Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сүт безі қатерлі ісігімен ауырған қазақстандық әйел сырқатынан қалай айығып шыққанын айтты

Сүт безі қатерлі ісігі – бүгінгі таңда ең қауіпті әрі жиі кезедесетін аурулардың бірі. Онколог мамандардың айтуынша, елімізде сүт безі қатерлі ісігімен жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады. Stan.kz тілшісі омырау обыры туралы онколог маман Айнұр Маратқызынан мағлұмат алып қана қоймай, сүт безі қатерлі ісігінен айығып, ремиссияда жүрген Лауэра есімді астаналық тұрғынмен тілдесті.

Фото: Ашық дереккөзден

Лауэра Зәкиқызы – коуч, заңгер, кәсіпкер, үш баланың анасы. Ол сүт безі қатерлі ісігіне қалай шалдыққанын және сырқаттан қалай айыққанын айтып берді. Кейіпкер басынан өткенін баяндай отырып, өзекті мәселелерді көтерді. Лауэра өмірінде болған жағдай өзгелерге сабақ болсын, қоғамға пайдам тисін деген мақсатта жан сырымен бөлісіп, сұхбат беруге келісті.

“Мен – салауатты өмір салтын ұстанатын адаммын. Уақытылы скринингтен өтіп жүремін. Бірақ медицинада скрининг арқылы аурудың алдын алу, оны дер кезінде анықтау жағы ақсап тұр. Бұған скрининг жасайтын емханалардағы маммолог, маммограф, онколог, әсіресе терапевтің кәсіби біліктілігі тікелей әсер етеді. Кеудемде ісік барын өзім сездім. Бойымда әлсіздік болды, шаршай беремін, гемоглобин 74-ке түсіп кетті, ағзамда D дәрумені тапшы болып, қанда кальцийдің мөлшері көбейді. Негізі мен энергияға толы адаммын. Сол 2019 жылы жұмыстарым да, іс сапарларым да көп болғандықтан, шаршаған болармын деп ойладым. Бірақ басқа де белгілерін байқай бастадым. Өзім жас көрінемін, айналамдағылар келбетімде әжім жоқ дейтін. Сөйтіп шашым түсіп, бетімнің әрі кете бастады. Одан бөлек өзім де, балаларым да біртүрлі түстер көріп жүрдік. Жаратқан өзі белгі бергендей болды. Бірақ қатерлі ісіктің айқын белгілері болмайды”, – дейді кейіпкер. 

Айта кетейік, Лауэра жергілікті емханалардың бірінде 2019 жылдың ақпан айында скринингтен өткен болатын. Бірақ дәрігерлер оған скринингтің нәтижесі туралы хабар бермеген. Медицина қызметкерлерінің салғырттығынан ол бес ай уақытын жоғалтқан. Лауэра өзін жайсыз сезініп жүрген соң шілде айында өз қалауымен екінші рет маммографиядан өтеді. Мұрағаттан іздеп тапқан бірінші скринингте де, екінші скринингте де қатерлі ісікке күдік бары анықталады. 

“Қазір қалай екенін білмеймін, бірақ осыдан 5-6 жыл бұрын дәрігерлер адамның ағзасына тұтас бір жүйе (система) деп қарамайтын. Тек өз саласы бойынша емдейтін. Басқа дәрігерлермен бірігіп ем жүргізбейтін. Адамның ағзасы – бір-бірімен байланысты бүтін бір жүйе. Танысым арқылы жүйелі ем жүргізетін маманның көмегіне жүгіндім. Ол әйел адамдарға міндетті түрде қатарынан үш маманға қаралуға кеңес береді. Олар: гинеколог, маммолог және эндокринолог. Дәрігер кеудемді тексеріп, түйіншек бар деген күдікпен, мені толық тексеруден өтуге жіберді. Маммография мен эндокринологиядан өткеннен кейін қатерлі ісіктің бары анықталды. Сөйтсем бұған дейін барған гинеколог маған дұрыс ем жүргізбеген екен. Ол кеудемде кішкентай түйіншектің барын біле тұра маған “дюфастон” деген гормоналды дәрі береді. Ол керісінше ауруды асқындырып жіберді. Кішкентай түйіншек үлкейіп, 3 сантиметрге өсіп кеткен”, – дейді Лауэра Зәкиқызы.

