Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бір оқушының өлімінің алдын алдық”: Қазақстанда суицидтің алдын алу бойынша қандай шаралар жүргізіледі?

Қазақстан өз-өзіне қол салудан, әсіресе 15-17 жастағы жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша соңғы 5 жылда әлем елдері арасында алғашқы ондыққа кірді. Осы тұста мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Мәнсия Есекеева Қазақстанда жыл сайын жастар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша қандай тренингтер мен шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Мәнсия Есекеева

Жас сақшы" волонтерлық тобы кешке рейдке шығады

Мәнсия Есекееваның айтуынша, Ақтөбе облысының өзінде 2023 жылы жастар арасында суицидтің алдын алу бойынша 53 шара ұйымдастырылып, оған 2000-нан астам адам қатыстан. Мұндағы мақсат барынша депрессивті көңіл-күйде жүрген жастардың көңілін аулау, мазалаған сұрақтарына жауап беру.

“Жастар ресурстық орталықтарында психолог мамандар жұмыс жасайды. Олар қиын жағдайға тап болған тұрғындарға және ажырасудың аз-ақ алдында тұрған жас отбасылар мен жүктілікті уақытынан бұрын үзгісі келетін бойжеткендерге психологиялық көмек көрсетіп, түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізумен айналысады. Білікті мамандарды тарта отырып, психикалық денсаулығын нығайтуға бағытында барлығы 11 іс-шара өткізіліп, оған мыңға жуық жас тартылды”, – дейді жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы.

"Неке және отбасы" тақырыбында кез келген сұраққа жауап ала алады

Сонымен қатар ол жерде "Неке және отбасы" тақырыбы аясында сабақ ұйымдастырылып, жас жұбайларға отбасы құндылықтары жайлы айтылған. 

“Жастар арасындағы жеке психологиялық мәселелерін шешуге көмек көрсету үшін түрлі іс-шаралар жүргізілді. 14-35 жас аралығындағы 98 адам жастар орталығының психолог мамандарынан әртүрлі мәселелермен психологиялық кеңес алды.

Сондай-ақ әр апатаның сенбі, жексенбі күндері кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен суицидтің алдын-алу жұмыстарын жүргізу мақсатында жастар ресурстық орталығы қызметкерлері және "Жас сақшы" волонтерлық тобы мүшелері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге кешкі рейдтік шараларын өткізіп тұрады”, – дейді ол. 

Бұнымен қоса Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы мен Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы арасындағы салауатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау және жастардың денсаулығын нығайту мақсатында қол қойылған меморандумға сәйкес “Самғау”, “Ювентус” тағы да басқа жастар денсаулық орталықтарымен бірге жас жеткіншектерге "Өмірді бағалап үйренейік" атты акциялар өткізілген. 

“Жамбыл облысы суицидтің алдын алу шаралары сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бағыты бойынша "Суицидтің алдын алу", "Суицидке жол жоқ",  "Мен өмірді сүйемін", "Өмірін өз қолында", "Суицид тығырықтан шығатын жол емес" тақырыптарында жүзден аса шара өткен. Оларға екі мыңнан аса адам қатысыпты. Сондай-ақ министрлік булллинг, киббербуллингтің алдын алу тақырыбы бойынша 33 іс-шара өткізілді.

Бұл іс-шаралардың мақсаты кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз және қолайлы орта құру, балалар мен жасөспірімдердің психикалық және физикалық саулығына қамқорлық жасаудың маңыздылығы туралы хабардар ету болып отыр”, – дейді маман.

“Бір оқушының өлімінің алдын алдық”

Сонымен қатар Жетісу облысы әкімдігінің бастамасымен 1 қыркүйектен бастап облыс оқушыларының арасында кемсітушілік, әлімжеттік, зорлық-зомбылық, нашақорлық, лудомания, суицид, ерте жүктілік және девиантты мінез-құлықтың алдын алу мақсатында "Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы" жанынан "Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор" жобалық кеңсесі құрылды. Жоба пилоттық режимде Талдықорған қаласында жүзеге асырылуда. 

Мәнсия Есекееваның айтуынша, пилоттық жоба аясында бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен: 

  • кәсіптік бағдар беру бойынша 14 мектептің 234 оқушысы Алматы қаласының 6 жоғары оқу орындарының базасында экскурсия (Сүлеймен Демирель ат. университет, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, С. Ж. Асфендияров ат. ҚазҰМУ, Қ.И.Сәтпаев ат. ҚазҰЗУ, КеАҚ "Нархоз" университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті) жасалды. 
  • 1 оқушының суицид жасауының алдын алды;
  • буллинг/кибербуллинг туралы 1182 оқушының қатысуымен
16 профилактикалық кездесу, әртүрлі мәселелерге байланысты 
240 оқушыға  жеке кеңестер берілді, ұл балалармен 15, қыз балалармен 12 жиналыс өтті, есепте тұрған 6 баламен жұмыс жасалды. 
  • 9-11 сынып оқушыларына құқықтық сауаттылықтарын арттыру, наркоманияның, зиян қылықтар мен іс-әрекеттердің, ерте жүктілік пен жыныстық қол сұғылмаушылықтың алдын алу бойынша мамандардың қатысуымен 113 дәріс өткізілді. 

Сонымен қоса, қыркүйек-қараша айларында парламент сенаты депутаттары Нұртөре Жүсіп, Амангелді Толамисов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, басқарма және Жетісу облысының прокуроры  Басшыбаев Мадияр, Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов, Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жаңсергіров және жастар ұйымдары көшбасшылары және тағы басқалардың қатысуымен 25 дәріс өткізілген. 

“Жылдың соңына дейін ел президенті атап өткен "Адал азамат" ұғымын насихаттау, жастарды жан-жақты дамыту, қазақстандық патриотизм мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында танымал азаматтардың, парламент депутаттарының, басқарма, құқық қорғау органдары басшылары, танымал жастардың қатысуымен жиын өтті. Одан бөлек, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылғанын атап өту керек. Отырыс қорытындысы бойынша жұмыстарды ұйымдастырылатын болады. Қостанай облысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар арасында сауалнама жүргізілді, ата-аналармен жұмыс және жастарға арналған тренингтер, психолог мамандарға арналған тренингтер ұйымдастырылды. Аталмыш жұмыстар Қазақстанның әрбір өңірінде жүзеге асырылуда”, – деп түйіндеді сөзін маман. 

Талқылау