Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өгей баламмен қарым-қатынасымды жақсарту үшін бардым": Кімдер және не үшін гипноз арқылы емделіп жүр?

Бүгінде әлеуметтік желіде адамның өткен өмірімен, балалық шақтағы жарақаттарымен және реніштерімен жұмыс істейтін регрессолог мамандардың қарасы көбейді. Аталмыш мамандар регрессивті гипноз (гипноздық күйде өткенге саяхаттау-авт) арқылы адамның түпсанасына еніп, олардың мәселелерін шешіп, болашағын өзгертуге уәде етіп жатады. Осы тұста Stan.kz тілшісі жақында пайда бола бастаған ұғымды зерттеп көрді. Регрессолог маманнан гипноз қандай ауруға ем бола алатынын, кімдер гипнозға түспейтінін сұрап білді.

Фото: instagram.com/nazym_yessenova

Регрессиялық терапия деген не?

Регрессиялық терапияның анықтамасын психологтар “бейсаналықпен, жанның терең жадымен, естеліктермен жұмыс істейтін, медитация арқылы басқарылатын әдіс” деп түсіндіреді. Кейбірі бұл тәсілді “уақыт машинасы” немесе “өткен өмірге саяхат” деп атайды. 

Мамандардың айтуынша, білікті гипнотерапевтер психологиялық сырқаттардан (күйзеліс, паникалық шабуыл, т.б.) бөлек асқазан жарасы, гипертониялық аурулар, бас ауруы, бронхалық демікпе, тершеңдік пен дене мүшелерінің жансыздануы секілді ауырсынулардан айығуға көмектеседі. 

Қазақстандық регрессолог маман Назым Есенова регрессивті гипнозды адам жанының осы және бұған дейінгі өміріндегі күйге енуі, сондай-ақ адамның ДНҚ жады арқылы шығу тегін білуге көмектесетін құрал деп түсіндіреді. 

Гипноз дерттерге ем бола ала ма?

Назым Есенова регрессивті гипноздың дертке шипа болатынын айтады. Мұндай жағдайлар өз тәжірибесінде де кездескен. Бірақ адамның сырқатынан айығуы аурудың түріне байланысты. 

“Біз Құдай немесе дәрігер емеспіз. Адамды ауру мазалап келсе бірінші оның қайдан (психикалық немесе физикалық) пайда болғанын анықтап аламын. Егер физикалық тұрғыдан (денесінің белігіл бір мүшесі) ауыратын болса, бірден дәрігерге жіберемін. Мысалы, соқыр ішегі ауырған клиент маған маған емесе, дәстүрлі медицинаға жүгініп, дәрігерлерге бару керек. 

Бірақ егер ауру тұқым қуаласа, клиенттің өзінен бөлек ата-бабалары да сол сырқатпен ауырса регрессивті терапия көмектесуі мүмкін. Мысалы, артритпен ауыратын немесе буындары мазалайтын адамдар – өз потенциялы мен күш-қайратын толығымен жұмсай алмайтындар. Біз терапевт ретінде сөйтіп аурудың қалай, не себепті пайда болғанын біле аламыз. Онымен жұмыс жасаған соң сырқатты емдеп, жазуға болады. Бірақ науқас дәстүрлі медицинаға да жүгініп, дәрігерлерге қаралу қажет. Тағы ескере кететін жағдай, регрессивті гипнозды нәтижесін бірден байқау мүмкін емес, ол үшін уақыт қажет”, – дейді регрессолог.

Терапия алдында адам қазіргі өмірінде өзін мазалап жүрген көкейіндегі сұрақты қояды екен.

“Кейін ол ем барысында бұл мәселенің қашан және қайдан пайда болғанын білу үшін өткен өмірін, болған оқиғалар мен ата-бабаларын еске түсіреді. Мысалы, адам қарым-қатынас құра алмай, жеке өмірінде қандай да бір қиындықтар болып регрессологтың көмегіне жүгінді делік. Регрессиялық терапия кезінде ол адамның өткен өмірінде махаббаттан көңілі қалып, зардап шеккені сөйтіп өз-өзіне “ешқашан ешкімді сүймеймін” деп ант бергені анықталды. Оның осы өмірдегі мәселелерінің бастауы да, шешімі де сол серт болып шықты. Терапия барысында біз сол сәтке оралып, анттың күшін жоямыз. Нәтижесінде оның қазіргі өмірі жақсы жаққа қарай өзгеріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды”, – дейді регрессолог. 

