Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда баспана бағасы қымбат өңір белгілі болды

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның баспана бағасы ең қымбат және ең арзан өңірлерін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстан бойынша баспананың ең қымбат шаршы метрі Астанада – 575 мың теңге. Ал Орал мен Көкшетауда бұл баға 300 мың теңгеден аспайды.

Сондай-ақ Астанада екінші нарықтағы үйлердің шаршы метрі 613 мың теңге, бұл бірінші нарықтан орташа есеппен – 38 мың теңгеге қымбат, бұл баға Алматыда – 592, Шымкентте – 430 мың теңге.

"Екінші нарықтағы баспананың ең төменгі бағасы, Ақтөбеде — шаршы метрі 290 693 теңге, Көкшетауда — 297 382 теңге және Түркістанда — 308 187 теңге болды”, – дейді ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы Динара Көбегенова.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы айларда елімізде баспана нарығы жанданып келеді. Дегенмен, бағаның күрт өсуі күтілмейді. Тіпті жаңа мемлекеттік бағдарламалардың өзі бағаға айтарлықтай әсер етпейді дейді мамандар. 

"Баға тұрақты деп айтуға болады. Қазіргі инфляция шегінде өсім болады, Астана мен Алматыны алатын болсақ, өсудің баяулауы болуы мүмкін, бірақ әлі де өсу болады”, – дейді Қазақстан риэлторлары қауымдастығының президенті Александр Пак.

Сарапшылардың пікірінше, жалға алу бағасын болжау қиын, себебі кез келген сыртқы өзгерістер бағаға әсер етуі мүмкін. Қазір тұрғын үйді жалға алудың ең қымбаты Алматыда – шаршы метрі 5 123 теңге, Шымкентте – 4 мың теңгеден жоғары, ал Қарағандыда – шаршы метрі 3 900 теңгеге жуық.

Талқылау