Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Артыңыздан аңдып, қысым көрсететін адамдарға не істеу керек: Адвокат жауап берді

Танымал адвокат Жанна Уразбахова телефон арқылы хабарласып, мазалап, аңдитын адамдармен қалай күресу керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Белгілі заңгер бұл туралы әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында мәлімдеді. 

“Қыздардан аңду бойынша көп өтініш келіп түседі. Қазақстанда аңду бойынша жаза жоқ. Тек қорқыту болған жағдайда ғана жаза қолдануға болады. Немесе сізге қорқыту және қорлау сөздерін жіберген хаттарды нотариалды түрде құжаттандырып, сотқа барасыз. Қорлау фактісін анықтау үшін филолог-психологтан хаттама аласыз. Сосын сотта дәлелдейсіз. Оның сыртында, біреу сізге қандай да бір тәсілмен күш көрсеткен жағдайда да сотқа жүгіне аласыз. Алайда бұл бап бойынша жаза жеңіл. Бірінші рет болған жағдайда тек қана ескерту береді. Сосын сіз сот шешімімен полицияға барып, жаныңызға жолауға болмайды деген шешім аласыз. Бірақ полиция қызметкерлері тарапынан "сенің артыңнан жүгіргенін қаламайсың ба, онда тұрған не бар" деген сияқты сөздер айтылады. Дегенмен егер рұқсат ала алсаңыз ол 30 күнге ғана жарамды. Үнемі жаңартып отыру керек”, – дейді адвокат.

Сонымен қатар, заңгер Талдықорғанда болған осыған ұқсас жағдаймен де бөлісті.

"Талдықорғанда болған оқиғаны айтып берейін. Бұрынғы жігіті қыздың артынан қалмай, қорқытып, кейін тіпті қыздың жұмыс орнына келіп, қызды қағаз кесуге арналған пышақпен жарақаттаған. Алайда, ол жігітке заң бойынша қыздың жанына келуге тыйым салынған болатын. Жігіт бұл шешімге бағынбаған. Сондықтан, егер сот шешімі қолыңызда болса, онда үйіңіздің алдына келіп тұрса да полицияға хабарласа аласыз. Полиция шара қолданбаса, онда прокуратураға да хабар бере аласыз. Мұндай жағдайда әкімшілік сот болып, ол қамауға алынады”, – дейді Жанна Уразбахова.

Талқылау