Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар арасындағы конкурстың марапаттау шарасы өтті

Дәл осы мақсатта ағымдағы жылдың 31 қазаны күні Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен облыстық Мейірбандық айлығы аясында "Қарлығаш" - әр үйге бақыт ұяласын" атты ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар арасындағы конкурстың марапаттау шарасы өтті. Конкурсқа облыс бойынша 13 отбасы қатысып, бақ сынады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов, облыстық маслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, әлеуметтік қорғау саласының мамандары  қатысты.

Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның алтын діңгегі. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Өнегелі отбасы арқасында мемлекет те өркендейді, халықтың әл-ауқаты да жақсарады. Отбасылық құндылықтарды қадірлеу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін сезіну, соның ішінде мүгедектігі бар баланы тәрбиелеудегі ата-ананың орасан зор еңбегін дәріптеу басты ұстаным!

"Құрметті халайық, облысымыздағы жыл сайынғы дәстүрлі Мейірбандық күндері айлығы өткізілгені баршаңызға белгілі. Осынау айлық аясында алғаш рет оздырылып отырған "Қарлығаш" - әр үйге бақыт ұяласын" атты ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар арасындағы конкурстың орны тым ерекше. Өйткені бұл күні ерекше баланы тәрбиелеу мен оны қоғамға бейімдеуде күні-түні тыным көрмей шырылдайтын ардақты ата-ананың еңбегіне алғыс білдіретін күн. Барша адамзатқа шүкіршілік пен үзілмейтін үміттің озық үлгісі бола білген Сіздерге шын жүрегімнен алғыс білдіремін",- деп Б.Нарымбетов қатысушыларға алғысын білдірді.

Конкурс қорытындысы бойынша, 1 орынды – Орал қаласынан Темірғалиевтер отбасы, 2 орынды – Жәнібек ауданынан Дускалиевтер отбасы, 3 орынды – Бөрлі ауданынан Бекешевтар отбасы иеленді.

Сонымен қатар, "Зияткерлер отбасы" номинациясы бойынша Орал қаласынан Елеушевтер отбасы, Теректі ауданынан Кенжебаевтар отбасы, Казталов ауданынан Садықовтар отбасы, "Спортты жанына серік еткен отбасы" номинациясы бойынша Сырым ауданынан Ақжановтар отбасы, Қаратөбе ауданынан Қасайновтар отбасы және Тобағұл отбасы, "Шығармашыл отбасы" номинациясы бойынша Бөкей Орда ауданынан Бисенғалиевтер отбасы, Бөрлі ауданынан Мусагалиевтер отбасы, Тасқала ауданынан Рахметовтар отбасы марапатталды.

Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Құрманбаева Миргуль Абуханқызы.

Талқылау