“Әрі қарай биопсия шаралары жасалып, шілде айында қатерлі ісіктің бары расталды. Күйеуіммен бірге дәрігердің қабылдауына бардық. Қалай ем жүргізу керегін ақылдастық. Ол кезде кенже балам кішкентай, үлкен қызым мектеп бітіріп, шетелге оқуға баруға дайындалып жатқан. Мен оларды тастап, ауруханаға жата алмадым. Тек қыркүйектің ортасында нағашы әпкемнің қолдауымен емханаға жаттым. 

Ем алуды бастаған соң ауруды анықтап, оны емдеу жолы талқылау үшін дәрігерлердің кеңесі өткізеді. Консилиумда мен Қазақстандағы скрининг мәселісін көтеріп, емханадағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру туралы ұсыныс жасадым. Онкологтардан аурудың алдын алуды қарастыруды талап еттім. Бас-аяғы алты химиотерапия алдым. Мұнда менің жолым болды. Мені білікті дәрігерлер емдеді”, – дейді кейіпкер. 

Күнделікті қызу жұмысын тастап, жоспарларынан бас тарту қанша ауыр болса да, Лаэура белді бекем байлап ем алуға  кіріседі.

“Дәрігерлерден “Мен неге дайын болу керекпін?” деп сұрағанда маған: “Сұлулығыңыздан айырыласыз. Шашыңыз, қас, кірпігіңіз түседі. Химиотерапияның жанама әсері болады” деп ескертті. Өзім шетелдік серіктестермен жұмыс істейтінмін, КАЗГЮУ университетінде студенттерге сабақ беретінмін. Ем алуды бастамай тұрып жобаларымды серіктестеріме тапсырдым, жұмыстарымды аяқтадым, тек университеттегі бір-екі сабағымды ғана алып қалдым. Бұл – мен сабақ беріп жүрген студенттер алдындағы жауапкершілік еді. Сөйтіп 2019 жылы қыркүйектің 12-і күні ем алуды бастадым”, – дейді Лауэра Зәкиқызы.

Аурумен алысамын деп шаршап, қолды бір сілтеп кетіп қалғыңыз келген сәттер болды ма?

“Жанымдағы химиотерапия алатын әйелдерге дем беріп жүрдім. Бірақ бесінші химиотерапияны алуға әрең бардым. Десе де, ем алудан шаршап, қолымды бір сілтеп кеткен кезім болмады. Оған менің балаларым себеп болды. Менің қатерлі ісікке шалдыққанымды балаларға айтпаған едік. Әкесі сол кезде 8 жастағы ұлымды анда-санда ауруханаға әкелетін. Сөйтіп жүргенде кенже ұлым менің онкология бөлімінде жатқанымды көріп, ол туралы интернеттен іздеген екен. Сонда ғаламтордан “қатерлі ісіктен адам өліп кетеді” деген ақпаратты оқып, жылаған. Содан менің кішкентай суретімді терезеге Құбыла жаққа қарай қыстырып, мен үшін дұға етіп, тілек тілеген екен. Баламның мен үшін уайымдап, Жаратқаннан тілегенін білгенде еңсемді түсірмеу керегін түсіндім”, – дейді кейіпкер.

