Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жейдені көлікке алмастырдым": Ақтаулық азамат марқұм досының отбасына ерекше тәсіл арқылы үйлі болуға көмектесті

Жейдені автокөлікке ауыстырар ма едіңіз? Ақтаулық 40 жастағы азамат Айдар Кәрімбаев өзінде бар заттарды өзгелермен алмастыру арқылы марқұм досының артында қалған отбасына көмектесті. Азамат “Көңілді тапқырлар клубында” бірге өнер көрсетіп, актерлық мансабында бірге жетілген ақтөбелік досының өмір сынақтарынан көз жұмғанын айтады. Азамат қайғылы оқиғадан соң досының артында қалған екі қызы мен жарына қалай көмектесемін деп ұзақ ойланған. Ол желіден қызық тәсіл тауып, жейдені көлік пен ақшаға қалай айырбастағанын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Суретте Айдар Кәрімбаев

Айдардың негізгі мамандығы – экономист. Екі баланың әкесі бүгінде актер болып жұмыс істейді. Ол бұл салаға “Көңілді тапқырлар ойынынан” бастап келген екен. 

“Досым Мұрат Беймағанбетовпен осы Көңілді тапқырлар алаңында таныстық. Ол Ақтөбе қаласының команда капитаны болды. Мен Ақтау атынан қатыстым. Бәріміз бір лигада ойнадық. Танысқан соң тез араласып кеттік. Бірге роликтерге, сериалдарға сценарий жаздық. Актер ретінде де бірге жұмыс істедік. Ақтөбеге барсақ ол қонақ етіп, Ақтауға келсе мен қарсы алып, жақсы қарым-қатынас орнаттық. Тіпті отбасылық достарға айналдық. Міне, солай араласқанымызға 15 жылдай уақыт өтіпті”, – деді ол. 

Айдар 2023 жылы Алматыда түсірілімде жүрген кезінде суық хабар естіген.  

“Оның өлімі туралы ашық айтқым келмейді. Алайда негізгі себеп лудомания болды. Досым соның салдарынан көз жұмды. Артында әйелі мен екі қызы, анасы қалды. Кішкентай, шамамен 50 шаршы метр үйде өзі, әйелі, екі қызы мен анасы сосын үлкен әпкесі тұратын. Асын өткізіп болғасын оның отбасына көмектесу туралы ой келе бастады”, – дейді азамат. 

Суретте кубок ұстаған Айдардың досы Мұрат Беймағанбетов

“Иманбектің жейдесін кофе қайнатқышқа алмастырдым”...

Актерлықпен қатар желіде де белсенділік танытып, біршама аудиторияның қолдауына ие болған азамат кейін қайырымды істі қалай жасауды ойластыра бастаған. Ол Youtube желісінен америкалық азаматтың қалай қыстырғыш құралды үлкен бағалы заттарға алмастырып, қайырымдылық жасағанын көрген екен. 

“Оны қайталаған адам көп екен. Сосын мен де осы тәсілді неге пайдаланбасқа деп ойладым. Негізі “баспана алып берсем ғой” дейтінмін. Бірақ ол тәсіл мұндай ауқымды нәтиже береді деп мүлде ойламаппын. Максимум бір ноутбукке дейін жететін шығар деп үміттендім. Ары қарай ешкім қолдау бермейді деп топшыладым”, – дейді азамат. 

Айдар не болса да, бұл тәсілді қайталап көруге бекінген. Сөйтіп жүргенде кезекті түсірілімде оған Иманбек жейдесін сыйға тартқан. Айдар Кәрімбаев алмастыратын бірінші зат ретінде жейдені желіге шығарған. 

Суретте Айдар Кәрімбаев Ақтөбе облысының әкімімен

“Кезінде біз Иманбек екеуіміз бір сериалда ойнаған едік. Ол түсірілімнің соңғы күні бізге өзінің мерчін сыйға тартты. Мерч еш жерде сатылымда жоқ. Сол жейдені өзім киіп жүрдім. Былай қарасам, бұл да бір тарих болып қалады екен. Соны түсіндім. Грэмми сыйлығын алған қазақтың жейдесін сториске жарияладым, айырбастауға шығардым. Мақсатымды жеткіздім. Негізгі ережесін де бәріне ашық айттым. Мұнда олардың маған беретін заты менің ұсынған затымнан сәл қымбаттау болуы керек”, – деп қосты ол. 

Көп уақыт өтпей Айдарға түрлі затты жинауды хоббиіне айналдырған жақын інісі хабарласыпты.

