Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар кімдерді "инфосығандар" деп санайды және қай блогерлердің қызметтерін пайдаланбауға кеңес береді

“Қазір тез баюдың жолын үйретеміз, тұрмыс тауқыметінен шығатын жолды көрсетеміз” дейтін мотиватор-коуч көбейген. Бірақ олардың білім деңгейіне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Инстаоқытушылар онсыз да "шықпа жаным, шықпалап" отырған халықты босқа әурелеп, салмақ салып отырған жоқ па деген ой келеді. Жақында желіде отырып, “ақылын сататындарға” қарсы онлайн петиция жарияланды. Stan.kz редакциясы желі қолданушыларынан өздері инфосығанға балайтындардың атын атауды сұрап, сауалнама жүргізген еді. Олардың арасында аты бірнеше рет қайталанғандары да бар. 

Петиция авторы Серік Әбішев бүгінде республикада блогерлердің ықпалы күшейіп келе жатқанын, соның аясында жалған сарапшылардың қазақстандықтарға тікелей эфирді сатып жүргенін атап өтті. Халық желіде отырып, ақыл сататындарды “инфосыған” деп атап кеткен.

"Бұл адамдар өздерін сарапшы ретінде көрсетіп, пайдасыз ғана емес, шындыққа жанаспайтын, тіпті зиянды ақпаратты насихаттайды. Сонымен қатар елімізде инфосығанның таралуы шын мәнінде құнды ақпараттық өнім беретін нағыз сарапшылардың беделіне кері әсерін тигізеді. Олар өздерін “инфобизнесмендер”, “бизнес-жаттықтырушылар”, “жаттықтырушы және мотиваторлар” ретінде көрсетіп, аудиторияға қаржылай өсуге, рухани баюға және керемет табыс табуға уәде береді", – дейді петиция авторы. 

Петиция жарияланған күні әлеуметтік желіде сауалнама ұйымдастырып, оқырмандардан “Кімді инфосыған деп санайсыздар?” деп сұрап көрдік. Желі қолданушылары айтыскер Айнұр Тұрсынбаева, психолог Мақпал Қаратай, Құралай ханым және Елшін Жанерке, Әлия Байтуғаева, Фариза Төреәлі, Балқия Балтабай секілді блогерлердің атын атады. 

Олар осы тұлғалардың курсын сатып алғанын, алайда айтарлықтай дүние үйретілмегенін сөз етті. Ең қызығы, “тез баюдың жолын үйретемін” дейтіндер сабағына бөліп төлеу несие жүйесін де енгізіп қойған. Жарты миллион теңгеге сабақ сатып алған немесе бөліп төлеу үшін несие алғандардың да қарасы көп.

                     “Лимонға 40 ине қадап, табалдырыққа моншақ шаштық”

Психологтардың сабағын сатып алып, тапсырмаларын орындағаннан кейін түрлі сәтсіздікке ұшыраған отбасылардың оқиғасын оқудың өзі ауыр. Мәселен, желі қолданушыларының бірі өзін отбасы психологы санайтын Құралай ханымның курсын сатып алған.   

“Құралай ханымның сабағын сатып алып, берген тапсырмаларын орындап жүрдім. 40 күнге дұға жазып береді. Соны оқып жүрдім. Одан кейін лимонға 40 ине қадау керек деген тапсырма берілді. Оны орындаған жоқпын. Құдайға серік қосу екенін біліп, қалған сабақтарын сатып алсам да, қарамадым”, – дейді бір оқырман.

“Бірде Құралай ханым “Табалдырыққа меруерт моншағын шашып тастаңдар” деген тапсырма берді. Ортақ чат ашып, 200 қыз-келіншекті қосты да, “Қытайдың базарынан алуға болады” деп сол жақтың мекенжайын берді. Сол күні бәріміз тапсырыс бердік. Арамызда 2-3 келіге сауда жасағандар бар. Қазір ойласам, күлкім келеді. Арамыздағы ешқайсымыз байыған жоқпыз”, – деп еске алады кезекті желі қолданушысы.

