Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Көлік бірнеше рет аударылды”: Қайыңдыда болған апат туралы зардап шеккен туристердің өздері айтып берді

Алматы облысында Қайыңдыға барар жолда туристік екі көлік соқтығысып, салдарынан бір адам қайтыс болды. Оқиғаның қалай болғанын туристердің өзі айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тағы 30 шақты адам жарақаттанған. Олардың арасында шетелдіктер де бар. 

Айнур Кунафин жұбайы және бір жастағы ұлымен Ресейден келген. Өңірдің әсем табиғатын тамашалауды жөн көріпті. Жол апаты салдарынан Айнур мен жұбайы Рада бел мен аяқтарынан ауыр жарақат алған. 

"Тау арасындағы жолсыз жермен жар үстінде кетіп бара жатқан едік. Бір кезде қарама қарсы жолға бір автобус зымырай ұшып келе жатқанын көрдім. Біздің көлік бірнеше рет аударылды. Қатты соққы алдық. Одан кейін ештеңе есімде жоқ. Көзімді ашсам, бәріміз далада жерде жатырмыз. Абырой болғанда кішкентай ұлымыз дін аман”, – дейді турист Айнұр Кунафин.

Айтуынша, оларды Шелектегі ауруханаға апарып, рентгенге түсірген. Кейін жағдайы тәуір-ау деген бір топ адамды Алматы көпсалалық клиникалық ауруханаға алып келіпті. Жол апатына олар автобус жүргізушісін кінәлап отыр. 

"Екінші көлікте болғандармен де тілдестік. Олар жүргізушінің қатты айдағанын айтып шағымданды. Тіпті, кейбіреулері жолай түсіп қалып, басқа көліктерге мініп кеткен екен. Көлікте қауіпсіздік белбеуі де болған жоқ. Бүгін біз елге оралуымыз керек еді. Бірақ жүріп-тұруымыз қиын. Сондықтан әзірге пәтер жалдап осында қаламыз”, – дейді турист Рада Кунафина.

Демалыс орнына екі туристік компаниядан 17-18 адам барған. Көлсайға дейін өз автобуспен, әрі қарай Қайыңдыға сол маңнан арнайы көлік жалдайды екен. Бірақ Қайыңдыға анау- мынау көлік көтеріле алмайды. 

"Қайыңдыға келген кезде біз УАЗиктер деген буханкаларға отырамыз. Біздің УАЗикте 7 адам болды. Жүргізушімен договорда отырмыз. Ол біздің наемный сотрудник емес. Олардан просто услуга алып жатырмыз. Өйткені Қайыңдыға басқа ешқандай машина бара алмайды”, – дейді Banana Tour туристік компаниясының басшысы Ғалия Әбдірахманова. 

"Хабарды естігеннен кейін түнде больницаға бардық. 18 турист болды бізден. Бір адам қайтыс болды. Біздің жүргізуші емес ол, біз оларды жалдаймыз. Туристерге звондап жатырмын, телефонды алмайды”, – дейді Sayahattike туристік компаниясының басшысы Бағлан Бейсембиев.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына кеше 23 науқас жеткізілген. Қазір 9 адам ем алып жатыр. Оның екеуі -Үндістан азаматы. Бүгін төрт адамға операция жасалған. Бұдан бөлек Кеген аудандық ауруханасында бір науқас, Шелек ауылының аудандық ауруханасында 2 адам жатыр. 

Жағдайлары бірқалыпты. Соның ішінде кішкене жағдайы ауыр екі науқас бар. Біреуінің сан сүйегінің сынуы, біреуінің ортан бөлігінің сынуы. Кеше үштен бері операциялар жүріп жатыр. 

Жол апатынан 36 жастағы бір турист көз жұмды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұл істі тергеу барысын облыстық полиция департаменінің басшысы өз бақылауына алды. Туристік компания өкілдері зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетпек.

Еске салсақ, Қайыңдыда туристер мінген екі автобус соқтығысқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Талқылау