Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Шаршадық, шіріп жатыр": Атырау облысында тұрғындар кәріз суының иісіне шағымдануда

Атырау облысында ықшам ауданның тұрғындары кәріз суының иісіне шағымдануда. 30 жылдан бері тұншығып келеміз деген жұртшылық соның кесірінен ауаға вирус тарап, ауру көбейді деп шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет сюжет кадрларынан скринделген

Айжан Бимурзина бұл тұрғын үйге осыдан тура 30 жыл бұрын көшіп келген. Айтуынша содан бері мәселені тыңдап келген бір де бір шенеунікті көрмеген екен. Айтуынша, кәріз жүйесінен шыққан сасық иістен тіпті ауаға түрлі вирус тарап, жағдайды қиындатқан.

“Сасықтан маска киіп жүреміз, жиіркенгеннен тіпті аузымызға ұшық шығып аурып жатырмыз. Иіс 4-қабатқа дейін келеді. 1,2 қабат шіріп жатыр. Тұру мүмкін емес”, – деді Айжан Бимурзина. 

Ала жаздай сасық иіспен алысқан жұрт әкімдіктегілер шіріген құбырларды жаңартып, қайткен күнде де мәселемізді шешіп берсін деп талап етуде. Бұдан бөлек, бұқараны су мен жарықтың жоқтығы да алаңдатып отыр.

“Шаршадық. Шіріп жатыр. Көп жағдайда ақшаны төлеп өзіміз жасаттық. Оның жартысы істелді, жартысы жоқ. Жазда да иіс келеді. Оның үстіне маса бар”, – деді тұрғын Бәти Өтешова. 

Ал "Атырау Су" арнасындағылар кәріз желілерін тазалап беру біздің міндетімізге кірмейді деп кесіп айтты.

“Тұрғындардың жекеменшік үйлері болған соң өздері КСК арқылы жасатулары керек. Біздің функцияға тазалап беру кірмейді. Біз жасамаймыз. КСК жасаулары керек. Ақшасын соларға төлеп отыр ғой”, – деді "Атырау су арнасы" мекемесінің кәріз желілері станциялары қызметінің басшысы Бауыржан Жұмашев. 

Талқылау