Қазақстанда 2037 жылдан бастап оқу гранттары жойыла ма – Министрлік өкілі жауап берді
Бұған дейін БАҚ-та 2037 жылдан бастап білім гранттары жойылады деген ақпарат тараған еді. Дегенмен ғылым және жоғары білім министрлігі мұны жоққа шығарып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Sputnik Қазақстан агенттігі шамамен 2037 жылдан бастап мемлекет "Келешек" жаңа ерікті жинақтау жүйесін пайдалануды ұсына отырып, мемлекет білім беру гранттарын бөлуді тоқтатады деп хабарлаған еді. Жоғары білім министрлігі бұл бағдарлама ата-аналарға ЖОО-да оқуға қажетті соманы өз бетінше жинауға мүмкіндік береді деп санайды деген болатын.
"Қазақстанда туудың қазіргі деңгейі сақталған жағдайда 2040 жылға қарай гранттар бөлуге арналған бюджет шығыстары 29,1 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. Егер "Келешек" жинақтаушы жүйесі енгізілсе, онда 2036 жылға дейін шығыстар көлемінде үлкен өзгерістер болмайды. Қосымша қаражат тек бастапқы капитал мен мемлекеттік сыйақыларға қажет болады. Осылайша, егер 2037 жылдан бастап гранттар бөлу тәжірибесінен бас тартсақ, жыл сайын 2 трлн теңге үнемдеуге мүмкіндік туады", - делінген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің агенттікке берген жауабында.
“Келешек” жинақ қорына ата-аналар бес жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін ай сайын төлем жасай алатын көрінеді. Жарна мөлшері – 1-3 АЕК (бүгінгі күні 3 450-10 350 теңге).
Мемлекет өз тарапынан:
- біржолғы бастапқы капиталға ақша құюға 60 АЕК (қазір 207 мың теңге);
- арнайы депозитке ай сайын жеті пайыздық сыйақы беруге (бұл банктік сыйақыдан жоғары);
- Бала 18 жасқа толғаннан кейін Ұлттық қордан қаражат аударуға уәде берген.
Министрліктің есептеулеріне сәйкес, жалпы 18 жасқа қарай депозитте 3,8 млн-нан 6,8 млн теңгеге дейін қаражат жинақталуы тиіс. Егер 18 жасқа толуына орай жинақталған сома ЖОО-да оқу ақысын төлеуге жеткіліксіз болса, 2-3% жеңілдікті кредит алуға немесе сараланған грант алуға болады. Оның мөлшері ҰБТ нәтижелеріне байланысты болады және оқу құнының 30-100%-ын жабады. Міне осы себепті де білім гранттары жойылады және қысқарады делінген.
Дегенмен жақында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еңбек күніне арналған форум аясында "Қазақстанда гранттар саны жойылады" деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл сөзді көпшілік дұрыс түсінбеген.
“Бұл – қате ақпарат. Гранттар саны сақталады. Мемлекеттік тапсырыс бізге керек. Ол біздің мемлекетіміздің негізі әлеуметтік функциясы. Қолжетімділікті біз сақтаймыз. Біздің менталитетіміз сондай ғой. Малыңды сатсаң да жоғары оқу орнына түсуің керек. Бірақ сонымен қоса біз қанша гранттардың санын өсіре берсек те өкінішке орай демографияға жете алмаймыз. Біздің де ресурстарымыз шектеулі. Сондықтан бұнымен қоса келесі жылдан бастап көптеген жастар жоғары білім оқысын деген мақсатта жинақтаушы форматқа көшеміз. Қазір кездегі 60%-ды сақтап қалу үшін гранттардың да санын көбейте береміз. Онымен қоса жинақтаушы жүйе де болуы керек. Грантқа ілініп кетсе керемет сол жинақтаған ақшаны пәтер алу үшін жұмсауға болады. Осыны заңды түрде қарастырып жатырмыз. Егер ілінбесе жинақтаған ақшасын оқуға төлей алады. 5 жастан бастап ақырындап 3500 теңгеден сала берсеңіздер болады. Бұл ең минимальды сома. Грант азаяды деген күннің өзінде мемлекеттік тапсырыс сақталады”, – деген еді министр.
Осы тұста біз ақпаратты нақтылау мақсатында ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып көрдік.
“Грант саны қысқармайды. Жылда қалай бөлінеді. солай қалады. “Келешек” қорын ашу бастамасы демографияның өсуіне байланысты қолға алынып отыр. Көріп отырғанымыздай елімізде соңғы бес жылда беби-бум жағдайы орын алды. Сонымен қатар ешкім ата-аналарды “Келешек” қорын ашуға мәжбүрлемейді. Әркім өз қалауымен ашады”, – деді ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев.