Қазақ тілін этносаралық қатынас тілі ету керек: Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматыдағы кездесуде не талқылады?
"Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінде жалпыұлттық бірлік және қоғамдық келісім саласындағы саясат бағыттары талқыланды. "Қоғамдық келісім және ұлттың әл-ауқаты: серіктестік, медиация және экономикалық белсенділік мүмкіндіктері"конференциясына Stan.kz тілшісі қатысып қайтты.
Шараның мақсаты – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының "Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму" атты XXXII сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысын пысықтау.
60-тан астам делегат қатысқан семинарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, этносаралық қатынастар саласындағы маман, ҚР ҒЖБМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Мұхтарбек Шайкемелев және өзге де этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың, Алматы қаласы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының, БАҚ және бизнестің өкілдері қатысты.
Жиында президенті әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Ассамблеяның жүргізіп жатқан жұмыстарына тоқталды.
"Қазіргі қарқынды дамып келе жатқан әлемде елдегі тұрақтылық пен келісім тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогрестің негізгі факторы болып табылады. Сондықтан қоғамда этносаралық диалог пен өзара түсіністік құндылықтарын жүйелі негізде ілгерілету аса маңызды. Ол үшін азаматтық қоғам институттарының белсенді қатысуымен тұрақты жүйелі жұмыс қажет.
Мұндай жұмысты Қазақстан халқы Ассамблеясы жүйелі түрде жүргізіп келеді. Этномәдени бірлестіктер патриотизм мен азаматтық бірегейлікті нығайтуға, қазақ тілін этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде дамытуға бағытталған нақты жобаларды іске асырады" – деді Марат Алмасұлы.
Сондай-ақ, конференцияда этносаралық қатынастарды нығайтуды, медиация мен құқықтық белсенділікті дамыту мәселесі сөз болды.
"Қазіргі кезеңдегі жалпыұлттық бірлік және қоғамдық келісім", "Экономикалық белсенділік қоғамдық тұрақтылық факторы ретінде", "Медиация қоғамдағы қақтығыстардың алдын алу құралы ретінде" атты үш блоктан тұратын семинар барысында тұрақты экономикалық өсімді ынталандыруға негізделген үйлесімді қоғам құруға жәрдемдесудің жолдары да көптің талқысына түсті.
"Әлемдегі соңғы оқиғаларды ескере отырып, қазіргі әлемде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының жетістігі этносаралық келісім мен халықтың бірлігіне байланысты деген сенім күшейе түсуде. Көпұлтты Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі – этносаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту, мемлекетіміздің біртұтас халқын біріктіретін ортақ құндылықтар мен мүдделерді қалыптастыру. Бұл маңызды міндет күн сайын тәжірибеде жүзеге асырылуы керек. "Қоғамдық келісім және ұлттың әл-ауқаты: серіктестік, медиация және экономикалық белсенділік мүмкіндіктері" атты конференция алда тұрған осындай ауқымды істерді нәтижелі атқаруға мұрындық болатын бірден-бір басқосу" деді Түркіменстан этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Гүлнар Аннакулиева.
Көпұлтты мемлекетіміздегі ең басты құндылықтың бірі – елімізді мекендеген қаншама ұлт пен ұлыстың ынтымағы мен бірлігі екендігі сөзсіз. Алматы қаласы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыратын әрбір іс-шарасы осынау ұлы мақсатқа ұйысатынын атап өту керек.
"Конференция әр тарап жағынан үздік тәжірибелерімен алмасу алаңына айналды. Қатысушылар қоғамдағы қақтығыстардың алдын алу құралы ретінде жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің, экономикалық белсенділік пен медиацияның маңызды мәселелерін талқылады", – дейді "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесінің жетекші маманы Айнұр Жақыпова.
"Бүгінгі таңда креатив индустрия жақсы дамып келеді. Бұл үдеріс халқымыздың тарихи-мәдени мұраларын, қоғамды ортақ идеялар төңірегіне топтастыруға ықпал ете алады. Ал қоғамда интермәдени және толерантты құндылықтарды дәріптеуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. БАҚ, әсіресе, қоғамдағы қақтығыстар мен араңдатушылықтың алдын алуда ерекше маңызды. Бұл мәселеде, әрине, медиацияның мүмкіндігінен пайдаланғанымыз жөн. Қазір дау-дамайлардың сотқа жетпей шешілуі – азаматтардың құқық мәдениетінің дамығанын көрсетеді.
Сол арқылы Әділетті Қазақстанның жаңа қоғамдық этикасының қалыптасып жатқанын көруге болады. Мұның өзі Қазақстан Халқы Ассамблеясының жүйелі жұмысының бір көрінісі десек болғандай" деп сабақтады сөзін "Уйғур авази" республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ершат Асматов.
Этносаралық байланысқа әсер ететін жағдайларды сараптаудың, мәдениет және медиа саласында бейбітшілік пен келісім құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығын көрсеткен бұл іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасатын табатыны сөзсіз.
Гүлмира САДЫҚ