 

“Терапия кезінде өткен өмірді ғана емес, болашақты да көруге болады”

Назым Есенованың айтуынша, өзіне адамдар көбіне ақша, қарым-қатынас, өзін-өзі дамытуға қатысты сұрақтармен келеді екен. Мәселелердің себеп-салдарын анықтап, ішкі жараларын емдеген соң адам өзінің энергиясын көкейіндегі сұрақтарының шешімін табуға жұмсайды. Осылайша адамның бойында күш-қуат, өмірге деген құлшыныс пен сенім пайда болып, қорқыныш жоғалады. Нәтижесінде мәселе де жедел шешімін табатын көрінеді. 

Назым Есенова регрессивті терапияны онлайн өткізуге болатынын айтады. Сондай-ақ ол гипноз алдындағы дайындықтың маңызды екенін атап өтті.

“Мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдармен онлайн регрессивті терапия жүргіземін. Бір сеанс 1,5-2,5 сағатқа созылады. Терапия мәселені талқылаудан басталады, кейін гипнозға кірісеміз. Бұл ретте клиенттің толығымен трансқа түсіп кетпейтінін ескеру керек. Ол есін білетіндей жағдайда болады. Индукцияның мақсаты – адамның денесін, ақыл-ойын барынша босаңсытып, терапия барысында оның түрлі бейнелер, ойлар мен сезім түрінде ақпарат алуына мүмкіндік беру. Егер клиент инкарнацияға сенбесе, терапия барысында көрген бейнелерге ертегі терапиясы деп қараса болады. Адамның түпсанасында қандай дүниелер болса процесс кезінде сол бейнелерді көреді. Клиенттің өміріндегі мәселенің түйінін шешу үшін өткенге оралып, оқиға желісін өзгертеміз. Сәйкесінше, уақыт өте оның ойы, қылықтары өзгереді. Осылайша кез келген мәселінің нәтижесін де өзгерте аламыз. 

“Біздің бұрынғы өмірлеріміздің есімізде қалмауы заңдылық. Егер өткен өміріміз жадымызда сақталса ондай “тәжірибемен” қазіргі өмірімізді сүре алмай, есіміз ауысып кетер еді. Сол себепті белгілі бір мәселенің шешімін таппай жүрсеңіз, қандай да бір сұрақтарыңыз болса ғана регрессологтың көмегіне жүгінген жөн. Терапия кезінде өткен өмірді ғана емес, болашақты да көруге болады. Ол прогрессия деп аталады. Бірақ регрессивті және прогрессивті терапияны еріккеннің ермегіне айналдырудың қажеті жоқ”, – дейді Назым Есенова. 

Регрессивті терапияның пайдасы мен зияны

Маманның сөзінше, егер білікті маманның көмегіне жүгініп, терапия барысында өзіңізді жақсы сезінсеңіз регрессиялық гипноздың ешқандай жанама әсері немесе зияны болмайтын көрінеді. 

“Ал пайдасы: бойыңыздағы күш-қуатыңыз артып, өзіңізді мазалаған сұрақтардың жауабын, мәселелеріңіздің шешімін табасыз. Сондай-ақ психикалық ауытқулары бар (күйзелісте жүрген, шизофриния, эпилепсиямен ауыратын) адамдарға және жүрегі ауыратын (инфаркт, инсульт алған, жүрегіне ота жасалған) адамдарға регрессиялық терапиядан өтуге тыйым салынады. Жүктілік қарсы көрсеткіш болып саналмайды. Дегенмен, мұнда әйелдің денсаулығы, эмоционалдық күйі маңызды”, – дейді Назым. 

Регрессолог маман қызметі үшін орташа есеппен 45 мың теңге алады, тіпті 685 мың теңгеге дейін баратын кездері болады екен. Назымның бір сеансының құны – 136 мың теңге. 

“Гипноз терапиясынан кейін қызмет жолымда көтерілдім”

Назым Есенова регрессологияға қалай келгенін және алғаш рет өзінің өткенге оралған сәтін еске алды.

“Мен кішкентай кезімнен “өткен өмірге” сенетінмін және эзотерикаға қатты қызығатынмын. Регрессолог болғанға дейін посткеңестік кезеңде өзім тапқан эзотерикалық бағытқа қатысты барлық тәжірибелерге қатысып көрдім. Сонымен қатар үлкен компанияларда маркетолог, сату бөлімінің бастығы, тіпті халықаралық медиа-компанияның Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры болып қызмет атқарып, мансап құрып жүрдім. Сөйтіп алғаш рет 2020 жылы өзім клиент ретінде регрессологтың көмегіне жүгіндім”.

“Бірінші сеанс өте қызық болды. Мен регрессолог маманға қаражатымды арттыру, табыс көзін кеңейту мақсатында бардым. Сол сеанстан кейін 2 ай өткен соң өзім қызмет етіп жүрген медиа-компанияның бас директоры болып, компания бизнестегі белгілі бір үлесіне ие болдым. Сондай-ақ мен тереңдіктен және судан қорқатынмын. Бірақ терапия барысында ол мәселеге мән беріп жатпадым. Регрессологқа алғаш барған кезде сол қорқынышымды жеңдім. Араға бірнеше ай уақыт салып тереңге сүңгуді үйрендім, сөйтіп Египетте өткен фридайвингке қатысып, фридрайвер болдым. Әлі күнге дейін балаларыммен әлем аралап, тереңдікте жүземін. Бір жыл бойы клиент ретінде регрессологқа барып жүріп, сеансты қалай жүргізу керегін үйреніп алдым. Өзім де жаттығып, клиент қабылдай бастадым”, – дейді регрессолог маман. 

Классикалық және регрессивті гипнозды университеттерде психолог, психотерапевт және психиатр мамандығы бойынша оқып жүріп меңгеруге болады. 

Терапия сізге көмектеспеуі де мүмкін

Регрессивті терапияға барып, өміріндегі сәтсіздіктер мен мәселелердің түйінін шешетіндер көп екен. Солардың бірі –  Ирина Мерц. Ол әлеуметтік желіде қандай мақсатта регрессологтың көмегіне жүгінгенін айтып, өз оқиғасымен бөліскен. 

“Мен күйеуімнің баласымен (өгей баламмен) қарым-қатынасымды реттеу үшін регрессологқа бардым. Терапия алдында 2 сағат бұрын тыныштық орнатып, дайындық жасадық. Музыка тыңдамай, кофе сияқты бой сергітетін сусындардан бас тарттым. Сеанс барысында есімді біліп жаттым. Гипнозда жатып бейнелер мен кескіндерді көзге құдды бір нәрсе елестегендей көруге болады”, – дейді кейіпкер гипнозда жатқан сәтін еске алып.

Алайда регрессивті терапиядан кейін кейіпкер ештеңе өзгермегенін, мәселенің шешімін таппағанын айтады.

“Терапия кезінде өзімді жақсы сезіндім. Ешқандай қиындық, қорқыныш сезімі болмады. Бірінші рет регрессологқа барғандықтан өзіме қатты қызық болды. Алайда менің мәселем сол күйі шешімін таппады. Мүмкін іштей әлденені түсініп, қорытынды жасаған болармын. Бірақ физикалық тұрғыдан ешқандай өзгеріс болмады. Десе де, мәселелердің шешімін өзімізден емес, сыртқы ортадан іздеген дұрыс деп санамаймын. Біз өмірімізді өзіміз жасаймыз. Ал регрессивті гипноз – өткен өмірмен, текпен, балалық шақпен жұмыс. Яғни өзіңді мазалап жүрген мәселеде кінәні өзіңнен емес, өзгелерден іздейсің. Регрессолог маманды дұрыс таңдай алмағандықтан сұрақтарыма жауап ала алмадым деп есептеймін. Осыдан кейін біздің өмірімізді өзімізден басқа ешкім өзгерте алмайтынына көзім жетті”, – дейді Ирина Мерц. 

Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?

Алайда Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде гипнотерапия әдісі қолданылмайды және ешбір клиникалық хаттамаларда жоқ. 

“Гипнозбен емдеу әдісі ғылыми тұрғыда толық дәлелденбеген. Сондықтан "Психиатрия" мамандығы бойынша диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына енгізілмейді. Сондай-ақ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында гипнотерапия мәселесіне қатысты шағымдар жоқ”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

 Регрессология туралы психологтың көзқарасы

Осы тұста нумерология мен регрессологияны бірдей меңгерге психолог маман Мухаббат Мунаровнадан пікір алдық. Оның айтуынша Қазақстанда регрессология үлекен қарқынмен дамып келе жатыр.

