Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір сағат ішінде ақша жіберуімді талап етті": Алматылық ару алаяқтардың қысымына қалай түскенін айтып берді

Телефонға қоңырау шалып өздерін банк қызметкеріміз, полицияданбыз деп таныстыратын алаяқтар туралы естіп жүрміз. Онлайн сауда платформалары дамыған сайын тауар сатып аламын деген желеумен хабарласып, кейін алдап соғатын алаяқтар да көбейген. 22 жастағы алматылық Маржанның (кейіпкердің аты өзгертілген) басынан дәл осындай жағдай өткен. Танысының смартфонын OLX-те саудалаған ару алаяқтардың құрығына іліккенін байқамай да қалған. Бойжеткен Stan.kz тілшісіне басынан өткен оқиғасын айтып берді. 

Сурет pexels-тен

Маржан маркетолог болып жұмыс істейді. Сол кездері ол әпкесіндей болып кеткен Гүлмаралмен бір пәтерде тұрған. Гүлмарал өзінің көптен бері қызығып жүрген Iphone-ның жаңа үлгісіне ие болады. Ал ескісін сатуға Маржаннан көмек сұраған екен. 

“Гүлмарал екеуміздің туыстық байланысымыз болмаса да әпкемдей болып кеткен адам еді. Ол алып-сату дегенге жоқ адам. Менің де интернет саудасынан хабарым болды деп айта алмаймын. Дегенмен оның өтінішін жерге тастай алмадым. Сатпақ болған телефоны ұсталғаны болмаса өте жақсы құрылғы еді. Хабарландыру астына өз нөмірімді қойдым. Бірақ мен де ол кезде түсіне бермейтінмін телефон алаяқтары бар екенін. Хабарландыруды қоя сала маған жан-жақтан жаза бастады. Менің бар ойым телефонды тезірек өткізіп, ақшасын алу болды”, – деді Маржан.  

Қызықтың бәрі Маржанға белгілісіз біреу телефонға қызығушылық танытқан кезде басталған. Ол бойжеткенге өзінің iCloud кодының басқа телефондарда оқылмай тұрғанын жеткізген. 

“Егер iCloud коды біздегі телефонда оқылса құрылғыны алатынына уәде берді. Кейін мен қуанып кеттім. Бір жағынан көмектескім де келді ол кісіге. Гүлмаралға айтып едім ол өзің біл деді. Бастысы телефонын сату болды. Солай оның логині мен құпия сөзі жазылған iCloud кодын телефонға тіркедім. Бір кезде құрылғы өзінен-өзі кілттенді де қалды, ашылмады. Жаңағы кісіге тіркегенімді айтқанымда “жақсы етіпсің” деп мысқылдай жауап берді”, – деп қосты ол.

Бойжеткен басында сыпайы сөйлескен әлгі адамның әңгімесі кенет өзгеріп кеткенін байқайды. Ол енді бұйыра, бопсалай сөйлей бастаған. Ал смартфонның қайта жұмыс істеуі үшін ақша талап еткен.

“Тыңда, сенің iCloud кодың енді менің қолымда. Егер ашқың келсе, төле”, – деді. Сол кезде барып алданғанымды түсіндім. Сөйтіп алдымен телефон жөндейтін мамандардың көмегіне жүгіндім. Біраз маманға көрсеткеніммен, олар мұндай күрделі түрде бұғатталған телефондарды аша алмайтынын айтты. Таныстарыма да көрсеттім, нәтиже болмады”, – деді ару.

Бойжеткен полицияға арыз жазғанымен, оны қабылдамаған. Айтуынша, полицейлер мұндай алаяқтардың шетелде отыратындықтан анықтау өте қиын екенін жеткізген. 

Маржан бұл тығырықтан қалай шығарын білмей әбден қиналғанын айтады. Себебі телефон өзінікі емес еді.

“Жаңағы алаяқ 20 мың теңге сұрады. Құрылғыны сатуды аманаттап тапсырған құрбымнан ұялып, басқа амалым болмаған соң келістім. Ол маған ақшаны аударып емес, арнайы терминалға апарып салуымды тапсырды. Номерін жазып жіберіп “бір сағаттың ішінде төлеңіз, әйтпесе баға өседі” деді. Дәл сол кезде жұмыста жүргендіктен терминалға баруға уақыт та таппадым”,  – деп еске алды ару. 

Осылайша Маржан жұмыс уақыты аяқталған бойда алаяққа 20 мың теңге салған. Алайда бұл қаражатты ер адам қанағат тұтпаған.

“Сөйтсем, уақыт өтіп кетті деп бағаны 30 мыңға көтерді. Сонымен бұл ақша 40 мың теңгеге дейін жетті. Соңғы рет ақша салғанымда әлгі алаяқ байланысқа шықпай жоқ болып кетті. Кейін мен де “сал деген ақшаны салдым ғой” деп ренжідім. Ол болса, “маған өзіңді аянышты етіп көрсетпей-ақ қой” деп жазып жіберіпті. Содан қайырлысы осы шығар деп көндік. Екі күннен кейін әлгі алаяқ пароль берді. Бірақ ол ашпады. Кейін үш күннен соң жаңа пароль жіберіп, сол арқылы аштық та телефонды сатып жібердік”, – деді Маржан.

Маржан болған жағдайдан соң құрбысының алдында қатты қысылғанын жасырмады.

“Ол қатты ренжіп мені кінәламады. Іштей өкінбесе. Бірақ сонда да біреудің құрылғысы болғасын бәріне дайын болдым. Тіпті алаяқ құпиясөзді бермей құрылғы жарамсыз болып қалса, өз телефонымды сатып берер ме едім деп те ойлаймын”, – деп қорытты бойжеткен.

Кейіпкеріміз бүгінде интернет арқылы тауар сатқанда да, алғанда да аса мұқият болуға шақырды.

“Таныстарыма айтсам “ондай алаяқтар бар ғой, қалай білмейсің?” деп таңғалады. Шынымен, бұл туралы естімеппін. Бүгінде біреуге сенуден қорқатын жағдайға жеттім. Сондықтан әр қадамымызды аңдап басқан дұрыс деп ойлаймын”, – деп қосты Маржан.

Кейіпкеріміздің сөзінше, олардың барлығы бір жүйеде жұмыс істейді екен. Алдымен өтініш айтып, өздерін аянышты етіп көрсетеді. Ал айласын асырғаннан кейін қысым мен бопсалауға дейін барады. 

Бас прокуратураның мәліметінше, 3 жыл 9 айдың ішінде интернет-алаяқтық бойынша 70 мыңнан аса қылмыстық іс тіркелген. Оның тек 13 мыңнан астамы ғана ашылған. 60 мыңға жуығы жабылған. 

Бұған дейін депутат Дәулет Мұқаев елімізде интернет алаяқтықпен айналысатын адамдардың саны көбейгенін ескерткен еді. Айтуынша, былтыр 20 мыңнан аса дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңгеге залал келген. Биыл 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, залал сомасы 11 миллиард теңгеден асты. Деректерге сай, олардың құрбаны көбіне үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер екен.

Талқылау