Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фейк ақпаратты қандай құралдар арқылы анықтауға болады?

Күнделікті тіршілікте сенімсіз деректер ұсынылған кезде өзіңізге сұрақ қою маңызды. Бұл ақпаратты қалай тексеруге болады? Дереккөз жалған болуы әбден мүмкін ақпараттық кеңістікте аудитория сыни ойлау дағдыларын қалыптастыруы қажет. Ақпараттың жалған не шынайы екенін тексеруге арналған арнайы тәсілдер бар. Осы жөнінде Stan.kz тілшісі материалынан оқыңыз.

Фото: ortcom.kz 

Медиа сарапшы Жұлдыз Әбділдә фейк ақпарат тараған кезде әуелі мәліметтің мәтініне көңіл бөлген жөн екенін айтады.   

Тақырыпқа мән беру

"Жаға ұстатты", "төбе шашты тік тұрғызды", "ақиқатты айтты", "шындықты жайып салды" деген сияқты айғайлаған тақырыптар, қайткенде де материалды оқуға шақырып тұратын кликбейт тақырыптар назар аударту үшін қойылады. Демек хабарландыру авторларының  көздеген мақсаты бар деген сөз. 

Тақырып пен берілген иллюстрацияның сәйкестігіне мән беру

Берілген сурет жаңалықтың мазмұнына сай болуы керек. Ал егер фотоның жаңалыққа  мүлдем қатысы болмаса, бұрмаланған немесе дұрыс емес ақпарат деп күдіктенуге негіз бар. 

Материал авторына, дереккөздің нақты көрсетілуіне мән беру

Нақты бір автордың болмауы ақпарат құралының бұл ақпарат үшін мойнына жауапкершілік алғысы келмейтінін көрсетеді. "Бізге сенімді ақпарат көзінің айтуынша" дегендей белгісіз автор мен "әлем ғалымдары", "қытайлық дәрігерлер" сынды нақты емес дерек көздері ақпараттың ойдан шығарылғанын немесе бұрмаланғанын білдіреді. 

Материалдың эмоциясына мән беру

Жаңалықтың мақсаты – адамды қорқытып-үркіту, үрейін ұшыру емес, ақпаратты жеткізу. Адамның көңіл-күйіне ықпал етуді көздейтін, ашу-ыза немесе басқа да эмоция тудыратын материалдың көздеген мақсаты ақпарат жеткізу емес, мүлдем басқа болуы мүмкін. 

Басқа ақпарат ресурстарындағы мазмұндас материалдарға мән беру

Әдетте маңызды, өзекті мәселені бірнеше ақпарат көзі жариялайды. Сондықтан негізгі ақпарат құралдарынан осы мазмұндас материалдардың бар-жоғын тексеру, бар болса – салыстыру қажет.

Таратылып отырған ақпараттың анық-қанығына мән беру

Қайда, қашан, қалай болғаны анық емес, үстірт, жалпылама, болған оқиға туралы егжей-тегжей баяндалмаған ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шығуы мүмкін. Сондықтан детальдарға мән беру маңызды.  

Дереккөзді іздеу

Ресми ақпарат көзі немесе беделді бұқаралық ақпарат құралынан алынған ақпарат болса, әдетте, оған гиперсілтеме беріледі. Сол бойынша өтіп, ақпараттың дереккөзін тексеруге болады. Егер гиперсілтеме көрсетілмесе, ақпарат көзі белгісіз болса, бұл мұндай жаңалыққа күмәнмен қарауға негіз бола алады.  

Жалпы интернет – түпсіз ақпарат көзі. Өкінішке қарай, ол толығымен шындыққа сәйкес келмеуі, кейде мүлдем жалған болуы мүмкін. Цифрлық технологиялар дамуының салдарынан ақпарат мәтінімен алдау ғана емес, фото мен видеоны жалған етіп жасау мүмкіндігі де туындады. Ендеше арнайы білімі мен тәжірибесі жоқ қарапайым қолданушыға мұндай "жалған" өнімдерді қалай тану керектігіне тоқталайық.

Шын мәнінде кез келген адам жалған фото немесе видеоны шынайы фото-видеодан ажырата алады. Ең алдымен өзіңізге күдікті көрінген мәліметті анықтауға кірісіңіз. Әуелі ол жарияланған аккаунт немесе сайт атауына мән беріңіз. 

Фейк видеолар көбіне түпнұсқа видеодан кесіп алу, монтаждау арқылы жасалады. Ал фотоны Google, Yandex іздеу жүйелерінің “фото” бөлімі арқылы тексеруге болады.

Бұл қосымшалар таратылған ақпараттағы фото шын мәнінде бар ма, хабарламада толық көрсетілген бе, әлде белгілі бір бөлігі ғана ма, басқа дерек көздерінде осы оқиғаға қатысты ұқсас фото бар ма, жеке фото ма, әлде сериялы фоторепортаждың бір бөлігі ме, фотоны қашан және қандай ақпарат құралдары қолданған және фотоны пайдалану контексі: қандай оқиға, онда кім немесе не бейнеленген деген сұрақтарға жауап береді. 

Жоғарыда көрсетілген тексеру жүйелері арқылы фотоның қай жылы, жылдың қай мезгілінде, тәуліктің қай уақытында, қай елде түсірілгенін анықтауға болады. Сондай-ақ ақпаратты жіті тексеру кезінде фотодағылардың қайсысы оқиғаға қатысушы екенін де нақтылауға болады. 

Тіпті фотода бейнеленген нәрсе жалған мен шындықты ажыратып бере алады. Мысалы:

  • жыл мезгілі, табиғи құбылыстар, күннің қай жақтан түсіп тұрғаны;
  • жол белгілері, тротуардың ерекшелігі, жолдың асфальт немесе тас болуы;
  • архитектуралық ерекшеліктер;
  • хабарландырулар, афишалар, билбордтар, тақтайшалар; 
  • көліктің ерекшеліктері, нөмірі, маршруты; 
  • дүкен, кафе немесе басқа мекеме атаулары, ғимарат нөмірлері, көше аттары;
  • адамдардың киген киімі, ұстаған/таққан заттары, т.б.

Фейк ақпараттағы фотоны анықтауға арналған қосымшалар мен порталдар: 

  • TinEye
  • Bing image match
  • Graph.baidu.com
  • RevEye
  • Photo Sherlock
Талқылау