Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел көкпар көруге барсын, бірақ додаға кірмесін – этнограф Болат Бопай

Танымал әнші Мейрамбек Беспаев Тараз жерінде көкпар ұйымдастырған болатын. Дүбірлі доданы көруге барған көрерменнің тең жартысы – әйел адамдар. Халық көкпар көруге әйелдер бармайды деп сынап жатыр. Осы тұрғыда белгілі этнограф-ғалым Болат Бопай Stan.kz тілшісіне пікір білдірді.    

Дүбірлі доданы 20 мыңға жуық көрермен тамашалаған.

“Атүсті ойындарының ішінде көкпар – ерекше спорт түрі. Ер-азаматтардың аяқ пен қол қарымын, бел қарымын, тездігі мен дәлдігін шыңдайтын, жауынгерлігін көрсететін ойын. Көкпар үлкен ауқымды бас қосу мен тойларда ғана ұйымдастырылады. Ас беру мен келін түсіру, қыз ұзату кезінде де көкпар жасалған. Оған әйел адамдар қатыстырылмайды. Өйткені көкпар – атүсті ойындардың ішіндегі ең қауіптісі. Бірақ, көрермен ретінде ғана қатысуға болады. Әйелдер нәзік жаратылыс иесі, ал көкпар атүстінде таласатын ойын болғандықтан әйел заты үшін қолайлы емес.

Сондықтан әйелдің көкпар тартуын қазақ халқы жақтыра бермейді. Ежелгі жаугершілік замандағы әйелдердің болмысы басқа. Сол заманда да әйел көкпар шапса, адам шығыны болады деп есептеген. Ат үстінде ойналатын теңге ілу, аударыспақ, садақ ату, қылыштасу ойындары мүлдем бөлек. Соның ішіндегі көкпар ғана күрделісі. Сол үшін әйел адамдарға қатыстыруға тыйым салған. Халықтың шулап жатқаны осы болса керек?!. 100-ге жуық адамның арасында ойнау оңай емес. Аттан жығылып немесе астында қалып кетсе өмірін қияды. Әйел көкпар көруге барсын, бірақ додаға кірмесін. Үзілді-кесілді көкпар көруге болмайды деген тыйым жоқ”, – дейді этнограф. 

Еске салайық, халық әнші Мейрамбек Беспаев ұйымдастырған көкпарды көруге барған әйелдерді сынап жатқанын жазған болатынбыз. 

Талқылау