Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда мұражайды безендіруге 1 миллиард теңгеден астам ақша жұмсалған

Түркістанда мұражайды безендіруге 1 миллиард 170 миллион теңге жұмсалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 “Әділдік жолы” республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметкері Дидар Смағұлов мұражайға қыруар қаражат бөлінсе де, жағдайы көңіл көншітпейтінін айтады. 

Мұражай 2020 жылы 3,3 миллиард теңгеге салынған. Алайда тағы 1,2 миллиард теңгеге эстетикалық безендіруді ұйғарыпты.

“2021 жылдың мамыр айында экс-әкім Шөкеев мұражайға 400 миллион бөлді, жарты жылдан кейін тағы 623 миллион теңге бөлінген. Ал 2022 жылы 147 миллионды жұмсады. “А1” компаниясы қызмет көрсеткен, оның басшысы – Гүлмира Байқошқарова. Мемлекеттік сатып алушы 4,1 миллиард теңгеге 30 келісімшарт жасасқан”, – деді Смағұлов. 

Ол қанша қаражат жұмсалса да, мұражайдың халі мүшкіл екенін айтады. Сынып қалған және кіреберісті жауып тұрған ағашты көрсетті.

Сондай-ақ қымбатқа алынған заттарды тізіп шықты.

“Аңызға айналған люстра-тамшы – 60 миллион, сарқырама – 30 миллион, 4 айван (күмбезді бөлмелер) – 22 миллион, Яссауи мөрі – 20 миллион, қабырғадағы жазу 7,5 миллионға жасалған. 

Түркістан облысының әкімдігі бұл жағдайға түсініктеме берді.

“Қожа Ахмет Яссауи мұражайының құрылысына тапсырыс беруші "Самұрық-Қазына" АҚ-на қарасты еншілес компаниясы "Компания по строительсву объектов" корпоративтік қорының тапсырысымен құрылыс жұмыстарын бас мердігер "Bazis Construction" ЖШС-і жүргізіп, 2020 жылы сыйға тартылған.

Аталған мұражайды безендіру және техникалық жабдықтау мақсатында сметалық құжаттарға сәйкес жалпы соммасы 1 миллиард 182 миллион 870 мың теңгеге "А1" ЖШС мен "Туристерге қызмет көрсету орталығы" КММ  келісімшарттары түзілген.
Бүгінгі таңда ғимаратты безендіру және техникалық жабдықтау жұмыстары 99%-ға орындалған. Қалған жұмыстарды келісімшартқа сәйкес 2023 жылы 31 желтоқсанға дейін толық аяқтау жоспарланған”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Талқылау