«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Еңбек күні қарсаңында үздік қызметкерлерін марапаттады
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ елімізде қыркүйек айының соңында аталып өтілетін Еңбек күні қарсаңында қызметкерлерін құттықтады. Салтанатты жиында компанияның отыз алдыңғы қатарлы өндіріс қызметкеріне естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Қазақстанда Еңбек күнін мерекелеу жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде көптеген кәсіпорындарда, еңбек ұжымдарында аталып өтіледі. Қызметкерлер адал еңбегі, кәсіпқойлығы, қызметтік міндеттерін сапалы және жауапкершілікпен атқарғаны үшін марапатталады. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ да өз қызметкерлерін елеусіз қалдырмады.
"Осы мерекеде сіздердің мамандықтарыңыз "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасының ажырамас бөлігі екендігін атап өткім келеді. Жұмыстарыңызға табыс, амандық пен жақсылық тілеймін!", – деді Қазақстан АрселорМиттал Теміртау компаниясының HR директоры деді Елена Винокурова.
Салтанатты рәсімде кәсіпорынның 30 қызметкеріне алғыс хаттар табыс етілді. Олар өз бөлімшелерінің үздіктері ретінде марапатталды. Солардың бірі – "АрселорМиттал Теміртау" АҚ "ТАА" ЖШС 4-разрядты арнайы киім учаскесінің тігіншісі Гүлзия Авдикерім.
"Еңбегімнің бағаланғанына өте қуаныштымын. Мұнда 20 жыл жұмыс істеп келемін. Мен үшін ең бастысы әрқашан орындалатын жұмыстың сапалы болуына жауапкершілікпен қарау. Бұл менің мақтау қағазын алған отыздықтың қатарында болуыма көмектесті деп ойлаймын", - деді Гүлзия Авдикерім.
Еңбек күніне орай ұйымдастырылған бұл іс-шараның негізгі мақсаты кәсіп иелерінің мәртебесі мен беделін арттыру. Осы шарада "АрселорМиттал Теміртау" АҚ 6-разрядты автокран жүргізушісі Владимир Прищепов та алғыс хат алды.
“Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздер үздіктердің қатарындасыздар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Бейбітшілік пен барлық жақсылықты тілеймін”, – деді "Жақтау" кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Марат Жақсыбеков.
Еңбек күні сияқты мерекелер отбасындағы еңбекқорлықты жаңғыртуға ықпал етіп, өнімділікті арттырады. Бұл өз кезегінде кадрлар қажет ететін мамандықтарға жастардың назарын аударады.