Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейдегі президент сайлауы: Алматыдағы бас консулдықта 1,5 мыңға жуық адам дауыс беруде

Ресейде президент сайлауының үшінші күнінде елімізде сайлау учаскелері ашылды. Ресей азаматтары Ресейдің Астанадағы елшілігіндегі консул бөлімінде, Алматыдағы бас консулдық пен Өскемен және Оралдағы консул бөлімшелерінде дауыс беріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Бүгін Қазақстандағы ресейліктер Ресей президенттігіне үміткерлерге дауыс береді. Дауыс беру таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Адам қарасы уақыт өткен сайын артуда.
Дауыс беріп шыққан ресейлік азамат Stan.kz журналисіне берген пікірінде Владимир Путиннің кандидаттығын қолдайтынын айтты.

Кандидаттар тізімінде лайықты үміткерлер жоқ екенін айтқан ол Путин “100 жыл басқарса да қарсы емес” екенін жеткізді.

Алматыда Жандосов көшесіндегі консулдыққа түске дейін шамамен 1,5 мың адам келген. Жұрт аяғы әлі басылмады.

Фото: Stan.kz

Көшеде ұзын-cонар кезек қалыптасты. Сайлау учаскесіне екі жерден кіргізіп жатыр.

Бұған дейін Ресей оппозициясы "Путинге қарсы талтүс" акциясын жариялаған.  Алматыда консулдық маңына жиналғандар талтүсті шағын қол шапалақтаумен қарсы алды.

Армения мен Қазақстанда "Путинге қарсы талтүс" акцияларының кезегі ең ұзын болған. 

Ал Астанада кезек 500 метрге дейін жеткен. 

"Дождь" телеарнасының тілшісі Ресейдің Еревандағы елшілігіндегі кезек бір шақырымнан астамға созылғанын айтады.

Азаттық тілшісіне ресейліктердің басым бөлігі Кремль Украинаға соғыс жариялағаннан кейін немесе 2022 жылғы қыркүйектегі мобилизациядан соң Қазақстанға келгенін айтқан. Сол кезде Қазақстанға шамамен 400 мың ресейлік кіргені хабарланған еді. Басым бөлігі кейін үшінші елге кеткен.

Тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар сайлауды еркін емес әрі бәсеке жоқ деп бағалаған. Сайлауға бірде-бір оппозиция кандидаты жіберілген жоқ.

Талқылау