Абай облысындағы су тасқынында 3 ер адам із-түзсіз жоғалып кетті
Абай облысындағы су басқан аймақтарда үш ер адам із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Абай облыстық ТЖД
Абай облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері Аягөз ауданында із-түзсіз жоғалғандарды іздеп жатыр.
"Аягөз өзенінен өтіп бара жатып, аттан құлап, суға кеткен 1977 жылы туған ер адамды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жоғалған ер адамның өзі жұмыс істейтін шаруа қожалығына бара жатқаны анықталды”, – делінген департамент хабарламасында.
26 наурызда Аягөз ауданында 66 және 38 жастағы екі адам "МТЗ 82" маркалы трактормен Борлы өзенінен өту кезінде жоғалып кеткен. Олар "Шалқар" шаруа шаруашылығынан Қарағаш ауылына қарай жолға шыққан.
"Ер адамдар жолды қысқарту үшін өзен арқылы өтпек болды. Алайда өзен ортасында тұрып қалған. Оқиға орнына келген құтқарушылар адамдарды таппады", – делінген хабарламада.
Жоғалған ер адамдарды іздеуге Абай облысының ТЖД, Полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен әскерилерден жалпы саны 82 адам, 4 жүзу құралы, 9 техника, 4 пилотсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.
“Сағат 18.26-да МИ-17 тікұшағы тартылып, Борлы өзені бойына аэровизуалды бақылау жасалды. Алайда бұл да нәтиже бермеді”, – делінген Абай облыстық әкімдігінің хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Орал қаласында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны туралы жазған едік.