Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Босанғаннан кейінгі күйзеліс: Қазақстандықтар не білу керек?

Жүктілік және босанғаннан кейінгі кезең – әрбір әйелдің өміріндегі маңызды шақ. Әйел денсаулығының физикалық жағдайын ғана емес, психоэмоционалдық күйін де ескеріп, көңіл бөлген жөн. Босанғаннан кейінгі өмірге, ана болуға алдын ала дайындық жасағаны да абзал. Бүгінде көп қыз-келіншек босанудан кейінгі күйзеліске түскенін, кей мәселенің шешімін таба алмай қиналып, ақыры күйеуімен ажырасып кеткенін айтып жатады. Бұл жағдай көбіне әйелге жақындары қолдау көрсете алмағандықтан, оны тыңдай алмағандықтан болуы мүмкін. Босанған әйелдермен жұмыс жасап, жан тыныштығын табуға көмектесетін психиатр, психотерапевт маман Арай Сайлауқызы Stan.kz тілшісіне осы мәселені қалай шешуге болатыны туралы айтып берді. 

Фото:pixabay.com

Дәрігер жаңа босанған әйелдің денсаулығына, көңіл күйіне бей-жай қарамау керегін ескертті. Оның айтуынша, ана баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сүті арқылы баланың иммунитетін қалыптастырады. Өзінің эмоционалды күйі арқылы сәбиге сабырлықты және әлемге сенім артуды үйретеді. Сәби тым кішкентай болғандықтан анасына мұқтаж әрі уақытының көп бөлігін анасымен өткізеді. Ал күйеуі мен жақындары әйелдің сол уақытты жақсы өткізуіне жағдай жасау керек.

Депрессия – бұл психикалық бұзылыс. Ол кезде ойлау, есте сақтау, зейін, эмоция, ерік, қозғалыс, интеллект – баяу жұмыс істейді. Депрессиямен арнайы жұмыс істейтін маман - психиатр. Егер жаңа босанған әйел өмір сүргісі келмейтіні туралы тікелей айтса, бірден психиатр маманның көмегіне жүгінген жөн.

Әйел босанып келгенде отбасында түрлі жағдайлар орын алып жатады. Жанжал, күйеуінің тарапынан ешқандай қолдаудың болмауы, перзентханадан жаңа шыққанда толассыз қонақ күтуі, үй шаруасымен айналысуға мәжбүр болуы. Оған қоса балаға да күтім жасап үлгеруі тиіс. Өзіне осынша жауапкершілік артылғанын сезінген соң әйел айналасындағыларға өкпелеп, жайсыз күйге түседі. Оны ешкім түсінбейді, өзін тегін қызметші сияқты сезінеді. Мұндай күйзелістен әйелді тек психотерапевт маман алып шығады. Дәрігер әйелдің айналаға деген көзқарасын өзгертуге көмектесіп, өз шекарасын өзгелерден қорғауға үйретеді. 

Арай Сайлауқызының айтуынша, қыз-келіншектердің басым көпшілігі бұл мәселені өз бетінше шешуге тырысады. Сөйтіп қателікке бой алдырады.

Көп әйелдер “баланы балабақшаға берсем өмірім жеңілдейді” деп ойлайтын көрінеді. Сондай-ақ айналасындағы адамдардың қателесетінін дәлелдеп, өзін түсінбейтінін көрсеткісі келеді. Әйел жаңа босанып келген соң өзіне қарауды, күтім жасауды, денсаулығына қарауды, қызығушылықтарын мүлдем ұмытып кетеді. Сәбиі дүниге келген соң бірінші орынға баласын қойып, өзін ұмытады. Бұл әдетке айналып, кейін қалыпты жағдай болып кетеді. Әйел өзін соңғы орынға қоймау керек. Олай болмау керек. Бұл өзін жайсыз сезініп, өзін-өзі жоғалтып алған әйелдердің жіберетін қателіктері. Ал нағыз депрессияға келетін болсақ, басты қателік – психотерапевт маманға жүгінбеуі. 

