Қоштасардай болып, өтініш айтады: Адамның суицидке баруды ойлап жүргенін қалай анықтауға болады
Еліміз суицид жасау фактілерінің саны бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Өмірден баз кешкен жандардың мұндай әрекеттеріне не түрткі болуы мүмкін? Оларға қалай көмектесе аламыз? Алматы қаласы бойынша клиникалық сауықтыру орталығының маманы, психолог Меруерт Шайыхова егер мән беріп қарасақ, суицидке баруды ойлап жүрген жандарды оңай ажыратуға болатынын жеткізді. Маман оларға қалай көмек көрсету керегін Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Меруерт бүгінде қоғамда өз-өзін өлімге қиюшылар санының аз емес екенін жеткізді. Айтуынша, өзі қызмет ететін мекемеде адамдар тәулік бойы көмек сұрап хабарласады екен.
“Қоңыраулар көп түседі. Өмірден түңілетіндер саны аз емес. Бұл мәселелер бұрын да болған. Алайда қазір ақпараттық ғасырда ашық түрде өршіп тұр. Адам ешқашан өлгісі келмейді! Ол шарасыздықтан, дәрменсіздіктен, басқа амалы қалмағандықтан, тығырыққа тіреліп, өкпе мен керексіздік сезімі шегіне жеткен кезде ғана осындай әрекет туралы ойлайды”, – деді маман.
Мектеп жасындағы балалардың өлім туралы ойы: “Қойған сұрақтарға жылап қалады”
Психологтың айтуынша, суицид адамның өз өмірін қиюға саналы түрде шешім қабылдауы. Бұған адам жайдан жай келмейді.
“Суицид туралы ойлап жүрген адамды басқалардан ажырата аламыз. Тек дұрыстап мән беру керек. Ол әр жас адамдарында әртүрлі білінеді. Мысалы, мектеп жасындағы балаларда суицидтің белгілері ретінде көбіне оның мінез-құлқының өзгеруі жатады. Бұрын оқушы ашық, жайдары болса кенет өз-өзінен тұйықталуы мүмкін. Ешкіммен сөйлескісі келмей, сұрақтарға қысқа жауап беруі, айналасына жабылып қалуы мүмкін. Ашуланып, қойған сұрақтар мен сынға жылап қалады.Тәбеттің, ұйқының бұзылуы кейде қойған сұрақты естімей өз ойына батып кетуі орын алады”, – деді маман.
“Бір жаққа кететіндей жақындарына өтініш айтады”
Меруерт Шайыхова ересектердің суицидке бару туралы ойын аңғару да қиын емес екенін тілге тиек етті.
“Ересектерде көбіне жақын адамдарымен жақсы сөйлесіп, әрқайсысына қоңырау шалып, қал жағдайын сұрап, барлығына ықыласпен көңіл бөле бастайды. Өзі бір жаққа кетіп қалатындай жұмысына болмаса, жақындарына көз қырын салуды тапсыруы мүмкін. Мәселен, анама қарайлап қой, отбасыма қарасарсың деген сияқты өтініштер айтады”, – деді психолог.
Маман сонымен қатар ересектер арасындағы суицид белгілері кезеңдерге бөлінетінін айтты.
“Тағы бір байқалатыны – асығыстық сезімі. Олар бір нәрсеге үлгермей қалатындай үнемі бір шаруаларын бітіруге тырысады. Ылғи өз ойымен, өз-өзімен арпалысып, күбірлеп сөйлеуі мүмкін. Тәбеттің, ұйқының қашуы ересектерге де тән. Өмір мен өлім туралы сөз арасында жиі айтып қалуы мүмкін. “Өлгің келіп кетеді, не үшін өмір сүріп жүрміз” деген сияқты алғашқы кезеңдерде айтуы мүмкін. Ал соңғы сәттерде тұйықталып, ешкіммен сөйлеспеуінің өзі қол жұмсаудың түрлерін іздеуінен байқалады. Мәселен, дәрі, кескіш заттарды іздеп жүргенін өзі де байқамай қалуы мүмкін”, – деді ол.
Адамды өлім туралы ойдан алып шығу үшін не істеу керек?
Психолог мұндай кезде ата-ана балаға өлім туралы сұрақ қоюдан аулақ болуы керек екенін алға тартты.
“Егер баласының суицид туралы ойын ата-анасы сезсе, “не істеп жүрсің, не бүлдірмекшісің, тыныш жүр” деп жеку үлкен қателік. Мұндай кезде ең бірінші жылы эмоционалды қарым-қатынас: “Қалың қалай, көңіл-күйің болмай жүрген сияқты”,- деп құшақтап, басынан сипап оған максималды көңіл бөлу керек”, – деді маман.
Меруерт Шайыхованың айтуынша, ересектер арасында да бұл тақырыпты қалжыңға айналдыру әбестік.
“Ересектер арасында да бірден дабыл қағу керек. Дабыл қаққанда оны жағадан алып емес, жай ойларын білу арқылы шынайы әңгімелесіп, жан дүниесін түсінетініңді көрсету. Оның эмоционалдық жай-күйін сезінгеніңді білдіру. Одан соң, егер өзіңнің күшің жетпесе, ол адамның жақындарына, сүйікті адамына да хабар беріп бірге әрекет ету қажет. Себебін анықтауға тырысу керек. Бірақ бірден емес әртүрлі жолдармен ақырындап қимылдау керек”, – деп қосты ол.
“Бұл мені естіңдер деген белгі...”
Меруерт Шайыхова адамның суицид туралы ойға бір күнде келе салмайтынын алға тартты. Айтуынша, бұл бірнеше жыл бойы іште жиналған қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы.
“Өмірдің маңыздылығын барлық адам түсінеді. Өз-өзін өлтіруге бару, дәрі ішіп улану, қолын кесіп жарақаттану – мұның барлығы адамның жан-жақты көмекке шақырған жан айғайы. Алғашында ол өзін өлімге жеткізбейтін күйде жарақаттауы мүмкін. Бұл мені естіңдер деген белгі. Мұндай кезде де сол адамға бұл әлемге керек екенін барынша ұғындыру қажет”, – деді маман.
Меруерт Шайыхова жұртшылыққа психологқа бару қашанда маңызды екенін тілге тиек етті.
“Адамдарға ең бірінші мамандардың көмегі қажет. Себебі психологқа бару арқылы адам өзінің туыстарына айта алмайтын, ұят санайтын, сезімін қысылмай жеткізуі мүмкін. Оларға бару арқылы кешенді жұмыс жасап біршама мәселенің басын ашуға болады”, – деп қосты ол.
Маман елімізде тән жарасынан бөлек, жан жарасын да емдейтін мекемелердің барын алға тартты.
“Бізбен сөйлескеннен кейін райынан қайтып жататындар көп. Ал енді қиын жағдайда ауруханаға түскендерге әр бөлімде психотерапевт мамандар мықты қадағалаумен көмек көрсетеді”, – деп қорытты ол.
Психолог ақпараттың ашық ғасырында адамдардың өзін әлемге керексіз сезіну факторлары көбейгенін жасырмады. Айтуынша, бүгінде суицидке бару әрекеттері тіпті жасөспірімдер арасында да көбейген. Маман сол үшін жұртшылыққа жақындарымен жиі сөйлесіп, айналаға көбірек мән беруге кеңес берді.