Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелін ұрып, пышақпен жарақаттаған экс-шенеунік Жетісу өңірінде жаңа қызметке тағайындалды

2020 жылы әйелін ұрып, асхана пышағымен жарақаттаған Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының экс-басшысы Жомарт Қаратас күтпеген жерден Жетісу өңірінде жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет ашық дереккөзден

Деректерге сай, осыдан үш жыл бұрын 30 жастағы әйел өзін ұялы телефонның қуаттағышымен ұрып, кейін асхана пышағымен қолын кесті деп шенеунік күйеуінің үстінен шағымданған. Алғашында Жомарт Қаратас жұртты шулатқан жағдайға байланысты іссапарда жүрмін деп ақталған. Ал әйелімен тек телефон арқылы жанжалдасқанын жеткізген. Тіпті ол қолындағы жарақатты сыртқы қақпаға кесіп алған деп айтқан. 

Кейін іс сотқа жеткен уақытта азамат әйелінен кешірім сұрады.

Шенеунік бүгінде Жетісу аудандық халық шығармашылығы орталығының директоры лауазымына келді. 

Редакциямыз Жетісу аудандық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан мән-жайды сұрап білді. Басқарманың айтуынша бұл азаматтың қызметке тағайындалуына еш кедергілер жоқ екен.

“2-17 қыркүйек аралығында Жетісу аудандық халық шығармашылығы орталығының директорының бос лауазымына орналасуға конкурс жариялады. Конкурсқа үміткер ретінде Қаратас Жомарт Мандатұлы құжаттарын тапсырды. Конкурс комиссиясының шешімімен оған мемлекеттік қызметке кіру және бос мемлекеттік лауазымға орналасу ұсынылды. ҚР-ның қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес осы лауазымға тағайындауға ешқандай кедергілер жоқ”, – деді басқарма. 

Осы ретте 3 ай сынақ мерзімінде шенеунік жаңа қызметке келген.

“Жетісу аудандық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басшысының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі No 145-ж/қ бұйрығымен 2023 жылғы 22 қыркүйектен бастап Жетісу аудандық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметіне тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Жомарт Қаратас 30 қазанда Республика күнінде алғыс алып үлгерген. Оған 24 қазанда өткен "BIKEN - I" халықаралық театр фестивалін және мерекеге арналған іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге қосқан зор үлесі үшін марапатталған. 

Еске салсақ, күні кеше әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Бишімбаевтың оқиғасы жұрттың жағасын ұстатқан болатын. 

Талқылау