Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияда жергілікті сайлауда оппозиция жеңіске жетті, Иран Израильге шабуылдамақ, Беларусь соғысқа дайындық бастады: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Аптаның басында Татарстанға пилотсыз ұшақтар шабуыл жасады. Ресей мемлекеттік думасы бұл шабуылға Украинаның қатысы барын айтып, дрондардың Қазақстан аумағынан ұшырылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Түркияда жергілікті сайлау өтіп, ірі қалаларда оппозиция өкілдері жеңіске жетті. Ал Израиль өзінің екінші соғыс майданын ашуға дайын екенін көрсетті. Израиль Иранның Сириядағы елшілігіне шабуыл жасап, екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді. Әлемдегі осы және өзге де жаңалықтарға апталық шолу ұсынамыз.

Фото: Ашық дереккөздерден алынды

Татарстанға шабуыл: Қазақстанның не қатысы бар

2 сәуірде таңғы сағат 5:45-те пилотсыз ұшатын дрондар Татарстан аумағына шабуыл жасады. Дрондар Алабуга арнайы экономикалық аймағына және Нижнекамскідегі Танеко мұнай өңдеу зауытын атқылаған. 

Республика басшысы Рустам Минниханов ресми мәлімдеме жасап, барлық қызметтердің жоғары дайындық режимінде екенін атап өтті.

"Ешқандай ауыр зақым жоқ, кәсіпорындардың технологиялық процесі бұзылмаған. Алабугада үй-жайлардың қирауы салдарынан зардап шеккендер бар. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі", – деді Татарстан басшысы мәлімдемесінде.

Дрон шабуылынан 12 адам зардап шеккені хабарланды.

Фото: polit.info

"Дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылған": Шабуылды кім жасады

Артынша Алабуга экономикалық аймағының директоры Тимур Шагивалеев НАТО елдерінің құрал-жабдықтарымен жабдықталған екі дронның шабуыл жасағанын мәлімдеді. 

Ресейдің тергеу комитеті Татарстанға пилотсыз ұшақтар арқылы шабуылды Украинаның әскери құрамының жасағанын алға тартады. Алайда әзірге нақты кімнің шабуылдағаны туралы ақпарат жоқ. 

Бұл ақпараттардың артынан Ресей мемлекеттік думасының депутаты Гурулев украиндық пилотсыз ұшақтар Орта Азиядан ұшырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. 

"Олар Украина аумағынан ұшырылмаған болуы мүмкін. Орта Азия мемлекеттері де бар екенін ескеру қажет. Өйткені ол мемлекеттердің солтүстік, солтүстік-батыс жағында орналасқан далалық шөлді аймақтары бақыланбайды. Бәрі де мүмкін", – деді Гурулев. 

Артынша ресейлік публицист Анатолий Несмиян Татарстанға дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылғанын мәлімдеді.

"Не болғанын түсіндіретін екі нұсқа бар. Бірінші дрон ұшыру Қазақстан аумағынан жүзеге асырылды. Дронның 600 шақырымнан келгені анық", – дейді Несмиян.

Оның пікірінше, егер Украина шынымен де Қазақстан аумағынан Ресей нысандарына шабуыл жасау мүмкіндігіне ие болса, онда Орал, Алтай және Сібірден Красноярскіге дейін, Омбы, Новосібір, Кемерово аймақтарына да жақын арада шабуыл жасалуы мүмкін. 

Алайда Қазақстанның қорғаныс министрлігі Татарстанға шабуыл жасаған пилотсыз ұшақтардың Қазақстан аумағынан ұшырылғаны туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

"Кейбір Telegram арналарында Татарстан Республикасының нысандарына шабуыл жасады деген пилотсыз ұшақтардың Қазақстан аумағынан ұшырылғаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды", – делінген Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Иран Израильге шабуылдайтынын мәлімдеді

Фото: Omar Sanadiki/AP

Осы аптаның басында Израиль Сирия астанасындағы Иран консулдығына әуеден шабуыл жасады. Нәтижесінде Дамасктегі Иран консулдығының ғимараты толықтай қирап қалған.

