезесінен кіргенін айтты. 

“Жаз болғаннан кейін асүйдің терезесі ашық тұрған. Келесі күні Салтанат Қуандықтың төсегінің жанында тұрған. Қуандықтың айтуынша, ол түн ішінде әлде таңертең терезе арқылы кірген. Қуандық оған, екеуара шештік емес пе, неге келдің деп сұраған. Содан соң Салтанат екі аптадай болған жоқ. “Қуандық Салтанат келемін деп жатыр, не істесем болады” деп сұрады. Мен өзіңіз білесіз, біреудің отбасына араласа алмаймын дедім. Қуандық сағынып жүргенін айтты. Сосын мен өзіме Салтанат адам ретінде ұнайтынын, “бір-біріңізге мүмкіндік беріп көріңіздер” дедім. Келесі күні тамақ істемей-ақ қойыңыз, Салтанатпен мейрамханаға барамыз деді. Екеуі мейрамханадан келген соң қарым-қатынасы да, көңіл-күйі де жақсы болды. Үйдің артына гүлдер, жиһаз тапсырыс берді. Қазақстан ішінде бір жерге демалыстарға барып жүрді. Тамыздың соңында Астанаға ұшып кетті. Кетіп бара жатқанда Салтанат “рақмет сізге, қыркүйекте келмейміз” деп айтты”, – дейді ол.  

Үй қызметшісінің сөзінше Салтанат өте мейірімді, кішіпейіл болған.

“Оны тек жақсы адам ретінде танимын. Қуандықты ешқашан мас күйде көрген емеспін. Алматыда болған кезде ол түстен кейін үнемі спортзалға кетіп қалатын. Мен оны сирек көретінмін”, – деді ол. 

Талқылау