@lauera_zaki_akhmetzhan Қайсар рух. Нық сенім. Шынымен өзіңді, өмірді сүю. Өмірге деген керемет құштарлық. Өзімізде осыларды тәрбмелеп, дамытсақ, сынақтардан НАҒЫЗ МЫҚТЫ ТҰЛҒА болып шығатынымыз айдан анық! #Ахметжан_Лауэра_Зәкиқызы #lauera_zaki_akhmetzhan #трансформация #наурыз #қазақстан #заңгер #executive #couch #коуч #2023tiktok #тикток #онкология #герой #мықтыбол #шипа #ризамын #бақыттымын #мен ♬ оригинальный звук - Лауэра Зәкиқызы Ахметжан

Ол емделіп шығуға себеп болған тағы бір оқиғамен және қатерлі ісікті жеңуге көмектесетін ең тиімді тәсілмен бөлісті. 

“Бірде мынадай жағдай болды. Бізге дәрігерлер таза ауада жиі жүру керек деп айтатын. Сөйтіп саябақта серуендеп жүрсем, жақсы танитын, бірге жұмыс істеген серіктесімді көріп қалдым. Ол кісіні танып тұрған соң жәй ғана өтіп кете алмадым. Рухтың мықтылығы сонша, ем алып жүріп бет-әлпетімнің өзгеріп кеткенін де ұмытып кетіппін. Оны тоқтатып, амандасып едім ол кісі мені танымады. Лауэра екенімді айтқанда ол шошып маған не болғанын сұрады. Мен негізі бәрінен жасырып жүргенмін, ол кісіге айтуға тура келді. Сонда үйге ұнжырғам түсіп оралдым. Мен өзгеріп кеткенімді байқамаған екенмін. Бұрыннан ел елдында жарқырап жүрген тұлға ретінде бұл маған ауыр тиді. Сонда мен өзімді қайта қолға алу керегін түсіндім”, – дейді кейіпкер.

Психолог маманның көмегіне жүгіндіңіз бе?

“Заманауи емдік шараларда ем алушыларға психолог маманның көмегіне жүгіну ұсынылады. Маған психологтың көмегі аса қажет болмады. Еліміздің ауыл-аймақтарынан келген науқас әйелдерге психолог керек еді. Олар психологқа шерін тарқатып, өз мәселелерінің шешімін тауып жүрді. Өйткені онкологияның бірден бір себебі – стресс. Стресс кезінде рак клеткалары адамның ең әлсіз тұсынан ұстайды. Сүт безі қатерлі ісігі тұқым қуалауы мүмкін немесе омырауға абайсызда соққы тигеннен болады. Бала емізіп жүріп, суық тигізсе, ол асқынып, дұрыс емделмесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Яғни, қатерлі ісікке нақты не себеп болғанын анықтау мүмкін емес”, – дейді ол.

Лауэра ханым қатерлі ісікті адам ең әуелі қабылдау керегін және бойдағы рухтың көмегімен сырқаттан айығуға болатынын айтады. Оның сөзінше, рух мықты болса ғана ем жүреді. 

“Екіншіден, бұл жағдайда білікті дәрігерлермен жұмыс істеу маңызды. Үшіншіден, емделушінің айналасындағы адамдар, отбасы және орта. Мен адамдардың маған аянышпен қарағанын қаламадым. Мен емалып жүргенде анам Орал мен Астананың екі ортасында жүрді. Менің жанымда болып тамағымды әзірлеп, кейін Оралға барып-келіп тұрды. Химиотерапия алғандықтан маған плитаға жақындауға болмайтын еді. Газға, тоққа жақындағанда бүкіл дене ауырып, бас айналады, денсаулыққа зақым келеді. Ем алып жүрген адамның жанында үй шаруасына көмектесетін адам болғаны дұрыс. Себебі дәрігерлер емделушіге газ пен тоққа жақындамау керегін айтып, шарт қояды”, – дейді ол.

@lauera_zaki_akhmetzhan Менің тик-токтағы бірінші видеоларымды ата-анама алғыс айтудан бастаймын. С благодарностью родителям. #Ахметжан_Лауэра_Зәкиқызы #атаана #алғыс #благодарность #жанұя #Қазақстан #Парламент #депутат #үміткер #19наурыз #сайлау #мәжіліс #сайлауАтырау #Атырау #индерауданы #махамбетауданы #құрманғазыауданы #мақатауданы #жылыойауданы #қызылқоғаауданы #исатайауданы ♬ оригинальный звук - Лауэра Зәкиқызы Ахметжан

“Сырқаттан айыққан соң қандай қорытынды жасадыңыз?”

