"Анам үшін өмір сүргім келеді": Жасөспірімдер депрессия мен суицид туралы ойлармен қалай күресуге болатынын айтып берді
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау үрдісі барлық елде маңызды мәселеге айналды. Себебі кез келген адам түрлі жанжалдан, басқалардың немқұрайлылығынан аулақ болу үшін өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне барады. Осы орайда Stan.kz тілшісіне суицид жасамақ болып, аман қалған жасөспірімдер басынан кешкен оқиғаларын айтып берді.
Фото: med-mash.ru
Анам үшін өмір сүргім келеді
Жәнияның (есімі өзгертілді) айтуынша, оның мінез-құлқы шамамен 13 жасында өзгере бастаған. Анаммен жиі ұрысып, үйден қашып кететінмін, тіпті мұғаліміме қарсы сөз сөйлеп, сыныптастарыммен мүлдем араласпайтын деңгейге жеттім дейді ол.
"Менімен тіл табысу өте қиын болды. Көбіне үйден қашып, ақшам таусылғанда ата-анама қайта оралатынмын. Ақырында анам мені уайымдап, соңында үйге сағат 10-ға дейін қайту, достармен аз араласу, мектепке уақытында бару сынды шектеулер қойды. Анам осы шектеулер арқылы маған жамандық жасағысы келетіндей көрінді. Ол кезде тек эмоциялар басқарды", - деді Жәния.
Жәния достарының ортасында өмірден шаршағанын айтып, жиі шағымданғанын жеткізді.
"14 жасымда бір жігітпен танысып, онымен кездесе бастағанда жаман әдетім көбейе бастады. Бұл менің алғашқы қарым-қатынасым болатын. Сондықтан онымен қарым-қатынасымыз үшін қатты алаңдадым. Көп қызғанып, жанжал шығаратынмын. Бір жарым жыл жүргеннен кейін, бір күні өз ортамызда оның мені қалай алдағанын естіп, білдім. Содан кейін қарым-қатынасты тоқтатып, өз-өзіме қол жұмсаймын деп шештім. Тамырымды кестім. Бұл өмірімнің соңы болуы мүмкін еді. Алайда достарым дер кезінде анамды шақырды. Анам келіп, мені көтеріп, ауруханаға алып кетті. Дәрігерлердің айтуынша, мен белгісіз себептермен аман қалдым", - дейді Жәния.
Жанияның айтуынша, оны емдеу басталған кезде антидепрессанттар тағайындалған. Ақырында психологқа барып, достарымен сырласып күйзелісін жеңген.
"Достарыма "сәтсіздікке ұшырадым, тіпті дұрыстап өле де алмадым" деп айта бердім. Бір айдан кейін бәрі жақсара бастады. Әрине, ақымақтық жасағанымды бірден түсіндім. Осының салдарынан көру қабілетім нашарлай бастады. Алғашында психологпен жұмыс істеуден үзілді-кесілді бас тарттым. Кейіннен онымен жұмыс істеудің арқасында стресс пен эмоцияларды жеңдім. Алайда қазірдің өзінде көңіл-күйім жиі өзгереді, эмоцияларым басымырақ. Бірақ ең болмаса анам үшін өмір сүргім келеді", - дейді ол.
Жаңа ортаға үйрену қиын болды
Дастанның (есімі өзгертілді) сөзінше, бәрі төртінші сыныбында Алматыға көшіп келгеннен басталған. Үлкен қалаға келіп, жаңа ортаға, сыныптастарыма үйренісу қиын болды дейді.
"Бұрынғы достарым ауылда қалды. Енді маған жаңа ортаға үйрену қажет болды. Сыныптастарыммен тіл табысып кеткеніммен, олардан жиі оқшау жүретінмін. 10 сынып оқып жүрген кезде мені ешкім қажет етпейтіндей көрінді. Не үшін өмір сүріп жүрмін, мақсатсыз жүрген секілдімін деген ойлар мазалай бастады. Сол кезде өз-өзіме қол салу ойы келді. Алайда сол күні анам менің әрекетімді байқап, сөйлесіп, райымнан қайтарды. Сосын анаммен бірге психологқа бардық. Ол мені тыңдап, депрессияда жүргенімді айтты. Таблетка ішіп жүрдім, жағдайым жақсарды. Алайда арадан 2-3 ай өткен соң қайтадан депрессияға түстім. Ауыр ойлар мазалай беретін болды. Сосын тағы да психиатрға бардым. Үш апта психиатриялық ауруханаға жатып, толық тексеруден өттім және шизотиптік бұзылыс деген диагноз қойылды", - деді Дастан.
Дастанның сөзінше, оған қойылған диагноз адамдармен қарым-қатынасының дұрыс болмауына байланысты.
"Мысалы, мен кейде әзіл түсінбей қаламын, кез келген ескертуді ауыр қабылдап, біреу сын айтса ренжимін. Мұндай мазасыздық әлі де бар. Алайда мүмкіндігінше өзімді ұстауға тырысамын", - дейді Дастан.
Ата-ана баламен көп сөйлесуі керек
Психолог Ермек Нұрымовтың айтуынша, өз-өзіне қол салудың жиі кездесетін себебі – жанұядағы сәтсіздіктер, ата-ананың баласымен ашық сөйлеспеуінен туындайды.
"Өз-өзіне қол жұмсау ойы нақты мына жаста келеді деп айту қиын. Өйткені ата-ана балаға қалай көңіл бөлсе, солай өседі. Басты құндылық ата-ананың балаға дұрыс тәрбие беруінде. Сондай-ақ суицид жасайтындар психологиялық жарақаты барлар болуы мүмкін, яғни әлеуметтік жағдайды көтере алмай өз-өзіне қол салатындар. Одан кейін пассивті тұлғаішілік мәселелерден де суицид жағдайлары болып жатады. Мәселен, өз-өзін қабылдамау, дұрыс бағаламау, ішкі жан дүниесінің қалауын орындамау", – деді психолог.
Психологтың сөзінше, жаман ойдан арылу үшін дұрыс тамақтанып, ұйқы режиміне мән беріп, таза ауада жиі серуендеу керек. Сондай-ақ ата-ана балалармен көп сөйлесіп, ойын ашық айтуға үйрету қажет дейді.