"Ағаттық кетсе, цианид өзенге құйылады": Шығыс Қазақстан облысында алтын өндіру фабрикасының салынуы төңірегінде дау шықты
Пайдалы қазба өндіруге ниетті компания қазір Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында ауқымды жұмыс бастауды жоспарлап отыр. Бірақ тұрғындар оның зардабы Көкжыра, Құлынжон және Көкжота ауылдарын қамтиды деп үрейленеді. Алтын өндіретін зауыт салынса, экологиядан бастап, жайылымнан таршылық көреміз десті. Күні кеше осыған қатысты жиын өтіп, жоба авторлары, әкімдік өкілдері және жергілікті халық жан-жақты ойын ортаға салды. Stan.kz тілшісі жағдаймен жақынырақ танысты.
Фото: Stan.kz
Жалға беріліп қойған жер
Ресми ақпаратқа сәйкес, округ маңын барлау 2006-2016 жылдар аралығында жүргізілді. Оны қолға алған "Каскад-Н" ЖШС мекемені мемлекеттік қорға тіркеп, алтын өндіруге қамданғанда бағалы металл бағасы түсіп, өзін-өзі ақтамайтын болған. 2020 жылы алтын бағасы қайта көтерілген соң жоба дайындалып, жұмыс жалғасын табады. Әу баста таңдалған жерді Самар ауылының халқы ұнатпаған.
Серіктестік басшылығының мәліметінше, "бізге қолайсыз" деп қоғамдық тыңдау кезінде құрылысқа рұқсат берілмеген. Әрі қарай әкімдікпен байланысқа шығып, қоғамдық кеңес құрылды. Самар ауылының бірнеше тұрғыны 2023 жылы ақпанда хаттамаға қол қойып, Ертіс бойындағы құмды алқапты нұсқапты. Нұсқағанда да, "жайылым мен шабындықтан алшақ аумақ сол ғана" деген көрінеді. Осы ретте аталған мекеме Құлынжон іргесін жер қойнауын пайдаланушы ретінде тез-ақ ресімдеп алды.
Қоғамдық тыңдау түс ауа басталды. Алдымен осы жұмысты жобалаушы Дәулет Асанов жоспармен таныстырып, мұның тұрғындар мен қоршаған ортаға зияны жоқтығын түсіндірді. Соған сүйенсек, жобаның мақсаты – “доре” деп аталатын алтын-күміс қорытпасын алу үшін Құлынжон кен орнындағы алтын рудаларын өңдеу.
“Осы ауылдан солтүстік-батысқа қарай 5,1 шақырым жердегі 186 гектар болатын аумақта қалдық қоймасы бар фабрика құрылысы жоспарлануда. Жер учаскесі 2032 жылдың 29-шы наурызына дейін жалға берілген”, – деді Дәулет Асанов.
Дәулет Асанов
Техникалық жағынан тоқталатын тұсы көп. Қысқаша жазсақ, биіктігі 6 метрге жететін жағалау бөгеттері бой көтеріп, ол қалдық қоймасына арналмақ. Ауа бассейні бойынша негізгі ластаушы заттар: ксилол, бейорганикалық шаң, ацетон, керосин, сольвент және уайт-спирит деген ерітінді.
Бірақ тұрғындар үшін ресми мәлімет пен оның барысы қызық болмады. Мәдениет үйінде "қолдаймыз, зауыт салынсын" деген бірде-бір сөйлем айтылған жоқ. Көкжыра жұртының сөзінше, зауыт іске қосылып, көліктер үздіксіз қатынаса, ауыл шетіндегі соқпақ жолды басып өтеді. Тіке тартқаннан Самардың іргесіне жетеді. "Жолай шабындық шетімен де өтіп, шайқалған техникалардан ұшқан зиянды қоспалар ауамен араласады" десті. Жиын кезінде қаржылық тиімділік жағы да сөз етілген. Алтын өндіргені үшін "Каскад-Н" ЖШС Самар ауданына ай сайын 100 миллион теңге салық төлейді. Одан бөлек, 15-20 миллион теңге көлемінде салықтың басқа түрлері осы жақтың қазынасына түспек.