“Ем алып жүріп бір нәрсені түсіндім. Менің ортам, отбасым, жақындарым ылғи энергияға толы, барлығын өзі істейтін, жауапкершілігі мықты Лауэраға үйреніп қалған екен. Мен бәріне көмектесемін. Бірақ мен ешкімнен көмек сұрай алмайды екенмін. Сөйтіп айналадағы адамдардан физикалық және материалдық тұрғыдан көмек сұрауды және қабылдауды үйрендім. Мен үшін олардың “Сенің қолыңнан келеді. Сен мықтысың, бүгін ерекше жайнап тұрсың” деп қолдау беретін сөздері маңызды болды. Көңіліңді сұрап келсе де еңсең көтеріліп қалады. Бірақ ешқашан аянышпен қарамау керек. Олар сенің ауруды жеңіп шығатыныңа шынайы сенуі керек.

Ремиссияға өтіп, емделіп шыққанда адам өзіне, денсаулығына көп көңіл бөлу керек екенін түсіндім. Менде Алла берген жақсы денсаулық, сымбатты мүсінім барын бағаламаппын. Біз оған таусылмайтын ресурс сияқты қараймыз. Мені әлі күнге дейін “энерджайзер” деп атайды. Бірақ бұрын мен болатын дүниеге де, болмайтын дүниеге де күш жұмсайтынмын. Қазір энергиямды бос жұмсап жатсам өзімді-өзім тоқтатамын. Барлығын баланста ұстау керек. Алланың берген денсаулығын қадірлеп, бағалаудан бөлек, баптай білу керек. “Жұмыс” деп жүгіре бермей, шаршасаң демал. Өзіңе, тәніңе құлақ аса білу қажет. 

Тағы бір түсінгенім, ми адамның ойын, айтқан сөздерін шындық деп қабылдайды. Сөйтіп мен өз миымды “алдадым”. Шашым түсе бастағанда қаладағы салондардың біріне барып шашымды тақырлап алып тастадым. “Шашым химиядан түскен жоқ, мен өзім алып тастадым, өзім соны қаладым” деген ой болды”, – дейді Лауэра Зәкиқызы.

Ем алушы айналасындағы адамдардан қандай қолдау күтеді?

  • Физикалық тұрғыдан отбасына қарасу, үй шаруасына көмектесу, мүмкін болса, балаларды мектепке апару, алып келу, олардың тамақтануын қадағалау. Себебі емделуші тез шаршап қалады, көп нәрсеге шамасы келмейді;
  • Материалдық жағынан да көмек көрсету артық етпейді. Өйткені көп ақша керек. Қатерлі ісікті емдеу онкологияда тегін. Бірақ емделушінің арнайы ас мәзірі және химияның ішікі құрылысқа тигізген зардабын емдеу үшін дәрі-дәрмекті, дәрумендер мен белсенді қоспаларды өздері сатып алады. Оның бәрі қымбат тұрады. Оның үстіне, ем алушы уақытша жұмысқа жарамсыз болып саналады;
  • Алғашында мен диагнозымды туыстарыма айтқан жоқпын. Өзімді бейшара адам етіп көрсеткім келмеді. Мені жетектеп ауруханаға жатқызған нағашы әпкем болған жағдайды жақындарға айту керек деп шешім қабылдады. “Ауруын жасырған, аңдамай өледі” деп бекер айтпаған. Осындай жағдайдағы адам жақындарының рухани қолдауына зәру болады. Жақындарың, туыстарың арасында келіп саған көңіл бөлсе, бірге серуенге шығып, қарасса жөн болады.

Лауэра ханым қатерлі ісіктен емделіп жүрген жандарға өз кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісті.

