Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баланы көруге құштар емеспін": Қазақстандық келіншек суррогат ана болудың қандай екенін айтып берді

Қазіргі кезде елімізде “құрсағын жалға беріп” оны табыс көзіне айналдырғандар саны біртіндеп артып жатыр. Олар бір “қызметінің” құнын 3 миллион мен 8 миллион теңгенің арасында бағалайтын көрінеді. Stan.kz тілшісі құрсақ аналар мен ерлі-зайыптылардың серіктестігіне дәнекер болып жүрген агенттіктен суррогат ана болу шарттарын біліп, өзге жандарға сәби сыйлаған әйелмен тілдесіп көрді. 

Фото: pixabay.com

Суррогат ана деген өзгенің баласын 9 ай көтеріп, дүниеге әкелетін әйел. Биологиялық ананың жұмыртқасы мен әкесінің ұрығы будандастырылып, эмбрион жасалады. Кейін ЭКО арқылы дайын эмбрион суррогат ананың құрсағына салынады. 

Бүгінде елімізде құрсақ аналарға іздеу салатын агенттіктер көп болмағанымен, саусақпен санарлық мекемелер бар. Солардың бірі – Астана қаласында орналасқан “Болашақ” агенттігі. Суррогат аналарға сұраныстың көптігін әлеуметтік желілерде құрсақ ана болғысы келетінін жазып, пікір қалдырған әйелдердің санынан білуге болады. “Болашақ” агенттігі оларға бағыт беріп, мекемеге қарай жол сілтейді. Онда әйелдерді суррогат ана атанудың шарттарын түсіндіреді.

“Болашақ” суррогат аналар орталығының директоры Дамира Шоқанқызы кез келген әйел құрсақ ана бола аламайтынын және оның өз талаптары барын айтты. 

Қандай әйелдер суррогат ана бола алады?

  • Бұған дейін дүниеге дені сау бала әкелген;
  • 20-35 жастағылар;
  • Денсаулығы жақсы;
  • Зиянды әдеттері жоқ.

Егер әйел аталған талаптарға сай келетін болса, сәби құрсаққа біткен күннен бастап ол баланың биологиялық ата-анасының бақылауында болады. Алайда Дамира Шоқанқызының айтуынша, суррогат ананың ақысы мен күтімі биологиялық ата-ананың әлеуметтік жағдайына байланысты. Жүктілік кезіндегі әйелдің күтімі, шығындары мен қажетті ем-домның ақшасын толығымен ерлі-зайыпты көтереді. Олар ай сайынғы төлемдерді және толық гонорарды аударған күннен бастап, бала дүниеге келгеннен кейін бес күн құрсақ ананың жағдайын жасайды. Кесарь тілігі болған жағдайда немесе егіз бала дүниеге келгенде, сондай-ақ әйел денсаулығын қалыпқа келтіру үшін гонорардан бөлек ақша төленеді. 

Суррогат ана мен биологиялық ата-ананың арасында келісімшарт жасалады. Құжатта екі тараптың талаптары, құқықтары мен міндеттері қарастырылады. Дамира Шоқанқызының айтуынша, суррогат аналардың гонорары 5 миллион теңгеден басталады және айына 200 мың теңге айлық төленеді. Ол мұндай қадамға қажеттіліктен баратын суррогат аналар мен ерлі-зайыптыларға түсіністікпен қарауға шақырады. Кейбір құрсақ аналар мұндай шешімді күйеуімен бірге қабылдайтын көрінеді. Агенттіктің директоры суррогат ана ретінде өзгенің баласын көтеріп, еш қиындықсыз сәбиді ата-анасына тапсыратын әйелдерді алатынын жасырмады. Ал жүктілік кезіндегі қиындықтар туралы келісімшартта мақұлданады.

“Суррогат ана болғаным үшін 5 миллион теңге төледі”

Құрсақ ана болуға келісіп, перзент сүйе алмайтын ерлі-зайыптыға сәби сыйлаған келіншек өз оқиғасымен бөлісті.

Аты-жөнін жарияламауын сұраған кейіпкеріміз суррогат ана бұл қызметті хабарландыру арқылы тапқанын айтты. Ол мұндай қадамға бала сүйе алмайтын отбасыға көмектесу мақсатында барған. Келіншек суррогат ана болғаны үшін 5 миллион теңге шамасында ақша алған. Оның айтуынша, құрсақ аналар 3-8 миллион теңге аралығында табыс табады. Қызмет ақысының мөлшері биологиялық ата-ананың жағдайына байланысты. Ерлі-зайыпты қалталы шетелдіктер болса, жомарттық танытатын көрінеді.