“Бұл жобада жел эрозиясының қоршаған ортаға тигізер әсері қаралды ма? Жылына 275 мың текше метр су шығыны болады дедіңіздер. Ауыз су ретінде неліктен сол аумақтағы жер астынан шығатын суды пайдаланбасқа?”– деді Көкжыра ауылының тұрғыны Тұрсынғазы Мәжібаев.
Оған берілген жауап – ауызсу вахталық кентте болмақ. Ол зауыттан бір шақырым жерде орналасқан. Бұл жағы ұңғыма бұрғылау негізінде жүзеге аспақ. Жұмысшылардан бастап, басшылыққа дейін сол суды тұтынатын көрінеді. Құлынжон ауылының тұрғыны Нұрлан Мұратханұлы фабрика салатын орын ретінде неліктен осы жердің таңдалғанын сұрады. Дегенмен бұған тұщымды мәлімет берілмеді. "Каскад-Н" басшысы Сержан Хасеновтің айтуынша, жазықта жалғасқан жұмыстан ешкім зардап шекпейді.
Құлынжон маңы қалай таңдалды?
Ал Самар жақтағы кен өндіру алқабындағыдай ашық әдіспен цианид қолданылса, зарбады күрделі болатынын айтты.
“Ағаттыққа жол берілсе, цианид өзендер мен көлшіктерге құйылуы мүмкін. Мұның алдында Самар ауылында жиын өтіп, онда басқа жер таңдалды. Тиісінше, технология да жаңартылды. Егер Самар маңындағы фабриканың жобасы – 1,5 млрд теңге болса, бұл жердікі 8,5 млрд теңге. Бастысы, Құлынжон іргесіндегі жұмыс жабық әдіспен жүзеге асып, цианид зауыт ішінде ғана қолданылады. Бізге ұзындығы – екі, ені – бір шақырымға жететін учаске керек болған соң, оларды Ертіс бойындағы карьерлерге орналастыру мүмкін емес. Өйткені, суы қорғалатын аймаққа өтіп кетеміз. Тиісінше, Самардан басқа учаске қарастырылды”, – деді "Каскад-Н" басшысы.
Фото: Stan.kz
Әрі қарай қоғамдық кеңес өкілдерімен тізе қосып, қолайлы аумақтар іздей бастаған.
“Бұл ретте Александр Федосов, Нұртас Есенов, Ержан Дюсупов және экология департаменті өкілдерімен бірге маңайды араладық. Олар учаске ешкімнің қолданысында болмаған соң фабрика салуға болады деді. Өзім бұл жақтың тумасы емеспін, жер жадысын жөнді білмеймін. Самар ауданы әкімдігі ұсынған соң келістім. Бірақ техникалардың қатынауы тұрғысында бізге тиімсіз, осының салдарынан жоба құны тағы 3 миллиард теңгеге қымбаттады”, – деді Сержан Оралханұлы.
Анығы сол, аталған мекемеге Құлынжон іргесінде фабрика салу тиімсіз. Басқа учаске табылмаған сыңайлы. Құлынжон тұрғыны Нұрлан Мұратханұлы сол аумақтың таңдалуына аудан әкімдігі рұқсат берсе де, жергілікті тұрғындармен санаспауларын сынға алды. Сөзінше, бірнеше адамның ой-пікірі көп адамның қалауын жоққа шығармауы керек. "Каскад-Н" мекемесінің басшысы аудандық қоғамдық кеңестің бас экологы Александр Федосов екенін алға тартты. Бірақ ол адам жиынға келмеді. Көпшілік "Біз қарсымыз!" деп бірауыздан сөйлегенде жоба авторлары "құр ұран емес, нақты сауалдар керек" деді.
Бұл ретте Құлынжон тұрғыны Самархан Демесінов "жұмыс неліктен жиын болмай жатып басталды?" деп алғашқы сұрағын қойды. Олардың сөзінше, сол уақытта қолдарында вахталық кент салуға рұқсаттары болды. Келесісі, айналасы ат шаптырым аумақта көл, әріректе Ертіс және қорық орналасқанын ескеріп, айналаға келтірер зияны сөз етілді. Соңғы жылдары Көкжыра мен Құлынжон топырағын көтеріп, екпіндете соғатын жел де көктем шыға бес айға дейін жалғасуда. Самархан Демесіновтың айтуынша, зауыт маңында топырақ уатқыш қондырғы орнатылған, тиісінше, шаңнын желмен ауылға жылжитыны жасырын емес. Ал жобалаушылар қорықта Қызыл Кітапқа енетін өсімдік жоқ екенін, жүгірген аң қоршалған һәм жұмыс жүріп жатқан жермен жүрмейді деп сендірді.
