Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш жыл балетпен айналысқан: "Қазақстан аруы-2023" атанған ару туралы не белгілі

14 желтоқсанда "Қазақстан аруы-2023" ұлттық сұлулық байқауының финалы өтіп, оның жеңімпазы 21 жастағы алматылық Сабина Ыдырысова атанған еді. Stan.kz тілшісі әлем алдында қазақ қызының келбетін көрсету мүмкіндігін алған ару туралы бірнеше деректі назарларыңызға ұсынады.

25 арудың ішінен суырылып шыққан Сабина кәсіби бимен айналысады. Ол А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін бітіріп, "Астана Балет" театрында өнер көрсеткен. Ару биыл шілде айында балерина ретіндегі мансабын аяқтап, Алматыға оралған. 

"Астана Балет" театрында үш жыл жұмыс істедім. Осы жылы мансабымды аяқтап, өмірімді жаңадан бастауды шештім. Дәл осы кезде кастинг директор "Қазақстан аруына" іріктеу жүріп жатқанын айтты”, – дейді Сабина. 

Сабинаның бойы –  175 см, дене өлшемдері – 82-63-92. Сондай-ақ ол “Silence models” агенттігінде моделдікпен айналысады. Бүгінде қазақ, ағылшын тілдерінен сабақ алып, үйреніп жүр. 

Ару байқаудың жартылай финалынан кейін әлеуметтік желіде жазба жариялап, өзін жаңа қырынан байқағысы келетінін жеткізген еді. 

"Кез келген тәжірибе өзіңнің өзге де қырларыңды ашатын кілт. Бұл байқауға қатысу мен үшін күтпеген жағдай. Өмірімнің ең қолайлы сәтінде, балерина ретіндегі мансабымды аяқтап, Астанадан оралған кезімде мені байқауға қатысуға шақырды.

Мен көп армандағанды ​​жақсы көремін. Ғажайыптарға сенемін. Одан бөлек, батыл, жауапты адам ретінде өзіме жаңа мүмкіндіктер ашылатынына сенемін”, – деген еді ару. 

Сабинаның сенімі ақталып “Қазақстан аруы – 2023” атанды. Титул иесіне асыл тастармен көмкерілген тәж бен “Әлем аруы” байқауына жолдама және 5 миллион теңге ақшалай сыйлық табысталды. 

“Шынымды айтсам әлі де сене алмай тұрмын. Жеңемін деп күтпеген едім. Себебі қатысушылардың бәрі сұлу және мұндай атаққа лайықты болды. Толқып тұрмын. Алдағы уақытта моделдік қызметімді дамытып, актерлік бағытта да өзімді сынап көргім келеді. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Қаржылай сыйлықтың бір бөлігін ата-анама беріп, қалғанын “Әлем аруы” байқауына дайындыққа жұмсамақпын”, – деп қосты ару.

Сонымен қатар Сабина Ыдырысова өзге қатысушылармен дайындық кезінде жақсы қарым-қатынаста болып, тез достасып кеткенін алға тартты. Ару енді әлем алдында Қазақстан атынан шығатын алдағы байқауға дайындығын бастамақ.

Талқылау