Дамасктегі Иран елшісінің айтуынша, шабуылдан 13 адам қаза тапқан. Қаза тапқандардың ішінде 2016 жылға дейін Ливан мен Сириядағы элиталы “Құдс” күштеріне жетекшілік еткен генерал Али Реза Захди бар. Иран елшісі Хосейн Акбари мен отбасы шабуыл кезінде зардап шекпеген. 

Иран мен Сирия шабуылға Израильді айыптады. Иран бұл шабуылына қатаң жауап беруге уәде берді.

Иран алдағы 48 сағат ішінде Израильге соққы беруі мүмкін. Бұл туралы 4 сәуірде Israelinfo порталы ЦРУ мәліметтеріне, сондай-ақ АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы шенеуніктеріне сілтеме жасап хабарлады.

Дереккөздердің мәліметінше Тегеран жүздеген пилотсыз ұшақтары мен зымырандарын дайындық режиміне көшірген. Жақын арада Израиль аумағына шабуыл жасалуы мүмкін.

Сарапшылар бұл тек Иранға ғана емес Құдс күштеріне де жасалған шабуыл екенін алға тартты. 

"Бұл тек Иран мемлекетінің өзіне ғана емес, сонымен қатар Құдс күштерінің жоғары басшылығына жасалған шабуыл болды. Бұл Ливан мен Сириядағы Хезболлаға қару-жарақ және технологиямен қамтамассыз етіп отырған Құдс күштері үшін айтарлықтай шығын екені анық ", – деді Лондон экономика мектебінің халықаралық қатынастар профессоры Фаваз Гергес.

Түркиядағы жергілікті сайлау

Фото: AFP/ GETTY IMAGES

Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған жетекшілік ететін биліктегі Әділет және даму партиясы (AKP) жексенбі күні өткен жергілікті сайлауда күтпеген жеңіліске ұшырады.

Ел бойынша негізгі оппозициялық Республикалық халық партиясы 37,8% дауыс жинаса, АКР 35,5% дауыс жинады.

Сарапшылар бұл сайлауды "Ердоғанның тарихтағы ең үлкен жеңілісі" деп атады.

Ердоған билікте отырған 21 жылдың ішінде АКР алғаш рет жеңіске жете алмады. 

Негізгі оппозициялық партия Түркияның ең ірі қалаларында, соның ішінде Ыстамбұлда, Анкарада және Измирде билікті сақтап қалды. Сонымен қатар елдің төртінші үлкен қаласы Бурса және басқа да бірнеше орталықтарда билікке ие болды.

Республикалық халық партиясын қазіргі Түркияның негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік 1923 жылы құрған. Бұл партия ұлтшылдық ұстанымы бар зайырлы саяси күш болып табылады.

Сайлаудан кейінгі наразылық

Сайлаудан кейін Түркияның бірнеше қаласында рұқсат етілмеген наразылықтар өтті. Ван провинциясының сайлау комиссиясы күрдтерді қолдайтын DEM партиясының кандидаты Абдулла Зейданды сайлаудан шеттету туралы шешім қабылдаған. Артынша алты қалада жаппай шерулер басталды.

Зейданның жергілікті сайлауда жеңіске жеткеніне қарамастан, мандат президент Режеп Тайып Ердоғанның Әділет және даму партиясының (AKP) кандидатына берілген.

Шиеленіс жағдайында жергілікті билік 3 сәуірден 17 сәуірге дейін жаппай жиындар ұымдастыруға тыйым салды.

"2 сәуірде үйлестірілмеген іс-шаралар жүргізілді, оның барысында қатысушылар сепаратистік террористік ұйым "Күрдістан жұмысшы партиясын" қолдайтын ұрандар айтып, қауіпсіздік күштеріне тас лақтырып, ескертулерге қарамастан полицияға қарсылық көрсетті. 89 адам ұсталды", — деп мәлімдеді Түркияның құқық қорғау органы.

Лукашенко: Беларусь соғысқа дайындалып жатыр

Фото: ТАСС

Беларусь президенті Александр Лукашенко Минск соғысқысы келмейтінін, бірақ соғысқа дайындалып жатқанын мәлімдеді.

"Біздің соғыс қалайтынымыз туралы басқалар айтып жатқан ақпаратқа мән бермеңіздер. Мен соғысқа дайындалып жатқанымызды ашық айтамын. "Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал" деген сөз бар. Бұл сөзді мен шығарған жоқпын. Бірақ менің ойымша өте дұрыс айтылған”, – дейді Лукашенко.

