Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық полицей қалай суицидтің алдын алуға болатынын айтты

Жыл сайын елімізде мыңдаған адам өз-өзіне қол салады. Оның ішінде полицейлер көптеген суицид жағдайларының алдын алып жатады. Жақында Ақтауда ішкі істер органының қызметкері Каспий теңізіндегі бөгеттен секіріп кеткен қызды ажалдан аман алып қалған еді. Кейін оны төтенше жағдайлар министрлігі ерлігі үшін медалмен марапаттады. Полицей Stan.kz тілшісіне болған оқиға туралы егжей-тегжейлі айтып, суицид жағдайларында адамдарға қандай көмек қолын созуға болатынын айтты. 

Дидар Алғалиев ішкі істер органдарында 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның айтуынша, 20 тамыз күні әріптесі Садық Шыңғыс екеуі түнгі ауысымға жұмысқа шыққан. Осы сәтте Ақтау қаласы жедел басқару отралығынан, яғни 102 пультінен теңіз жағасындағы бөгетте бойжеткен өз-өзіне қол жұмсағалы жатқаны туралы хабар келіп түскен.

“Естіген бойда аталған мекенжайға дереу бағыт алдық. Оқиға орнына барғанша қыз суға секіріп кеткен екен. Еш ойланбастан аруды құтқару үшін суға секірдім. Аллаға шүкір, оны аман-есен судан шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне жеткіздік”, –дейді ол. 

Полиция қызметкері әйелді құтқарамын деп өз басын қатерге тіккенін айтады. 

“Қызды құтқарамын деп суға секіргеннен кейін, теңіз суын үш рет жұтып қойдым. Осы кезде Атырау қаласындағы азаматшаны құтқарамын деп суға батып кеткен полиция қызметкері есіме түсіп кетті. “Біреуді құтқарамын деп өзім суға кеттім бе” деген ой келді. Бірақ дереу есімді жинап алып, қорқынышым тез сейілді. Мақсатым өзім суға кетсем де, суға батып бара жатқан азаматшаны аман есен алып шығару болды. Бір шетінен, кішкентайымнан теңіз жағалауында өскесін, маған қиынға соқпады деп ойлаймын. Оның суға батып бара жатқанын көріп, қарап тұра алмадым”, – дейді ол. 

Сонымен қатар ол полиция қызметкерлерінің мұндай жағдайлармен бетпе-бет келгенде қандай әрекетке баратынын тілге тиек етті. 

“Полицейлер оларды мұқият тыңдап, дұрыс қарым-қатынас жасай білсе, көптеген суицидтік жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтай алады. Сондай-ақ әртүрлі факторлардың адамның мінез-құлқына қалай әсер ететінін түсіну үшін психология мен психиатриядан білімі болса, артық етпейді. Сонымен қатар өз-өзіне қол жұмсағысы келеген адам жарақаттар алып қалса алғашқы медициналық көмек көрсете алуы керек деп ойлаймын. Егер сіздерде осындай жағдай болып жатса, қорықпаңыздар дегім келеді. Себебі бұл – сізге келіп тұрған сынақ. Бастысы, ниетіңізге байланысты. Адам баласын судан құтқарғаным үшін атақ, абырой аламын деген ниет болмау керек. Қандай жағдай болмасын, әрбір адам баласына көмектесуге тырысыңыздар”, – дейді ол. 

Дидар Алғалиев қызметінде қандай жағдай болмасын барлығына дайын жүретінін сөз етті.

“Бұл – қызметтік парызымыз. Қызметімде алғаш рет өз-өзіне қол жұмсағысы келген адамды құтқарып қалдым. Осы жағдай алғашқысы және соңғысы болсын деп тілеймін. Бұндай жағдайлар орын алмаса екен”, – дейді полиция қызметкері. 

Сонымен қатар ол қоғам депрессия мен суицидке бейім адамдарға көмек пен қолдау деңгейін жақсартуға қалай ықпал ете алатыны туралы ойын айтты. 

“Қоғам күйзеліске ұшыраған адамдарға көмектесе алу үшін адамдағы депрессия мен суицидтік белгілерді тануды үйренуі керек. Сондай-ақ кәсіби психологиялық көмекке қол жеткізу қиын болмауы керек деп ойлаймын. Денсаулық сақтау мекемелері және басқа да ұйымдар мұндай қызметтерді қолжетімді ету және депрессиямен ауыратын науқастарды қолдау үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек. Қиын жағдайда адамдар хабарласа алатын желілер мен онлайн чаттарды ұсыну суицидтің алдын алудың шешуші факторы бола алады деген ойдамын”, – дейді Дидар Алғалиев. 

Талқылау