 “Сиқырлы әмиянның сыры немесе “су техникасынан” шыққан шу”         

“Бір сіңілім Құралай ханымның “байлық әмиянын” сатып алды. Соны алғаннан кейін айлығым жетпей қалады деп әзілдеп жүрген еді. Бәріміз әмиянның көзін құрт дедік. Ол тастауға қимай жүрді. Көп ұзамай сіңілім екі мүшелге жетпестен, індеттен қайтыс болды. Әмиянның ішінде бір қағазға жазылған дұғалар бар екен. Семинардан жазып алғаны шығар дедік. Оқысаң, шошисың, содан өртеп жібердік бәрін”, – дейді желі қолданушысы.

“Несие алып қатыстым”

Желі қолданушыларының көпшілігі курсқа несие алып қатысатын көрінеді. Олардың дені 3000 доллар мен 1 миллион теңгеге дейін несие алған. 

“Мақпал Қаратайдың Дубайда өтетін сабағына қатысу үшін қомақты ақша керек болды. Қатты барғым келсе де, күйеуімнің ондай ақшасы жоқ еді. Бала-шағамның несібесінен жырып, Дубайға барып келдім. 3000 доллар несие алдым. Қазір несие жауып отырмын. Мақпал Қаратай өзім білетін ақылды айтты”, – дейді бір оқырман.

          

Айнұр Тұрсынбаеваның 1 миллион теңге тұратын жеке қабылдауына да несие алып баратындар көп екен. Бірнеше жыл бұрын “су техникасын” жасатып, айтыскер ақын оңбай сынға қалған еді. “Армандарыңды суға айтып, оны ішесіңдер. Ақшаларың көбейеді” деп сабақ өткізгені ел есінде. Кейін ақын “Басым жерге тигенше кешірім сұраймын” деп ақталды.

Сауалнамаға қатысқан желі қолданушыларының бірі “Инфосығандардың тізімінен бөлек, сабақ сатып алғандардың тізімін жасасақ, бір том кітап болады” деп жазды.

“80 пайыз коучтар мен блогерлердің бәрі – инфосыған. Соларға ақша төлеп, сабақтарын сатып алып жүргендер – қараңғы надан адамдар. Одан да сол ақшаға кітап сатып алып, оқыңдар. Сол кезде сауатың ашылады. Инфосығандарға ақша төлегенше бала-шағаңа жұмса”, – дейді тағы бір желі қолданушысы.

“Айнұр Тұрсынбаева, Мақпал Қаратай, Құралай ханым, Мамасита, Гүлзада Тұрлаш, Фариза Төреәлінің сабақтары өтірік. Ешқандай нәтиже бермейді”, – деп ашуланды бір оқырман.

“Емханада қабылдауымды күтіп  отырып, бір апаймен танысып сөйлесіп кеттік. Келіні үйде баламен отыр екен, Айнұр Тұрсынбаеваның сабағын сатып алып, қабырғаға “Табысым төрт миллион, күйеуімнің табысы екі миллион” деп жазып, қозғалмай жатқанына төрт жыл болды дейді. “Жассыңдар ғой, сондай сатып аласыңдар ма?” деп сұрап жатыр”, – дейді тағы бір желі қолданушысы. 

                                   “Таңдауды адам өзі жасауы керек”

Осы тұста блогер Өркен Кенжебек инфобизнес саласындағы мәселе белгілі бір топтың наразылығымен шешілмейтінін айтып отыр.

“Қазір кім неге қарсы болмай жатыр?! Петиция жариялау деген сұмдық жаңалық емес деп ойлаймын. Бірі қолдаса, екіншісі даттап жататыны белгілі. Оның әрқайсысын бақылап, назар салып отыру мүмкін емес. Ал мына мәселеде нарық шешуі керек. Қандай да бір топтың наразылығы, жеке адамның айқайы, тіпті қол жинауы мәселені шешпейді. Петиция жарияланды екен деп инфобизнес саласы құлдырап кетпейді. Таңдауды адам өзі жасауы керек. Сапасыз сабақтарды сатып алмауы қажет. Сапалы адамның сабағы әрқашан сұранысқа ие. Оны көргесін сапасыз курс сататындар өздері-ақ шетке шығып қалады. Нарық реттейді деген сөзім осы. Бұл жерде аудитория маңызды рөл атқарады. Ақылы расымен сапалы болса, оны халық іздеп жүріп, ақшасын төлеп сатып алады. Сол кезде жарты жолдан ақша жасап жүргендердің аузына құм құйылады”, – дейді блогер. 