Беларусь президентінің айтуынша, республикада тиісті бөлімшелердің қажетті дайындықтары жүргізілуде, әскерлерге түрлі қару-жарақ пен техника жеткізілуде.

“Егер біздің әрекетімізді сынап, дұрыс емес деп айыптайтындар болса, дұрыс істеп жатырмыз деген сөз. Ал егер мақтайтын болса бұл үлкен қорқыныш. Ешкімге қауіп төндіргіміз келмейді. Өз жерімізден басқасы қажет емес. Қолда барымызды дамытамыз”, – деді Беларусь президенті. 

Ауғанстанда зина жасаған әйелдер өлім жазасына кесілмек

Фото: Reuters

"Талибан" қозғалысының жоғарғы жетекшісі Хибатулла Ахунзада зина жасаған ауған әйелдерінің таспен атып өлтіру арқылы жазаланатынын мәлімдеді.

"Жақында біз зинақорлық үшін жаза енгізетін боламыз. Біз әйелдерді көпшілік алдында қамшымен, таспен ұрып өлтіреміз", – деді Ахунзада.

Ол бұл қадамды тәліптердің батыстың ықпалына қарсы күресінің жалғасы деп атады.

"Талибанның жұмысы Кабулды басып алумен аяқталған жоқ, керісінше енді ғана басталды", – деді ол.

Тайваньда қуатты жер сілкінісі болды

Фото: СNN

Тайваньда 7,4 балдық жер сілкінісі болды. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 1067 адам жараланған, тағы 42 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Тайваньның ұлттық өртке қарсы агенттігінің мәліметі бойынша, 663 адам суда қалған, бірақ құтқару топтарымен байланыста. Құтқарушылар қираған ғимараттардан адамдарды шығарып жатыр.

Бұл соңғы 25 жылдағы Тайваньда болған ең қуатты жер сілкінісі. Тайвань шенеуніктері 7 баллдық дүмпулер аптаның соңына дейін жалғасуы мүмкін екенін ескертті.

Жер сілкінісінің ошағы Хуалиен қаласынан оңтүстікке қарай 18 шақырымдай жерде орналасқан. Бұл халық аз қоныстанған таулы аймақ. Жерасты дүмпулері ел астанасы Тайбэйде де сезілді.

Жер сілкінісінен кейін аралда және көрші елдерде цунами қаупі туралы ескертулер жарияланды. Жапония метеорология агенттігінің хабарлауынша, бірнеше шағын цунами толқыны Окинава префектурасының оңтүстігіне жеткен. Филиппиннің сейсмологиялық агенттігі жағалаудағы аудандардың тұрғындарына ескерту жасап, оларды биік жерлерге эвакуациялауға шақырды.

Израильдің әуе шабуылы: Газа секторында еріктілер қаза тапты

Фото: АР

ЦАХАЛ-дың Газа секторына жасаған әуе шабуылдары нәтижесінде Американың World Central Kitchen қайырымдылық ұйымының жеті қызметкері қаза тапты. Қаза тапқандар арасында бір палестиналықтан басқа Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Польша және Австралия азаматтары бар.

Израиль қаза болғандар үшін жауапкершілікті мойындады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху "мұндай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын", әуе шабуылының абайсызда жасалғанын мәлімдеді.

Батыс елдері Израильдің әрекетін қатаң сынға алды

Батыс елдерінің көшбасшылары Израильдің әрекетін қатаң айыптады.

АҚШ президенті Джо Байден Израиль "бейбіт тұрғындарға көмек көрсетуге тырысқан гуманитарлық қызметкерлерді қорғау үшін жеткілікті әрекет жасамағанын" айтып, оқиғаны тез арада тергеуге шақырды.

Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Израильдің соққысынан қаза тапқан үш британ азаматының қазасына қатты таңғалғанын, Газадағы жағдайдың күн өткен сайын ушығып жатқанын атап өтті. 

Ал Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Израильден болашақта гуманитарлық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарулы күштердің әрекеттеріне өзгерістер енгізуді талап етті.

Австралия премьер-министрі Энтони Албанезе Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесу барысында “ашулы екенін” мәлімдеген.

Талқылау