Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qazaq Stroy Алматыдағы Ғылым академиясының жөндеу жұмыстарына 19 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсамақ

Qazaq Stroy Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясының бұрынғы сәулетті келбетін қайта қалпына келтірмек. Компания күрделі жөндеу жұмыстарына шамамен 19 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалады деп отыр. Тарихи нысан келесі жылы толығымен дайын болады. Қазіргі таңда бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Stan.kz тілшісі ғимаратты жөндеу жұмыстарының барысын өз көзімен көріп қайтты. 

Нарықтағы ең ірі қазақстандық құрылыс компаниясы Qazaq Stroy 2003 жылдан бастап құрылыспен айналысып келеді. Компанияның Алматы мен Астанада 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйлері пайдалануға берілген. Ал азаматтық құрылыспен 2015 жылдан бастап айналысады. 

Ғылым академиясын бұрынғы қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүріп жатқанын байқауға болады. Қазірдің өзінде ғимараттың қабырғаларындағы жарықтар бітеліп, инженерлік жұмыстар аяқталған. Qazaq Stroy басшысы Нұрлан Артықбаевтың сөзінше, жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі жыл соңына дейін бітеді. 

“Бұл объектіні тарихи ғимарат болған соң таңдап алдық. Бір шетінен қала орталығында орналасқан. Әдемілігін сақтап қалған көне мекемелердің бірі. Сондай-ақ бұл жерде біздің академиктер мен ғалымдар жұмыс істейді. Олар үшін барлық жағдай жасалуы керек. Алматы тұрғыны ретінде игі істерге өз үлесімізді қосқымыз келді. Біз ғимараттың тарихи сәулетін міндетті түрде сақтап қаламыз. 2006-2010 жасалған жөндеу жұмыстары кезінде бұрынғы тарихи сәулеті бұзылған бірнеше жағдайлар болған. Біз мұрағатпен де, реставраторлармен де жұмыс істедік. Олар толық жобаны жасап берді, тіпті барлық тарихи түстерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Алғаш рет ғимарат қалай салынды біз де дәл солай етіп жасаймыз. 19 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаймыз деп жоспарлап отырмыз”, – дейді Qazaq Stroy басшысы Нұрлан Артықбаев. 

Qazaq Stroy бас инженері Дархан Марқұмов та академияның тарихи көрінісі мен интерьері сақталады деп отыр. Тіпті кабинеттерге жаңа жиһаз сатып алынып, мәжіліс залын ерекшеленбек. 

“Біз мұнда акустикалық тақталар жасаймыз, өз кезегінде ол опералық театр атмосферасын сыйлайды. Сонымен қатар, кинотеатрдағыдай, жоғарыдан суық ауа келу үшін, желдету жүйесін орнатамыз. Орындықтар мен перделерді қызылдан сарғыш түске  ауыстырамыз.  Ішкі ауланың аумағы абаттандырылады. Мұнда қызметкерлерге арналған шағын демалыс саябағы болады", – дейді ол. 

Ғимаратты жөндеудің бірінші кезеңінде су құбырлары, орталық жылыту, суық және ыстық сумен жабдықтау желілері ауыстырылған. 

“Өрт және қауіпсіздік дабылы, интернет тоқтары жүргізіліп, қабырға артына жасырылды.  Бұрынғы қабырғаларды жаңарту барысында қасбетті бояу, ескі шатырды бөлшектеу және жаңасын орнату жүргізілді. Сондай-ақ жарылып кеткен қабырғалар қалпына келтірілді. Біз тіпті мекеменің қай түске ауыстыратынымызды Ғылым академиясындағылармен ақылдасып шештік. Одан бөлек, мүгедектігі бар адамдар ғимаратқа оңай кіріп-шығуы үшін жағдайлар жасадық. Бұнымен қоса есік-терезелер ауыстырылды, едендер мен қабырғалар жаңартылды, нысанның бірнеше бөлігінде шатыр жөнделді. Енді лифтілер ауыстырылады және заманауи кондиционерлеу және өрт сөндіру жүйелері орнатылады. Барлық залдар, соның ішінде мәжіліс залы қосымша жарықтандырылады, ғимараттың айналасы да жарықтандырылады”, – дейді Дархан Марқұмов. 

Академияны жөндеудің екінші кезеңі қаңтар айында басталып, 2024 жылдың екінші тоқсанында аяқталмақ. Qazaq Stroy бұдан бөлек келесі жылы 600 орындықты балалар онкологиялық орталығын салуды жоспарлап отыр.

“Қазір біз дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мамандармен кеңесіп, қай жерде салу керегін шешетін боламыз. Алматы немесе Астана қалаларының бірінде болады деп ойлап отырмыз. Мұндай орталықты салу мерзімі 2-2, 5 жыл болады. Жобаның құны шамамен 50 миллиард теңге”, – дейді Qazaq Stroy басшысы Нұрлан Артықбаев. 

Талқылау