“Бұл салаға көпшілік тарапынан қызығушылық та, сұраныс та бар. Сұраныс бар жерде ұсыныс та болады. Қазір Қазақстанда регрессологиямен айналысатын мамандар айтарлықтай көп. Негізі гипноз бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда, сыған гипнозы, әртістік гипноз және регрессивті гипноз. Адамдар бір-бірімен сөйлескенде бета күйінде, ал регрессивті гипноз кезінде адам альфа күйде болады. Яғни, жартылай есін біліп жатады, өңі мен түсінің ортасында жүргендей күй кешеді. Ал толық гипнозға кіргенде немесе ұйықтағанда адам тета күйінде болады. Көбіне регрессолог маманға өткен өміріне қызығушылық танытатын, өткен өмірін көріп, есіне түсіргісі келетін адамдар жүгінеді. Қазақстанда да регрессивті гипноз жүргізуді үйрететін мекемелер бар”, – дейді психолог.

Мухаббат Мунаровна 2019 жылы Мәскеу қалалық гипноз институтында регрессивті гипноз мамандығы бойынша оқып, білім алған. Кейін 2021 жылы Халықаралық регрессолог пен метафизиктер академиясын тәмамдаған.

“Мен психологиямен қатар нумерологияны және регрессологияны меңгергенмін. Осы үш саланы ұшстастырып, адамдарға көмектесуге тырысамын. Негізгі мамандығым психолог болғандықтан әдетте адамдар кеңес алу үшін келеді. Кейін туған жылы, айы, күнін есептеп беруін өтініп, нумерологияға жүгінеді. Егер регрессология саласы қызықтырып жатса, ол жағынан да көмектесуден бас тартпаймын.. Нумерология арқылы адамның гипнозға кіру қабілетін білуге болады. Барлық адам гипнозға кіреді деп айта алмаймын. Гипноз осы салаға, бұрынғы өміріне қызығатын, өзіне қатысты қандай да бір сұрақпен, өтінішпен келетін адамдарға ғана әсер етеді”, – дейді маман. 

Мухаббат Мунаровна регрессивті гипноз тек бұрынғы өмірде алған жарақаттарды емдей алады дейді. 

“Мысалы, адамның жүрегі ауырады делік. Гипноз кезінде оның бұрынғы өмірінде соғыста жүріп жүрегіне оқ тиіп, қаза болғаны анықталады. Регрессивті гипноз барысында клиент оқиғаның қалай болғанына куә болып, көзімен көрген соң ол сырқаттан айығады. Егер адам қазіргі өмірінде басынана жарақат алып, саладарынан бас ауруы жиі мазаласа мұнда регрессивті терапия көмектесе алмайды”, – дейді психолог.

Регрессология туралы Ислам не дейді?

Сондай-ақ бұл мәселе діни тұрғыда қандай маңызға ие екенін білу үшін имам Ернар Маженнің пікірін білдік. Оның сөзінше, гипноз жасауда адамның ниеті мен түпкі мақсаты маңызды.

“Шариғаттың көзқарасына келетін болсақ, медицина, психология саласында терең білім бар маманның адамдарды емдеу, оның санасын, психологиясын түзеу мақсатында гипнотерапияны қолдануына рұқсат. Алайда гипнозды адамдарды алдап, арбау, олардың құпиясын ашу және болашақты болжау мақсатында қолдануға шариғат түбегейлі қарсы. Гипноз арқылы болашақты болжауға болмайды. Себебі болашақ тек Аллаға ғана аян.

Сондай-ақ мұндағы исламға қайшы тұсы бұл – реинкарнация. Адам рухының бұрынғы уақытта басқа адамда немесе жануарда болуы және рухтың ол адамнан шығып, басқа жаратылысқа кіруі шариғат бойынша дұрыс емес. Исламда Алла рухты бір рет қана жаратады және ол бір адамның денесінде болып, кейін барзақ әлемінен ақіретке аттанады. Тіпті Абай атамыздың өзі: “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес” деген өлеңі бар емес пе?”, – дейді имам Ернар Мажен.

Талқылау