Арай Сайлауқызы дәрігердің қабылдануына жазылуға әлеуметтік жағдайы жетпейтін әйелдерді де ескерді. 

“Мен бәріне бірдей кеңес бере алмаймын. Кейбір адамдардың психологқа ақшасы жетпейді. Бірақ егер қаласаңыз, емханаңызда тегін қызмет көрсететін маманды табуға болады. Аналарды қолдайтын қорлар мен қауымдастықтар бар. Тіпті арзан бағаға немесе мансабын жаңадан бастап келе жатқан тегін қабылдайтын психологтар бар. Менің өзім де дәл солай бастағанмын”, – дейді Арай Сайлауқызы. 

Жаңа босанған әйелдердің өзіне-өзі қол жұмсауына түрлі нәрсе себеп болуы мүмкін. Мысалы, күйзеліс немесе қол жұмсауға итермелейтін галлюцинациялар. Кейде күйеуі мен жақындарына сабақ болсын деп суицид жасайтын әйелдер де жоқ емес. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ақша, қарыз да суицидке иетрмелейді. Сондықтан жалпы суицидке жол бермес үшін ана мен баланың бар жағдайын жасап, қажеттіліктерімен қамтамасыз еткен абзал. Күйзелісте жүрген әйелмен көп сөйлесіп, диалог құру қажет. Бірге уақыт өткізіп, көңіл күйін сұрауды естен шығармаған жөн.

Босанған әйелдің күйзелісте жүргенін қалай білуге болады?

  • Көңіл күйі болмайды;
  • Ештеңеге қызықпайды;
  • Энергиясы төмендейді;
  • Өзін-өзі бағаламайды;
  • Өзін түкке тұрғыз сезінеді;
  • Тәбеті болмайды;
  • Ұйқысы бұзылады;
  • Баяу әрекет етеді;
  • Өлім немесе суицид туралы ойлар мазалайды.

Босанғаннан кейінгі күйзеліс сәби дүниеге келген соң алғашқы 42 күнде басталып, кем дегенде 2 аптадай болу керек. Алайда күйзелісті әркім әр қалай бастан өткереді. Егер дер кезінде емделмесе бір жылға дейін созылуы мүмкін. Уақыт созбай дәрігер қабылдауына жазылса 1-2 ай ішінде әйелдің жағдайы жақсарады. 

Бала босанғаннан кейін күйзелістің болатынын білмейтін, оны қалыпты жағдай деп қабылдайтын әйелдер де бар. Мұның соңы жақсылыққа апармайтыны сөзсіз. 

Осы тұста Кәмшат есімді келіншек босанғаннан кейін қандай қиындықтар болатынын және күйзелістен қалай шыққанын тілшімізге баяндап берді.

“Осыдан екі жыл бұрын босанғаннан кейінгі күйзелісті бастан өткердім. Адамнан адам шығуы оңай емес. Босанған соң қолдау білдіріп, көмектесетін жандар болмаса қиын. Сол сәтте анамның көп көмегі тиді. Әрдайым жанымнан табылып, көмектесіп жүрді. Күйзелістен шығуыма әуелі балаларым себеп болды. Солар үшін барымды салып тырыстым. Өзім кесарь тілігі арқылы босандым. Көп нәрсе маған қиын соқты. Маған ерекше күтім қажет болғандықтан күйеуім де жанымда болып жағдайымды жасады. Тамағымды жасап, шайымды дайындап жүрді. Материалдық тұрғыдан да бар қажеттілігімді өтеді. Сөйлескім келіп, ойымдағыны айтамын. Ол кісі мені тыңдай білді. Босанар алдында екі мәрте психологтың қабылдауында болдым. Негізі маманның көмегіне жүгінген дұрыс деп санаймын”, – дейді Кәмшат Нұрходжаева.

Талқылау