Келіншек сәбиді 9 ай құрсағында көтерсе де, балаға деген аналық махаббат сезінбегенін жасырмай айтты. 

“Сол отбасы үшін қуандым. Ерекше сезімді бастан кештім. Сол кезде мен үшін ең бастысы отбасының бақыты болды. Аналық махаббатты сезінбедім. Сәбиді өзіме алып қалу туралы ой мүлдем болмады. Себебі мен оның биологиялық анасы емеспін. Сондықтан ол жағынан ешқандай мәселе туындамады”, – дейді келіншек.

Әйелдің суррогат ана болу туралы шешіміне отбасы ешқандай қарсылық білдірмеген. Айтуынша, бұл оның өз шешімі және жақындарының оған тыйым сала алмайтынын кесіп айтты. 

Суррогат ана жүктіліктің бабымен, ойдағыдай өткенін айтады. Соған сай келісімшарт мәселесінде де еш қиындық болмады. 

“ЭКО-ның алдында баланың биологиялық ата-анасымен келісімшарт жасадық. Құжатта екі тараптың талаптары мен міндеттері қамтылды. Мысалы “Қандай жағдайда кім айыппұл төлейді? Бір күнге қанша төленеді?” дегендей. Менің талабым бойынша, жалдамалы пәтердің ақшасын, ай сайынғы қажетті дәрумендер мен дәрілердің шығыны, жүктілерге арналған киімдер мен таксидің ақшасын биологиялық ата-ана төлейді. Босанған соң жатырды алып тастауға тура келетіндей қиын жағдай болса, оған бөлек ақша төленеді. Мысалы, жұмыртқаларды алып тастағаны үшін 500 мың, жатыр алынып тасталса, 500 мың, кесарь тілігі болса, 300 мың теңге мөлшерінде ақша төленеді”, – дейді құрсақ ана.

Баланың билогиялық ата-анасы суррогат ана 30 минут ішінде телефон тұтқасын алмаса, телефонды өшіріп тастаса, үйде болмай қалса, айыппұл сала алады. 

“Дайын эмбрионды ЭКО арқылы жатырға салу – 5-10 минуттық жұмыс. Ал оған дейін көп жұмыс жасалады. Әуелі ерлі-зайыпты денсаулығын толықтай тексеруден өткізеді, биологиялық ата-ана жұмыртқалары мен ұрығын және анализ тапсырады. Кейін суррогат ана тапқан соң, ол да медициналық тексеруден өтеді. Анализдерін тексеріп, ағзасын дәрумендермен, гармондармен дайындайды. Медициналық тексерістен өтіп, ЭКО арқылы эмбрион салуға менің 2 ай уақытым кетті”, –дейді келіншек. 

Келіншек босанған соң 40 күн күтініп, денсаулығын қалыпқа келтірген. Ал биологиялық ата-ана сәбиді қолдарына алған сәттен бастап жауапкершілік пен менің алдымдағы міндеттерден босайды. 

Оның айтуынша, бала босанған соң басқа аналар секілді күйзеліске түспеген. Тіпті психологтың да көмегіне жүгінбеген. Анасының көмегімен денсаулығын ретке келтірген. 

9 ай құрсағында көтерген сәбиге келетін болсақ, босанған соң мүлдем көрмеген. Алдағы уақытта да кездесу жоспарда жоқ. Баланың биологиялық ата-анасымен де байланысын үзген. Келісімшартта көрсетілгендей, суррогат ананың сәбиді дүниеге әкелген соң ерлі-зайыптыны мазалауға хақысы жоқ. 

“Мен ол баланы өзіме ала алмаймын. Баламен де, ата-анасымен де араласуға өзім де құштар емеспін. Бірақ сәбидің дені сау, аман-есен екенін білемін. Маған соның өзі жеткілікті. Адамдар “өз баласын сатты” деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл – қате пікір. Өзгенің баласы менің құрсағымда дамып, мен арқылы дүниеге келеді. Ол отбасыға бақыт тілеймін, ниетім түзу. Мені де мазаламаса екен деймін. Мен босанған күні-ақ келісімшарттың күші жойылды”, – дейді келіншек. 
Талқылау