Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық оқушылардың білімі 4 жылда арта түскен: Еліміз әлемдік PISA рейтингінде жоғары көтерілді

Үш жылда бір өткізілетін PISA халықаралық рейтингінде қазақстандық оқушылардың көрсеткіштері жақсарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы PISA-2022 оқушылардың білім жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасының нәтижелерін жариялады. Онда 81 елден келген 15 жастағы оқушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығының деңгейі бағаланған. 

Соңғы нәтиже бойынша Қазақстан математикадан 46-шы орынға (2018 жылы 54-ші орын), оқудан 61-ші орынға (2018 ж. 69-шы), жаратылыстану бағыты бойынша 49-шы орынға (2018 ж. 69-шы) тұрақтады. Оған қоса оқушылардың әлеуметтік экономикалық статусы бойынша Қазақстан 56-орында. 

Қазақстандық студенттер өздерінің жаратылыстану ғылымдары бойынша ұпайларын 26 ұпайға арттырды, бұл – қатысушы елдер арасындағы ең үлкен өсім.

PISA-2022 нәтижелері бойынша Қазақстанда қала мен ауыл оқушыларының білім сапасындағы алшақтығы төмендеген.

Математикадан аймақтар бойынша бірінші орында Астана қаласы, екінші орында Алматы, үшінші орында Шығыс Қазақстан және Қосатанай облысы тұр. Кейінгі орындарға Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары ие болған. 

Оқу бойынша ел ішінде Астана мен Қостанай алда. Үшінші орында Алматы. Келесі орындарды Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары иеленген.

Ал жаратылыстану бойынша аймақтар арасында алғашқы үштікке Астана, Алматы және Қостанай облысы кірген. Ал кейінгі орындар Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанда. 

Бұл жылы да Азия елдері дәстүр бойынша рейтингте жоғары орындарды иеленген. Биыл Сингапурдан бөлек Қытай анклавы Макао, Тайвань, Жапония және Оңтүстік Корея оң нәтиже көрсетті. Эстония қайтадан Еуропа елдері арасында біріншілікке ие болды.

Бұл мемлекеттердің барлығы үш санаттың әрқайсысы бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа кірді.

PISA аббревиатурасы халықаралық студенттерді бағалау бағдарламасы дегенді білдіреді. Бұл зерттеуді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2000 жылдан бері жүргізіп келеді.

Зерттеу авторлары соңғы жылдары зерттеуге қатысқан елдердегі барлық пәндер бойынша жалпы нәтижелері нашарлағанын атап өтті. ЭЫДҰ есебінде 2022 жылғы құлдырау бұрын-соңды болмаған жағдай болды.

Оқу бойынша Сингапурдан кейін алғашқы ондыққа Ирландия, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань, Эстония, Макао, Канада, АҚШ және Жаңа Зеландия кірді.

Математика бойынша рейтинг кестесіне келетін болсақ, Макао Сингапурдан кейін екінші орында тұр. Одан кейінгі ондыққа Тайвань, Гонконг, Жапония, Оңтүстік Корея, Эстония, Швейцария, Канада және Жаңа Зеландия кіреді.

Жаратылыстану ғылымдары бойынша Сингапурдан кейінгі екінші және оныншы орындарды Жапония, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Эстония, Гонконг, Канада, Финляндия және Австралия иеленді.

Талқылау