                                 “Ақылы сабақты халық көп сұрайды”

Сауалнамада аты аталған блогерлердің бірі – Балқия Балтабайдың айтуынша, ақылы сабаққа қатысатын халықтың қарасы көп. Ислам шеңберінде түсіндіретін психологге “Ақылын ақшаға саудалағандарға дін не айтады?” деген сауал қойдық.

“Мен исламтанушы емеспін. Кәсіби дипломы бар психологпын. Осы салада бірнеше дипломым мен тәжірибем бар. Сол тәжірибеме сүйеніп айта аламын. Одан кейін мен өте көп тегін сабақ беремін. Жеке арнамда 200-ден аса тегін видео-сабақтарымды жүктеп қойдым. Әлеуметтік желіге де тегін сабақтарымды жариялап отырамын. Ал ақылы сабақты халық өзі сұрайды. Соларды ескеріп, кейде ақылы сабақ ұйымдастыратыным рас.

Айта кетейін, менде барлығы заңды. Одан кейін онлайн ғана сабақ өткізбеймін. Оффлайн, жеке кездесу сабақтарын да жасаймын. Мен барлығының атынан жауап бере алмаймын. Өзім 15 жылдан бері психология саласында жүргесін және халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында сабақ өткіземін. Халықтың білім алуға деген ынтасы мен ақылы сабақ сатып алуға жағдайының жеткені бізді қуантады. Тегін бере берсе екен деп кедейлік санамен өмір сүргеннен гөрі, халықтың көзі ашылып, әлемдік деңгейде сауатты болғаны жақсы емес пе?! Кез келген дүниенің ақысы бар. Университеттегі білімге де ақша жұмсайтыны секілді ақылы сабақ сатып алу да адамның өзіне және болашағына құйған инвестиция екенін түсінуіміз керек”, – дейді кәсіби психолог.

                  “Ақыл сатқыштардың мақсаты – ер адамның беделін түсіру”

Сонымен қатар композитор Қалдыбек Құрманәлі “Сұрауы бар” бағдарламасына ақшаға ақыл сататындарды мүлдем қолдамайтынын айтады. “Өздері ажырасып жүріп, отбасы құндылығын дәріптейтіндер” деп сынады ол. 

“Өзі үш байға тиіп отырып, отбасы құндылықтарын айтады. Күйеуіңнің киімін жума, тамағын істеме, ол өзі істесін, сен өзіңді күт, өзіңе ғана көңіл бөл” деп ақыл айтатындар бар. Сол ақыл айтқанына ақша төлеп, қыз-келіншектер қатысады екен. Зейнеп Ахметова, Аягүл Миразова халық алдына шығып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды айтса, жарасады. Бірақ олар тегін айтатынына сенімдімін. Ақыл сататын психологтардың психикасын емдету керек. Айтсам, тілім жазықты шығар, ақылдарының өзін тексеру керек. Олар елге ақыл айтып, ер адамдардың беделін түсіріп жатыр. Отбасы құндылығын дәріптеп жатқан жоқ. Қайбір жылы осы “ақыл сатқыштар” туралы айтқанымда рэкеттер хабарласып, “мойнымды жұлып алатынын” ескертті. Сонда да қорыққан жоқпын. Мен ешкімге күйе жағып отырған жоқпын. Айтып отырғанымның бәрі шындық”, – дейді композитор. 

Тілшіміз тізімде аталғандардың барлығына хабарласып, аттарының аталу себебіне қатысты пікірін білмек болды. Дегенмен блогерлердің көпшілігі бастарын ала қашты, не мүлдем пікір беруден бас тартты.

Талқылау