“Интернеттен ештеңе іздеп қажет емес. Мен интуитивті түрде рак, онкология туралы ғаламтордан ештеңе іздеген емеспін. Себебі онда дәрігердің сөздерінен бөлек ақпарат болуы мүмкін. Әдетте тек негативті ақпараттар, яғни, өлім туралы айтылады. Өзім коуч болғандықтан жағымсыз жаңалықтардан, негативтен өзімді барынша қорғадым. Тек ем алуды, оңалту шараларын іздедім. Жағымсыз энергетика, жайсыз аурадан өзімді аулақ ұстадым. Бірге ем алған қыздармен ортақ топ құрып, араласып тұрамыз. Олармен алға ұмтылып, бір-бірімізге көмектесіп, ақыл-кеңесімізді айтамыз. Біздің ортада позитив, болашаққа деген сенім, өзімізге деген махаббат, өмірге деген құштарлық пен бір-бірімізге деген сыйластық қана бар”, – дейді  Лауэра Зәкиқызы.


Керісінше, кейіпкерімізге тау қыраны туралы аңыз: оның өз бетінше ескі қауырсындарын жұлып, ескі тұмсығы мен тырнақтарын жарып тастап, ұяда бірнеше ай бойы жалғыздықта өзін-өзі жаңартып, жаңғыртып, уақыт өткен соң жаңа қанаттарын жайып, жаңа өмірін бастауы үлкен мотивация болған. “Мен өзімді дәл сол тау қыранындай елестеттім” дейді Лауэра. 

Оның айтуынша, Қазақстанда ремиссияда жүрген науқастарға оңалту шаралары қарастырылмаған, оған жағдай жасалмаған. Жауапты адамдардың оңалту шараларына көңіл бөлмейтініне қапаланатынын да жасырмады.

“Тағы айта кететін маңызды дүние оңалту шаралары. Қазір қандай екенін нақты айта алмаймын. Бірақ осыдан 5 жыл бұрын ешқандай жағдай жоқ еді. Қатерлі ісікті отамен алып тастаған соң, оң қол болсын, сол қол болсын бұлшық етке әсер етеді. Отадан кейін қол икемге келмей, қозғалта алмай қаласың. Дәрігерлер маған жаттығуларды жасамағанда не болатынын түсіндіріп айтпағандықтан ба, әлде мен де оның салдарын білмеген соң жаттығуларды елемегендіктен бе қолым икемге келмей қалды”, – дейді кейіпкер.

Сөйтіп ол отадан шыққан соң Мәскеуге барып тағы бір тексеруден өтуді жөн көрген. Ондағы дәрігерлер пышаққа түспей-ақ отаны лазермен жасауға болатынын айтады. Мәскеулік дәрігерлер егер отадан кейін арнайы жаттығу жасап, оңалту шараларынан өтпесе өмір бойы қол істемей қалуы мүмкін екенін айтқан. Сонда дәрігер: “Мені сізді биге шақырып тұрған күйеуіңіз деп елестетіңіз. Сіз сұлу әйелсіз. Күйеуіңіздің иығына қолыңызды қойып билеуіңіз керек” деген. Лауэра мәскеулік дәрігердің кәсібилігі мен эмпатиясының нәтижесінде өз бетінше оңалту шараларын қолға алды. Ол дәрігерлер дәл солай науқасты шабыттандырып, үзілген үмітін қайта жалғау керек деп санайды.

“Ремиссияда жүрген адамдарға айтарым: химиотерапия, гормонотерпия омыраудағы ісікті жойғанымен, ішкі құрылысқа орасан зиянын тигізеді. Бұрын болмаған аурулары шығады. Сол себепті әр ем алушы өзіне дәрігермен кеңесе отырып оңалту бағдарламасын жасап алу керек. Климатотерапия, саумал терапия, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салты, физикалық жаттығулар, йога, медитация, дем алу жаттығулары мен таза ауада жүру сияқты емдік шараларды жоспарлаған жөн. Бұл ретте ұйқы мен күн тәртібін сақтау және таза ауыз судың маңызы туралы айта кеткен дұрыс”, – дейді Лауэра ханым.

