Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БАҚ: Қазақстандықтар Ресейге жұмыс істеуге барған балаларын тұтқындап, соғысқа баруға мәжбүрлеп жатқанын мәлімдеді

Ресей түрмелерінде 18-25 жас аралығындағы жеті қазақстандық азамат отыр. Көпшілігі Краснояр қаласына жұмысқа кетіп, көп ұзамай қамауға алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Фотода тұтқында отырған қазақстандықтардың ата-аналары

Барлығына "есірткі тасымалдады" деген айып тағылған. Тұтқындалғандар бостандыққа шығу үшін Украинаға қарсы соғысуға ұсыныс жасалғанын айтады.

"Мама қазір уайымдамаңыз. Маған қазір соғысқа баруды ұсынып жатыр деді. Соғысқа барсаң, бір жылда босап шығасың деп айтып жатқан көрінеді”, – дейді Динара Балажанова.

Шымкент тұрғыны Динара Балажанованың 19 жастағы ұлы Эльдар қазір Ресейде сот үкімін күтіп отыр. Бір ай бұрын ол әлеуметтік желі арқылы жұмыс тауып, Красноярға кеткен. Оның барлық шығынын жұмыс беруші өтеген көрінеді. 

“Телеграм арқылы кілтті қайда қойғанын барлығын, жазып көрсетеді екен. Басында видеомен сөйлесіп тұратынбыз. Кейін бір күнде байланысқа шықпай қалды. Үш күннен кейін тергеуші хабарласты”, – дейді Динара Балажанова. 

Тергеуші Эльдар есірткі тасымалдау бабы бойынша ұсталғанын айтқан. Балажанова Красноярға барып, баласымен сөйлескен. Эльдар өзіне Украинаға соғысқа аттанса, бостандыққа шығатыны туралы ұсыныс түскенін жеткізіпті. 

“Тергеуші “Сіздің бұл жерде рұқсатыңыз керек емес. Балаңыз кәмелетке толған, сіз рұқсат бермесеңіз де бала жауап береді” деді”, – дейді Эльдардың анасы. 

Ресейде есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталған басқа да азаматтардың ата-аналары оларға соғысқа бару ұсынылғанын айтады. Алматы тұрғынының 22 жастағы ұлы 1 жылдан бері түрмеде жатыр. 

“Мама, мені СИЗО-ға алып бара жатыр. Мама, мен бұлай боларын білген жоқпын, мені кешірші, мен кішкене болса да көмектесейін деп ойлағанмын” деді. Соғыс туралы айта алмайды ғой. Маған “барып келсем, тез қайтады екенмін” деді. Ешқашан соғысқа келіспе дедім. Ол сен жазып қойдың ба дегенде түрі бұзылып кетті”, – дейді Зульфира Исмаилова. 

Ал Мейрамбек Әлімбеков баласының қамауда отырғанын қазанның ортасында білген. 

“Үлкен көлемде есірткі тасмалдаған. Бес жүз грамм шамасында кокаин деді. Ол мүмкін емес. Менің ойыма кірмейтін зат. Кәмелетке енді толған бала мұндай есірткіні қайдан алады”, – дейді Мейрамбек Әлімбеков. 

Адвокат Мейірман Шакеевтің айтуынша баласы есірткімен ұсталып, қамауда отырған жиырма шақты қазақстандық бар. 

“Кейбір ата-ананың балалары 16-сы келген, 19-ы ұсталған. Бұларда алып келді, есірткімен ұстап алады да соғысқа жібереді”, – дейді адвокат Мейірман Шакеев. 

Жағдайға қатысты сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. 

"Елшілік біздің азаматтардың ұсталғаны туралы хабардар. Жақын арада консулдың Красноярск қаласына іс-сапары болады және біздің азаматтармен жеке кездесуі жоспарланған”, – делінген министрлік хабарламасында.

Талқылау