“Ол атақты адамдардың, спортшылардың жейделерін, заттарын жинайды екен. Маған жейденің орнына кішігірім кофе қайнатқышты ұсынды. Кейін Тараздан хабарласып оны кілемге ауыстырды. Кілемді көрген жергілікті шебер оны мангалға ауыстырғысы келетінін айтты. Тауардың бағасы қымбаттаған сайын адамдардың да ұсынысы азая бастайды”, – деді Айдар.

Айдар өзінің айырбастаған заттарын былай тізбелеп берді:

  • Иманбектің жейдесін – кофе қайнатқыш;
  • Кофе қайнатқышты –кілемге;
  • Кілемді – мангалға;
  • Мангалды – аңшылар, балықшылар арасында өте бағалы шатырға;
  • Шатырды – Macbook Air-ға;
  • Macbook Air-ді – мопедке;
  • Мопедті – квадратациклге;
  • Квадратациклді – 1001 роза сертификатына;
  • 1001 роза сертификатын – Iphone телефоны мен Air pods-қа;
  • Iphone телефоны мен Air pods-ты –  iMac компьютеріне;
  • iMac компьютерін – 2002 жылғы Mitsubishi Lancer көлігіне ауыстырған.

“Көлік те, 3 миллион теңге де бізде қалды”…

“Бұл заттарды ауыстырған адамдардың бәрі менің бұл әрекетті қайырымдылық үшін жасайтынымды біліп, барынша көмектесті. 2002 жылғы Mitsubishi Lancer көлігіне ауыстырғанымда көліктің жағдайына қарамастан қуандым. Ол кезінде құрылыс компаниясының жұмысшыларын тасыған көлік болған екен. Іші шаң, моторы болған жоқ. Бірақ иесі моторын ауыстырып берді. Кейін мен бұл көлікті желіге салып, химиялық тазалау қажет екенін айттым. Кім көмектесе алады дегенімде, көлік жөндеу орталықтары хабарласа бастады. Олар мұның бәрі қайырымдылық жұмысы екенін біліп тұрды. Содан ба, олар тазалап қана қоймай, газ қондырып, қабын, шамдарын, резиналарын, еден, орындығын ауыстырды. Сыртын бояп, мүлде жаңартты. Нәтижесінде ескі көлік адам танысмастай өзгеріп, салоннан шыққан жаңа темір тұлпарға айналды”, – деді азамат. 



Айдар өзінің бастапқы мақсаты бойынша көлікті пәтерге алмастырғысы келген. Алайда алмастыруға келген ұсыныстар өзіне ұнамағанын айтады. 

“Оны пәтерге ауыстырғымыз келіп еді. Көбі үстемеақы сұрады. Ал қарсы еместердің үйі сүрілуге кететіні белгілі болды. Сол себептен марқұм досымның жұбайына хабарласып, көлік барын айттым. Ол көлік жүргізе алмайды екен. Одан да ақшалай көмектің дұрыс екенін түсіндім. Ойланып жүргенімде досым желіде ұтысқа көлікті қойып, лотерея ойнатып, одан түскен қаражатты досымның отбасына беру туралы идея ұсынды”, – деп қосты ол.

Көлік пен ақшаны табыстау сәтінен

Айдар осыдан соң көлікті желіде ұтысқа ойнатқан. Қызығы сол оны марқұм досы Мұратпен бір кездері бірге жұмыс істеген Ақтау қаласының мәдениет үйінің бастығы жеңіп алды. Ол көлікті алудан бас тартып, оны Мұраттың отбасына сыйлайтынын жеткізген. 

“Осылайша риза болып, көлік пен лотереядан түскен 3 миллион теңге ақшаны алып, Ақтаудан Ақтөбеге жол тарттық. Жеткен соң оларды досымның жұбайына табыстадық. Бұл айырбастау жұмысына бір жыл уақыт кетті. Осы уақытта досымның жұбайы банкке бастапқы жарнасын жинап, ипотекаға пәтер алған еді. Сөйтіп ол көлікті сатып, жиналған ақшаны қосып ипотекасын өтеді”, – деді Айдар.

Суретте Айдар Кәрімбаев марқұм досының отбасымен

Азамат айырбастау кезінде көмектескен барлық адамға алғысын айтып, алдағы уақытта да осындай қайырымдылық жұмысын жалғастыратынын айтты. 

“Шынымды айтсам, осындай көлікке дейін жетеміз деп күтпедім. Досымның отбасы да мұндай көмектің болатынын ойламаған екен. Олар қатты қуанды. Данияр Әлімбаев деген досымыз төрт жыл бұрын қаза тауып, артында әйелі мен төрт баласы қалған еді. Балалары спортқа жақын, өте талантты. Бірақ оларға да көмек қажет. Ендігі айырбастауды соларға арнасам ба деймін. Алдағы уақытта да осындай қайырымдылықты жалғастыру ойымда бар”, – деп қорытты ол. 

Талқылау