Фото: Stan.kz
Александровка деп аталатын жердегі кен орны мен фабрика салынуы мүмкін алқаптың аралығы – 40 шақырым. Айына 30 мың тонна жүк тасылмақ. Ресми дерекке сәйкес, жұмыс уақытындағы бір ауысымда 20 техника әрі-бері қатынайды деген сөз. "Каскад-Н" өкілдері жол бұзылса уақтылы реттеп, шаң көтерілсе, су таситын көліктермен ылғалдандырып отыратындықтарын айтып сендірді. Дәулет Асанов жұмыс барысын қадағалайтын комиссия құрылуын, оған жергілікті жұртты енгізуге болатынын айтты. Зардабы қалай боларын бағамдап отырған құлынжондықтардың кейбірі нысан салынса, еріксіз көшуге дайын. Олардың ойы сол, Ыбырай мектебінен бастап, елдімекен тумалары дайындаған бірегей жобалардың бәрі зая кеткелі тұр. Тұрғындар үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқанда, тараптар пікірінде қайшылық байқалды. Нұртас Есеновтің сөзінше, көпшілік пікірі ескеріліп, рұқсат берілмесе, "Каскад-Н" өкілдері басқа жаққа кетеді. Бірақ мекеме өкілдері ондай дүние болмайтынын, қоғамдық тыңдауда дауыс берілмейтінін айтты.
Мекеме халықпен мәмілеге келуге мүдделі
Көкжота ауылының тұрғыны Қанат Биқатов былғанған судан мал су ішетінін айтып, сайып келгенде, кесірі көршілес ауылдарға тиетіндігіне күмән келтірмеді. Сержан Хасенов гидрооқшаулау жұмыстары нәтижесінде зиянды қалдықтардың бір тамшысы да топыраққа төгілмейтінін алға тартты. Құлынжон ауылының бірнеше тұрғыны жергілікті халыққа белгілі бір мөлшерде өтемақы төленсе, ымыраға келу мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Сексенннің төртеуіне келген көкжыралық Гүлбану Байханова жиын өткізушілер ұртынан жастарды жұмысқа алу туралы ұсыныс айтылмағандығына күмәнданды.
“Құрылыс басталып кеткен жағдайда, зауытта басқа жақтан келген адамдар жұмыс істейтін сияқты. Мұндағы халыққа ұсыныс түспеді. Оқиға солай өрбісе, жобаның тиімді тұсы қане? Осының керегі қанша? "Бәрі жақсы болады" деп беріліп жатқан уәде көп, бірақ орындалмайды. Егер бұқара жұрт, әсіресе жастар жұмыспен қамтылмаса, зауыттың қажеті жоқ”, – деді зейнеткер.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, зауыт салынса, 280 адамға жұмыс орны ашылады.
“Жұмысшылардың жартысынан көбін маңайдағы ауыл жігіттері құрайды деп ойлаймын. Себебі, жалақылары басқа фабрикалардан төмен болмайды. Ең төменгі жалақының өзі – 250 мың теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін барады. Құлынжон учаскесінде еш жер қазылмайды, тек зауыт бой көтереді. Қазылатын аумақ – Самардың ары жағы, – деді "Каскад-Н" ЖШС басшысы.
Жауапты тұлға ең соңында халық көңілінен шығатын шешім қабылданатынын алға тартты. Мал жайылымы бүлінбейді деп сендірді. Бірақ Құлынжонның бірнеше тұрғыны айтқан ұсыныстың қолдау табуы екіталай сияқты. Жиын барысында әр тұрғынға миллион теңге көлемінде өтемақы төлеу жағы қозғалған-тұғын. Бәлкім, бұл жағы әлі талқыға салынар. Себебі, қоғамдық тыңдаулар мұнымен шектелген жоқ. Жобалаушылар халықпен келісімге келу жағын басшылыққа алып отыр. Рұқсат берілсе дейді, фабриканы бір жылда салып бітуге әзір.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер автордікі)