"Құжатсыз да тегін көмек береміз": Алматы қаласындағы "Мұзбалақ мүгедектер қоғамдық бірлестігі" қиын жағдайдағы жандарды қабылдайды
Алматы қаласындағы "Мұзбалақ" мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігі бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетеді. Мұнда қажеттілігі бар алайда оны анықтайтын құжатын ала алмай жүргендер мен өмірлік қиын жағдайда перзенттері ауруға шалдыққан ата-аналар да көмек ала алады. Бірлестік басшысы 27 жастағы Армангүл Болатжанқызы бұл қорды ашудың оңайлыққа соқпағанын айтады. Ешкімге ауыртпалық салмай қоғамға пайдамды тигізсем деп жүрген бойжеткен Stan.kz ақпарат агенттігіне қор жұмысы туралы айтып берді.
Армангүл бұл бірлестікті тізгіндеп жүргеніне үш жылдай уақыт болғанын айтады.
“2020 жылдан бері жұмыс жасаймыз. Орталығымыз кішігірім. Әрине басында мұндай орталықты ашу оңайлыққа соқпады. Дегенмен басты мақсатым балаларға пайдамды тигізу болды. Себебі өзімнің басымда да сондай жағдай. 1-топ мүгедегімін. Кезінде өзіме де көмек керек кезде барып қолдау алатын оңтайлы орталық таппадым. Барғым келген орталықтарда әркез біресе тіркелген жеріңді, біресе, мүгедектік туралы анықтаманы сұрайтын. Тіпті диагнозың келмейді деп көп есіктер жабылған болатын. Сондықтан қазір мен басқарып отырған орталықта мұндай шектеулер жоқ”, – деді бірлестік басшысы.
Армангүлдің айтуынша мұнда әртүрлі қызметтер тегін түрде көрсетіледі. Қажетті мамандар да бар. Атап айтқанда массаж, психолог, логопед, одан бөлек, балалардың дамуына арналған әртүрлі үйірмелер де бар екен.
“Біз туралы келушілер инстаграм желісінен біліп жатады. Одан бөлек, өзіміздің базамыз бар. Сол жерден ата-аналарды іріктеп, кезекпен көмек көрсетеміз. Әр бала келген сайын тегін емдік шараларын алады. Бүгінде түрлі процедуралар мен массаждар өте қымбат қой. Бұларға көп ата-аналардың қалтасы көтере бермейді. Табыстары бәріне жетпеуі мүмкін. Сондықтан біз барлық процедураларды тегін жасаймыз”,- деп қосты ол.
Бірлестік басшысы орталық тек балаларға ғана емес перзенттері үшін алаңдап қажыған ата-аналарға да түрлі қызмет көрсететінін алға тартты.
“Бізге көп балалар аутист диагнозымен келеді. Олар бұл диагнозбен мүгедектігін растайтын құжатты кеш алып жатады. Ал біздің өзге ұйымдардан ерекшелігіміз де сол мүгедектігін растайтын құжат болмаса да көмек қажет жандарды қабылдаймыз. Бізге 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар келеді. Одан бөлек ата-аналарға да қолдау береміз. Себебі бізде балаларға қарағанда ата-аналармен жұмыс істеген кішкене қиындық тудырады. Оларға да психологиялық тұрғыда оңай емес. Сол үшін әртүрлі мамандарды шақырып, психолог мамандарымен, өзіміздің мамандармен түрлі тренингтер ұйымдастырып тұрамыз”, – деді Армангүл.
"Мұзбалақ" мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігі бүгінде демеушілердің қолдауымен жұмыс істейді. Бірлестік басшысы осы тұста мемлекетке масыл болмай, өз бетінше жұмысты алға жылжытуды шешкенін айтады.
“Негізі бізге де мемлкекет тарапынан қаржыландыруға қатысуға болады. Алайда айтып кеткенімдей қоғамдық бірлестік құжаты болмаса да көмекке мұқтаж мүгедек жандарды қабылдайды. Ал егер тендер мен мемлекеттің қаржыландыруын алатын болсақ, онда бізге есеп беру қажет болады. Сәйкесінше, келушілерімізден де барлық құжаттар талап етілмек. Мұндай жағдайда белгілі бір себептермен құжат ала алмай жүрген көмекке зәру жандарға кім көмек қолын созады? Оның үстіне елдегі экономикалық жағдайды да жақсы біліп, бәрін түсініп отырмыз. Өзіміздің күшімізбен қозғалуды жөн көреміз. Жалпы өзім мүгедектік қалге түскен кезімнен біреуге масыл болғым келмейтін. Бауырларыма да отбасыма күш салуды жөн көрмейтінмін. Енді қор ашқанымда да мемлекетке масыл болып, міндеттегім келмейді. Бұл жұмыс елге көмек ретінде жасалып жатыр. Яғни халқымызға қандай да бір қол ұшымыз тиюі үшін”, – деп қосты ол.
Армангүл алдағы уақытта орталықты кеңейтіп ашып, тағы да мамандарды жұмысқа алуды жоспарлайтынын айтады.
“Біздегі мамандар ақша үшін жүрмейді, бізге маңыздысы нәтиже. Қазір жұмысымыз жақсы жүріп жатыр. Орталықта қазір ғимаратымыздың сыйымдылығына сай 30 бала емдік шараларын алып жатыр. Бізде белгілі бір уақыт шектелмеген. Қажет кезінде келіп емді ала берсе болады. Тек массажда ғана үзілістер болып тұрады. Себебі бұл процедураны үздіксіз жасауға болмайды. Одан бөлек бірлестігіміз ай сайын 20-30 жағдайы төмен отбасыларға киім кешек, азық-түлікпен де қолдау берумен айналысады”,- деді бірлестік басшысы.
Армангүл мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсы түсінетінін айтады. Ол осы бірлестікті ашу үшін 9 айдай құжаттарын реттестіріп, асыға күткен.
"Мұзбалақ" мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінде емдік процедуралардан бөлек, балалар вокалға, қолөнер, сурет салу сияқты түрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Орталық кәсіпкерлердің демеушілігімен азық-түліктен бөлек, жағдайы төмен отбасыларға мектеп формасы бойынша да қолдау көрсеткен.