Қатерлі ісіктен құлан-таза айыққан кейіпкеріміз қазіргі қоғамдағы қазақ әйелдерінің қателігі жайлы айтты. 

“Адамдар болашақта неге қол жеткізетінін ойламайды. Олар нені жоғалтатынын және сол нәрседен айырылғандағы сын-қатерді түсінгенде ғана қорқа бастайды. Денсаулыққа селқос қарайтын әйелдерге айтар үш дүние бар.

Біріншісі, “әйелдің қырық жаны” жоқ. Бір жүрек пен бір жаныңды бағалай алмасаң – өлесің. Сонда орындалмаған армандар, өзіңе деген махаббатың қайда қалады? Алла әр адамды бір миссия үшін жаратады. Сенің миссияң қандай? Еріңе әйел, ата-анаңа қыз, балаларыңа ана ретінде ғана емес, адам, тұлға ретінде қандай өмір сүргің келеді? Осы туралы ойланшы.

Екіншіден, сен дүниеден өтсең өмір тоқтап қалмайтынын ескер. Айналаңдағылар ары қарай өмір сүре береді. Уақыт өте бәрі  ұмытылады, тірі адам тіршілігін жалғастыра береді. Бірақ бәрінен де балаларыңа қиын болатынын біл. Оларға тірі, дені сау, жайнап, жарқырап жүретін бақытты ана керек!

Үшіншіден, біздің өміріміз де, денсаулығымыз да – біздің жауапкершілігімізде. Адамның денсаулығы ең әуелі өзіне керек. Оны қалыпқа келтіріп, емдететін де, ары қарай қолданатын да, игілігін көретін де – өзіміз. 

Сондықтан жұмысқа жауапкершілікпен қарағандай, денсаулығымызға одан асқан жауапкершілікпен қарауымыз керек”, – деп сөзін қорытындылады Лауэра Зәкиқызы.

Омырау обырына қатысты деректерді онколог маман Айнұр Маратқызының өзінен алдық. Маманның айтуынша, омырау обырымен жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады. Аталмыш дерт әйелдер арасында кең таралғанымен, сүт безі қатерлі ісігімен күресіп жүрген еркектер де жоқ емес. Сәйкесінше әйелдер 57%, ер азаматтардың 43%-ы сүт безі қатерлі ісігіне шалдығады. Сүт безі обыры қан айналымы және лимфа жүйесі арқылы дененің басқа бөліктеріне тарайды. 

Еркектерде де сүт безі болады. Олардың бір-бірінен айырмашылығы – тін (ткань) мөлшерінде. 

Ер адамдарда да қатерлі ісік сүт безі тінінде (ткань молочной железы) дамиды. Сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан ер адамның бастапқы кезде кеудесі үлкейіп, емшек ұшынан белгісіз сұйықтық бөлінеді. Ерлер арасында көбіне егде жастағы адамдар сүт безі қатерлі ісігіне шалдығып жатады. Орташа шамамен 59 жастағы ер адамдар сүт безі қатерлі ісігімен ауырады. 

Сүт безі ісігі қатерлі және қатерсіз болып екіге бөлінеді. Айырмашылығы, сүт безі қатерсіз ісігі толассыз көбейе беретін жасушалардан тұрғанымен, олар басқа тіндерге инвазивті түрде тарамайды және метастаз бермейді. 

Сүт безінің бірнеше түрі бар:

  • Фиброаденома;
  • Липома;
  • Папиллома;
  • Киста

Олар адам өміріне айтарлықтай қауіп төндірмегенімен, қолайсыздықтар тудыруы мүмкін. Сол себепті кейде медициналық себептер бойынша ісікті ота арқылы алып тастауға тура келетін жағдайлар болады. Дегенмен сүт безі қатерлі және қатерсіз ісігінің бір мезетте пайда болып, дамуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан мамандар науқас кеудесінде қандай да бір өзгеріс байқаған болса немесе әлденеге күмәнданса бірден дәрігерге көрінуге кеңес береді. 

Онколог маман сүт безі қатерлі ісігінің бар жоғын науқас өзі үй жағдайында да анықтай алатынын айтты. Ол үшін айна алдында қолдарыңызды жоғары көтеріп, төмен түсіріп омыраудың пішініне, өлшеміне мән беріп, сүт безінде қандай да бір түйіндердің жоқтығына көз жеткізіңіз. Қолыңызбен омыраудың жоғары жағынан бастап, төменге дейін жүріп өтіңіз. Бірақ кейде түйіншектердің болуы қалыпты жағдай. Мысалы, етеккірге дейін немесе кейін. Әр омырауды жеке-жеке, қолтық және емізіктің айналасына назар аударған жөн. Қызару, ісіну, бөртпе немесе емізіктен сұйықтықтың бөлінуі сынды өзгерістерді байқасаңыз уақыт созбай дәрігерге қаралған абзал. 

 Десе де қатерлі дерттің алдын алуға болады. Ол үшін маммолог маман ұсынған қарапайым дүниелерді әдетке айналдырыңыз:

  1. Жеміс-жидек, көкөністер мен дәнді дақылдар жеп, диета ұстаңыз;
  2. Майлы және өңделген тағамдардан бас тартыңыз;
  3. Тұрақты түрде физикалық жаттығулар жасаңыз;
  4. Алкогольді ішімдіктен бас тартқаныңыз жөн;
  5. Ұзақ мерзімді гормондық терапияны (HRT) пайдаланудан аулақ болыңыз;

Бұл шаралар дерттен қорғануға толық кепілдік бермегенімен, сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу ықтималдылығын азайтады. 

Маммолог маман сүт безі қатерлі ісігінің тұқым қуалауы мүмкін екенін айтты.

Отбасы мүшелерінің бірінде осындай диагноз қойылғанда аурудың генетикалық бейімділігі жайлы білгіміз келеді. Сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын негізгі генетикалық мутациялар BRCA1 және BRCA2 гендерімен байланысты. Науқаста осы генетикалық мутациялар болса сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу немесе дерттің даму қауіпі айтарлықтай жоғары. Сол себепті науқастың бірінші және екінші дәрежелі туыстары генетикалық тест тапсыру керек. Дегенмен, науқастан генетикалық мутацияның табылуы ол сүт безі қатерлі ісігіне шалдығады деген сөз емес. Сол сияқты BRCA1 және BRCA2 генетикалық мутациясының болмауы науқастың дертке шалдықпайтынына кепілдік бермейтінін ескертеді. Егер сіздің туысыңызда сүт безі қатерлі ісігіне күдікті генетикалық бейімділік болса, генетикалық тест пен сақтық шараларын жасаған дұрыс. Басқа да қосымша ақпарат пен ұсыныстар алу үшін генетикалық кеңесшімен немесе онкологтан кеңес алған жөн”, – дейді Айнұр Маратқызы.

Айнұр Маратқызы “Омырау обырына іш киімнің әсері бар ма?” деген сауалға да нақты жауап беруге тырысты.

“Іш киімнің сүт безі қатерлі ісігінің дамуын немесе асқынуына алып келетінін дәлелдейтін ғылыми зерттеулер жоқ. Алайда іш киімді дұрыс таңдауда оның сапасы мен жайлылығына мән берген дұрыс дейді. Сапалы төстартқыш ыңғайлы әрі омырауға қысым түсірмейді. Тері тітіркенбеу үшін және тершеңдік болмас үшін мақта секілді табиғи талшықтардан жасалған іш киімдерді сатып алу керек. Сондай-ақ төстартқыш өлшемінің де өзіңізге шақ болуы да маңызды”, – дейді онколог маман.

 

Талқылау